НҰРЛАН НОҒАЕВ АТЫРАУЛЫҚ ӘЙЕЛ АЗАМАТТАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жаңалықтар

Atr.kz/8-наурыз, 2019 жыл.Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев анаға деген ізет қашанда жалғасу керек екендігін айтты.

Құрметті атыраулық аналар, арулар!

381A1833 1

Сіздерді көктемнің көркем мерекесі – 8 наурыз, Әйелдердің халықаралық күнімен шынайы құттықтаймын! Тарихи дәстүрі бар, жаңа кезеңде өзін жоғалтпай, тәуелсіз Қазақстанның төл мерекелерімен бірге мемлекеттік мереке ретінде белгіленген бұл мейрам – қазақстандық әйелдердің қоғам өміріндегі айрықша ролінің куәсі, мемлекетіміздің әйелге деген қамқорлығының нышаны. Мейрамның негізгі мәні – ананы ардақтау, әйелді құрметтеу. Бұл ұлтымыздың сан ғасырлық дәстүрімен сабақтасып жатыр. Қазақ халқы қашан да әйел затын қастерлеп келген. Ұлттың болашағы өскелең ұрпақ десек, сол ұрпақты дүниеге әкелетін, мәпелеп өсіретін – әйел. Сондықтан, бабаларымыз әйелдің жағдайына ерекше көңіл бөлген. Соның арқасында, өнерімен тамсандырған, ел басқарып, аты шыққан, жерін қорғап, ерлігімен таңғалдырған талай азаматшалардың есімдері ұлт тарихында ойып орын алды. Тұмар ханша мен Айғаным, Сара мен Күләш, Мәншүк, Әлия, Хиуазымыз – бұлар жадымызда мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге болатын тұлғалар.

Бүгін осы дәстүрімізді сақтап, жаңаша жаңғыртуымыз қажет. Әсіресе, анаға деген ізетіміз бөлек болсын. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», – дегендей, біз анаға мәңгі қарыздармыз. Айта кетейін, бұл – тек жеке адамның көзқарасы емес, мемлекетіміздің ұстанымы. Ұрпақ тәрбиешісі анаға деген қамқорлық – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Бір ғана дәлел – таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Президентіміз көп балалы отбасыларға, аналарға қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Біздің өңірімізде де бұл бағытта нақты шаралар алынып жатыр.

Қадірменді аналар, арулар! Өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген сіздерге ыстық ықыласымды білдіремін.

«Гүл – жердің көркі, қыз – елдің көркі» деген екен дана халқымыз. Шын мәнінде, бүгінде біздің ару қыздарымыз қоғам өмірінің қай саласына да белсене араласып, өздерінің талантымен, білім-ойымен, қажырлы еңбегімен өңірімізді гүлдендіріп, өмірімізді әрлендіріп жүр. Ең бастысы, Сіздер ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің ертеңін айқындап отырсыздар. Ендеше, сіздерге деген ізетіміз – болашаққа деген үмітіміз. Сіздерге зор денсаулық, өмірде табыстар, істеріңізге сәттілік тілеймін! Отбасыларыңыз әрдайым қуанышқа толып, ырыс-береке арылмасын. Мереке құтты болсын!

Нұрлан НОҒАЕВ, Атырау облысының әкімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз