Нұрлан Ноғаев жаңа сақтандыру жүйесін тұрғындарға мықтап түсіндіруді тапсырды
Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев қарамағындағыларға келер жылы енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тұрғындарға түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұл бүгін облыстық әкімдікте өткен кезекті жұмыс отырысында белгілі болды.
Баяндама жасаған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиева азаматтардың мәртебесін анықтау жұмысының қарқынды екенін, тұрғындарға жаңа жүйенің жұмысы соның аясында барынша түсіндіріліп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, мәртебесі белгісіз болған 130 000 азаматтың 99,6 пайызының мәртебесі қазір анықталған.
Нұрлан Ноғаев жиын соңында қарамағындағыларға келер жылы енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмысын күшейтуді, халық арасында қандай мәселелер бар екенін зерттеуді тапсырды.
«Жаңа жүйені тұрғындарға түсіндіру жұмысын үдету қажет. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгенше халық арасында қандай сұрақтар, қандай мәселелер бар екенін зерттеп, анықтап алыңыздар. Жүйелі түрде шешуді қажет ететін сұрақтар болса, оны министрлікке дер кезінде жеткізіп мәселенің алдын алуымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Айта кетелік, келер жылы Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастайды. Жаңа талап бойынша жұмыс берушілер мен өзін-өзі қамтып отырғандар әлеуметтік қорға ақша аударып отырады.
Ал, әлеуметтік аз қамтылғандар: балалар, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, зейнеткерлер мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер, айыбын өтеушілер үшін мемлекет ақша бөледі. Әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері де мемлекет есебінен тегін көмек алады.
Жаңа жүйе Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеріп, қызмет көрсету сапасын жақсартады деп жоспарланған.