«Нұр отанмен» бірге – нұрлы болашаққа!
Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған «Нұр Отан» партиясының азаматтық қоғамда орны бөлек. Халықтың сенімді саяси ұйымы бола білген «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының XXIII есеп беру-сайлау конференциясында 2015-2016 жылдары атқарылған жұмыстар сараланып, қорытынды есебі тыңдалды. Жиынға партия хатшысы Қаныбек Жұмашев пен облыс әкімі, аймақтық филиал төрағасы Нұрлан Ноғаев бастаған барлығы 250 делегат қатысты.
Мақсат айқын, жауапкершілік зор
«Құрманғазы» мәдениет сарайында өткен жиында аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев еліміздің қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғарғы халықаралық беделге ие болуында «Нұр Отанның» да алар орны ерекше екендігін баса айтты.
— Ұдайы халықтың ортасынан табылып, сенімін ақтауға тырысқан «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – партияның болашаққа бағыт сілтейтін темірқазығы. «Нұр Отанның» кезектен тыс өткен ХVІІ съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы да осы құндылықтарды көздейді.
Күні бүгін өңірімізде партияның 32 мыңнан астам мүшесінің басын біріктірген 136 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасап келеді. Нақты істер партиясы принципі бойынша олардың жұмыстарының тиімділігі артып, сайлауалды тұғырнама атқарушы билік жұмысының негізгі критерийлерінің біріне айналды.
Партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуына бақылау жасауды «нұротандықтарға» тапсырды. Облыстағы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде бөлінген инвестициялар өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беруде, — деп аймақ басшысы өңірде атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Атап айтқанда, «Өзіңнен баста!» акциясы барысында мемлекеттік органдар басшыларының, мемлекеттік қызметшілердің табыстары мен мүліктері туралы мәлімет жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялану дағдысы өз кезегінде халықтың оларға деген сенімін арттырды.
Ал, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасына сәйкес, қазір 16 жекеменшік және шетелдік емханалармен ардагерлерге дәрігерлік қызмет көрсету бойынша өзара ынтымақтастық меморандумдар жасақталған. Облыс бойынша барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тегін коммуналдық қызметтер көрсетілуде. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, осы мерзімде жеті соғыс ардагері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
— Биыл партия төрағасы Ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балл жинай алмаған және оған қатыспаған мектеп түлектерінің мәселесін көтеріп, оған бақылау жасауды «Нұр Отан» партиясына жүктеген болатын. Облысымызда «Жалын», «Арнаулы автобаза» және тағы басқа бастауыш партия ұйымдары «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында 28 түлекті өз қамқорлығына алды. Мысалы, кәсіпкер, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Жұмажан Шакупов білім сынағынан сүрінген 12 жасты өзі басқаратын «Каспий-Балық» өндірістік кооперативіне жұмысқа орналастырды.
Есепті мерзімде «нұротандық» кәсіпкерлер мен депутаттар тарапынан «Мектепке жол», басқа да акциялар кезінде аз қамтылған, көп балалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына қолдау көрсетілді. Бала жастан мүгедек 13 баланы шет елде емдетуге көмек сұраған мұқтаж отбасыларына филиалдардың бастамасымен және фракция мүшелерінің қолдауымен 4 миллион 800 мың теңге қаржылай демеу көрсетілді. Партияның ұйымдастыруымен Манчестер, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеттерінде және Атырау медицина колледжінде оқитын аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттерге шетелдік компаниялар оқу ақысын төлеуге қол ұшын берді.
Партия филиалы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлескен меморандум шеңберінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарының өтініштерін қарауда интернет жүйесі мүмкіндігін пайдалануды қолға алды. Нәтижесінде, Индер, Құрманғазы, Жылыой аудандары елді мекендерінің тұрғындары арнайы келмей-ақ байланысқа шығып, толғандырған мәселелері бойынша мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары мен облыстық мәслихат депутаттарынан тікелей жауап алуға мүмкіндік берілді, — деді аймақ басшысы.
