«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қалай іске асуда?
Атырауда зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың саны артуда. Осы орайда, «мұнайлы астананың» сәулеті мен дәулеті, құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны, қаланың келешек келбеті және өзге де мәселелер төңірегінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Биылғы жылға жоспарланған құрылыс нысандары қандай?
– Атырау қаласында биыл алты әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қала маңында мың орындық төрт мәдениет үйі, Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледж студенттеріне арналған жүз орындық жатақхана, Тасқала селосында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап, Томарлы селоларында жаңа мәдениет үйлері ашылады. Қаладағы 27 мектептің жанынан спорт алаңдары мен Еркінқала селосында спорт нысанын, Балықшы, Кеңөзек, Дамбы, Атырау селолық округтерінде алты спорт залы мен жасанды төсемі бар төрт футбол алаңын салу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда.
Сондай-ақ, қала алаңдарын абаттандыру мен демалыс саябақтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір Исатай-Махамбет орталық алаңын жаңғыртуға, Жайықтың оң жағалауынан демалыс орнын салуға құжаттар қаралып, мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Атырау қаласында жеті субұрқақтың құрылысы басталады. Бұл нысандар кездейсоқ таңдал-ған жоқ, халықтың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жүзеге асырылуда.
Ал, облыс бойынша жергілікті қазынадан 13 мектепке дейінгі және 18 білім беру нысаны бойынша сараптама қорытындысы алынуда. Тағы 25 нысанның құжаты жасалмақ. Қазір сегіз денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, тағы 12-сі кезекте тұр. Барлығы 2500 орындық 11 мәдениет үйі тұрғызылып жатыр. Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл селосында 300 орындық мәдениет үйі, тарихи-өлкетану мұражайы және Сарайшық ауылында қонақтарға арналған орталық ашылмақ. Атырау қаласында жаңа Достық үйі құрылысының құжаттары әзірленуде.
«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатымен Жылыой ауданының Майкөмген селосында жүз орындық балабақша, «Шеврон» компаниясының қаржысына Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында оқушылар мен жастар сарайының құрылыстары басталып кетті. Сол сияқты, 1420 орындық бес балабақшаның құрылысы жоспарланған.
Индербор кентінде кәріз-сорғы бекеті мен кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Облыс орталығының Самал ықшамауданынан өрт сөндіру депосы салынуда. Атырау қаласының сол жақ жағалауында, Доссор кентінде, Аққыстау ауылында кәріз-тазарту ғимараттарының құрылысы басталды. Осындай жұмыстар Мақат ауданы орталығында да жоспарланып, бес ғимараттың құжаттары жасақталуда.
– Көпшілікті құрылысы ұзаққа созылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен №5 су тазарту қондырғысы мазалайды. Қазір бұл мәселе шешімін тапты ма?
– Облыс аудандарында осындай он полигон салу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасалу үстінде. Жылына 150 мың тонна қоқыс қабылдауға есептелген полигон салу жөніндегі келісім-шарт құны – 42 млн. теңге. Ол арқылы қоқысты сорттауға, сақтауға және органикалық қалдықтарды көміп тастауға мүмкіндік туады.
Ал, Атырау қаласындағы №5 сүзгі стансасына келер болсақ, кешенді инженерлік-техникалық зерттеу барысында жобалаудағы қателіктер анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарында газ-поршенді электр стансаларының істен шыққаны белгілі болды. Бүгінде оларды қайта жандандыру бағытында құжаттама дайындауға 35 млн. теңге бөлініп, жобалаушы ұйым ретінде «ҚарағандыГипроШахт» ЖШС бекітілді.
– Еліміздің бірқатар қалаларында тұрғын үйге қатысты үлескерлер мәселесі жиі туындайды. Атырауда мұндай проблема бар ма? Осы орайда, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қалай іске асуда?
– Аймақта өткен жылы мемлекет пен демеуші құрылымдар тарапынан жалпы ауданы 135,7 мың шаршы метрлік 2007 пәтерлі 37 көп қабатты үй тұрғызылды. Былтыр пайдалануға берілген үйлер алдыңғы жылға қарағанда 24,7 пайызға көп (575,5 мың шаршы метр). «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін барлық қажетті шаралар алынатын болады.
Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үймен айналысуға ынталандыру және ипотекалық несие беру қолжетімділігін арттыру мақсатында жергілікті әкімдікпен өңірлік үйлестіру кеңесі құрылды. Нәтижесінде, жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау жөнінде екі жоба мақұлданды. Біріншісі – «АВЕ&К» ЖШС-нің жалпы ауданы 2,6 мың шаршы метр 50 пәтерлік тұрғын үй жобасы. Екіншісі – «Болашақ-Т» ЖШС-нің жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метр 80 пәтерлік үй.
