Нұрлан Ноғаев: «Тұрғындар мәселелерін басшылармен тікелей шеше алуы керек»
Жылыой ауданында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, әлеуметтік саланы дамыту мәселелері талқыланды. «Жиын барысында Атырау облысының әкімі әлеуметтік мекемелердің басшыларының тұрғындармен кері байланысы дұрыс орнатылмағанына алаңдаушылық білдірді» деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаған кезде бізге мектеп, балабақша директорларының жұмысына, медициналық мекемелердің қызметіне шағымданып жатады. Тұрғындар мәселелерін басшылармен тікелей шеше алмайды. Бұлай болмауы керек, — деді Атырау облысының әкімі.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір барлық мемлекеттік органдардың басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер брифингтерге қатысады, телеарналарда сөйлейді, ақпан айынан бастап әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы халыққа есеп береді. Соған қарамастан тұрғындармен – ата-аналармен, оқушылармен, спортшылармен, сырқат пациенттермен, зейнеткерлер, мүгедектермен тығыз байланыста жұмыс істейтін барлық ведомстволық бағынышты ұйымдар өз беттерінше қызмет атқарады.
— Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс механизмін жолға қою туралы тапсырмасы бары баршаңызға белгілі. Осыған байланысты мен облыстағы бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейтін барлық әлеуметтік мекемелердің басшыларына айына бір рет Ашық есік күнін өткізуді тапсырамын,-деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Атырау облысындағы барлық әлеуметтік мекемелер үшін бірыңғай Ашық есік күнін өткізу концепциясын дайындауды тапсырды. Атырау облысы әкімінің пікірінше, Ашық есік күні аясында аймақ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарды қоюмен шектелмей, кеңестер алады. Мектеп, балабақша, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет мекемелерінің қызметіне қатысты ұсыныстарын айта алады, бұл өз кезегінде әлеуметтік мекемелердің алға қарайғы жұмыстарына оң өзгерістер әкеледі.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.