Шараның күн тәртібіне сай партия филиалының саяси кеңес бюросы мен кеңес құрамы да бекітілді. Ал, бақылау-тексеру комиссиясының жұмысы туралы оның төрағасы Нұржан Мұхамбетқалиев баяндады.
— Облыс бойынша өткен жылы 136 бастауыш партия ұйымында мүшелер саны — 25 345 адам, соның ішінде, жаңадан қабылданғандар — 934. Жылдық жарна төлеу жоспары 37 676 теңге болып белгіленіп, жыл қорытындысында 101,3 пайызға орындалды. Ал, ағымдағы жылы жаңадан тағы бір бастауыш партия ұйымы қосылды. Биылғы он айдың қорытындысында мүшелер саны — 32 325 адам. Жарна жинау жоспары аталған кезеңде 86,5 пайызға орындалып отыр, — деді ол.
«Ұлы дала қазынасы» – жаңа жоба
Конференцияға арнайы қатысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев биылғы есеп беру-сайлау конференцияның ерекшелігіне тоқталды.
— Қазіргі таңда барлық аймақта екі жылда бір рет ұйымдастырылатын есеп беру-сайлау конференциясын өткізу науқаны жүріп жатыр және ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналуда, — деді партия хатшысы. — Құрылғаннан бері он жеті жылдың ішінде мемлекетіміздің аяққа тұруына, еліміздің өсуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына партиямыздың қосқан үлесі зор.
Айта кетсек, биыл республика көлемінде екінші рет «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы ұйымдастырылуда. Қаныбек Бекболатұлының айтуынша, мұндағы басты мақсат — бастауыш партия ұйымдарына мән беру, олардың беделін арттыру. Сондай-ақ, ұйымдастырылған «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауы нәтижесінде еліміздегі 225 филиалдың ішінде Атырау қалалық филиалы І орынды иеленгенін де атап кеткен жөн. Филиалдың халықпен байланыстағы бұл жетістігі қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыстарын жетілдіруге үлкен серпіліс берді. Ал, биыл бұл байқаудың қорытындысы 14 желтоқсан күні жарияланбақ.
— Егемендіктің 25 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздіктің жетістіктері: жаңару мен жасампаздықтың қазақстандық жолы» атты жалпыұлттық демократиялық коалициясының отырысы өтеді. Бұл жиынды «Нұр Отан» еліміздегі барлық партияның басын біріктіріп, бір ой, бір тұжырым, бір келісімге келу мақсатында ұйымдастырғалы отыр. Сонымен қатар, қарашаның 21-і мен желтоқсанның 15-і аралығында «25 жұлдызды күн» өткізіліп, бұл шараға «Нұр Отанның» барлық филиалдары белсенді түрде қатыспақ. Осы акция аясында партия мүшелері «Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен 35 стансада болып, халықпен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар өткізеді, — дей келе, Қаныбек Жұмашев саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының орындалысын баяндады.
Басты мақсат — елімізде жүзеге асып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламаларға партиялық бақылауды күшейту. Осы орайда, биыл жыл басынан бері партия идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық және жастар мәселесі бағыттары бойынша тоғыз жобамен жұмыс жүргізіп келді. Енді жобаны азайтып, жұмыс ауқымын кеңейту бағытында шаралар қолға алынуда. Бұл үшін әр жобаның жаңадан концепциясы жасақталады. Мәселен, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихты дәріптеу мақсатында «Ұлы дала елі» жобасы «Ұлы дала қазынасы» деп аталмақ.