Атырау қаласы бойынша «БанкЦентрКредит» АҚ-нан 150,7 млн. теңгеге 16 сұраным, «Сбербанк» АҚ-нан 30 млн. теңгеге екі сұраным келіп түсті. Барлық қарыздар мақұлданды. Бүгінде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ы екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, тұрғындарды ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға шақырады. Бұл бағытта жалпы ауданы 92,3 мың шаршы метр болатын 1332 пәтерлік 24 көп қабатты үй құрылысы аяқталды.
Осы ретте, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары да назардан тыс қалмайды. Олар үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру мақсатында 135,6 мың шаршы метр, 675 пәтер болатын 13 көп қабатты үй салынды. Биыл да 288 пәтерлік төрт үй құрылысына республикалық бюджеттен 1562,5 млн. теңге қарастырылған.
– Қоршаған ортаны қорғау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Облыс аумағында Жайық пен Қиғаш өзендерін суландыру бойынша жұмыстар басталды. Ол биыл республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. Сөйтіп, Құрманғазы ауданының елді мекендерін су тасқынынан қорғау мақсатында Қиғаш өзегіндегі дамбыларды қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
«Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасы бойынша былтыр басталған жұмыстар 2020 жылы аяқталмақ. Жоба құны – 2,2 млрд. теңге, мердігер мекеме – «Павлодар өзен порты» АҚ. Қазір республикалық бюджеттен бөлінген 500 млн. теңгеге ұзындығы 23,509 шақырым өзен арнасын тереңдету жұмыстары мен 16,9 шақырым жаңа арна құрылысы жоспарланған. Бас жобалаушы – «Уралводпроект», техникалық қадағалаушы – «Астана Технадзор» серіктестіктері. Былтыр қаралған 49,2 млн. теңге толық игеріліп, енді жер бөлу жұмыстары қалды.
Екіншіден, 150,7 шақырым Қиғаш өзенінің арнасын тереңдету арқылы мелиорация жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – Ганюшкин және Жарқосы арналарында (Шароновка өзені) балық қорын сақтап қалу және ұлғайту, олардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, қолайлы жағдай туғызу. Жобаның жалпы сметалық құны – 5, 6 млрд теңге, бас жобалаушы – «Уралводпроект» ЖШС. Мердігер – «Павлодар өзен порты», техникалық қадағалаушы – «Рубин С.Т.С» мекемелері. Құрылысқа республикадан 1 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бүгінде келісім-шартта көрсетілген 49, 2 млн. теңге толық игерілген.
Махамбет ауданында ормандар мен аңдар әлемін қорғау жөніндегі мекеме үшін машина-трактор паркі және орманды өрттен қорғау стансасы үшін әкімшілік кеңсе салынды. Бұл жұмыстар Индер, Құрманғазы аудандарында жалғасын табуда. Ал, Индер ауданында «Алғабас-жорық» каналын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Сондай-ақ, Атырау қаласында 35 тондық түп тұнбасын құрғату стансасын салуға құжаттар жасалып жатыр.
– Бұдан өзге тағы қандай құрылыстар жобаланған?
– Атырау қаласы мен Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары және Ішкі істер департаментінің ғимараты салынуда. Жол-патрульдік полициясына, «Рубеж» жүйесінің төрт стационарлық жаңа бақылау бекеттеріне ғимарат салу жұмыстары жоспарлануда. Биыл облыстық әкімдік ғимараты да қайта жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, Тутұғыр құрылысы жоспарлануда.
Үстіміздегі жылы Береке мен Нұрсаяда жалпы ауданы 234,5 мың шаршы метр немесе 4638 пәтерлік 43 көп пәтерлі үйдің құжаттамасы жасақталды. Былтыр 1512 пәтерлік 21 несиелік, 288 пәтерлік төрт жалға берілетін көп қабатты үй құрылысы басталды. Жалға берілетін 14 үйдің құрылысына қатысты тендерлік рәсімдер жүргізілуде.
Бекітілген бас жоспарға сай, Талғайраң, Ақжар ауылдары бағытында жаңа ықшамаудандар құрылысы жоспарлануда. Осыған орай, ауданы 361,78 гектар болатын жер телімі игерілуде. Бұл учаске бес кезеңге бөлінген, біріншісі бойынша алаңы 45,02 гектар учаскеде 320,6 мың шаршы метр 5568 көп пәтерлік 70 үйдің құжаты дайындалуда.
Жолдау жолдарынан:
Бесінші міндет. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.
Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.
Амандық Cағынтайұлы