— Елімізде жастардың жұмыссыздығы мәселесі өзекті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партия бұл мәселені шешуді биылдан бастап нақты қолға алды. Шынын айту керек, тексеру, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірде-бір мемлекеттік органда мектеп түлектерінің қайда жүргені, немен айналысып жатқаны жөнінде мәліметтер болмай шықты. Үш-төрт айдың ішінде егжей-тегжейлі тексеріс жүргізіп, 51397 баланы тізімге алып, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасалды. Бұл ретте барлық облыстар жұмыспен немесе білім берумен қамту бағытында атсалысты. Соның ішінен, қазіргі таңда — 3022, ал, Атырау облысы бойынша 28 бала қалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алға қарай да жалғасын таба береді, — деді партия хатшысы Қаныбек Жұмашев.
Марапат мерей өсіреді
Жиын барысында саяси ұйымның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов, «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Мұрат Әмірғалиев, партия ардагері Кеңес Қосыбаев «Нұр Отанның» «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар «нұротандықтарға» партия хатшысы Алғыс хат тапсырды.
— «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық.» сайлауалды бағдарламасы партияның жаңа жаһандық өзгерістерге жауабы іспетті. Өйткені, бұл жан-жақты талқыланып, сараланған құжатта алдағы бес жылға арналған басым бағыттар көрсетілген. Бүгінде біздің еліміз басқа да алпауыт мемлекеттер секілді әлемдік дағдарыс ықпалын сезінуде. Бұл – біз үшін сындарлы кезең. Сондықтан, осы жағдайда «Нұр Отан» барша халықты бір мақсатқа жұмылдыра білетін партия болуы тиіс. Алда Ұлт жоспарына сай елімізді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар тұр, — деп конференцияны қорытындылады облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев.
Жыл басынан бері облыстағы өндірістік кооперативтер
өндірген өнімдер:
ет – 32,3 мың тонна;
сүт – 49,2 мың тонна;
көкөніс – 73 мың тонна;
жұмыртқа – 72,8 миллион дана.
Өңірде соңғы үш жылда агроөндірістік кешенді субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі 3,3 есеге артып, 360 миллионнан 1,2 миллиард теңгеге дейін жетті. Нәтижесінде осы уақыт аралығында жылыжай аумағы – 2, тамшылатып суарылатын жер көлемі 3,5 есеге артқан.
Партия ықпалымен пәтер кезегінде тұрған мүгедектер, аз қамтылған отбасы және бюждеттік мекеме қызметкерлерінің 98-і тұрғын үймен қамтылса, 34 отбасының баспаналары жөнделді. 356 азамат қоғамдық және тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ағымдағы жылдың 9 айында облыста 44,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Оның 26,3 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі екенін айрықша атап өткен жөн.
Ж а р ы с с ө з д е н
Ардагерлер – әркез сапта
Нұрпейіс МАҚАШЕВ,
партия ардагері,
Атырау облысының Құрметті азаматы:
– Мен 1999 жылдан осы партияның мүшесімін. «Отан» партиясынан «Нұр Отан» партиясы атын алғандағы республикалық съезге қатысып, екі мәрте партия съездеріне делегат болдым.
Бүгінде облыс экономикасының қай саласында болмасын ілгерілеу бар. Оң өзгерістер медицина саласында, кәсіпкерлікті қолдау индустриялық-инновациялық даму бағытында да іске асырылып келеді. Реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танымал, айтар сөзі, айшықты ойы, қосар үні бар, орныққан мемлекетке айналды. Осы жетістіктерге жетуге, біріншіден, қазақстандықтардың саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, бірлікті, бейбітшілікті таңдауы себеп болды. Бұл – отандастарымыздың болашағымыздың жарқын болуына қосқан үлестерінің оң нәтижелері.
«Нұр Отан» партиясы құрылғаннан бері ардагерлер де белсенділік танытып келеді. Есен Тасқынбаев, Қатимолла Ризуанов, Төкен Жұмағұлов, Мәдина Ғабдісәлімова, Нұржиян Абдолова, Илья Жақанов, Рәшила Мүрсәлиева, Жанай Беркалиев сынды аға-апаларымыз елдік мәселелерге үн қосып, жастар тәрбиесіне де үлкен мән беруде.
Азаматтық белсенділік қажет
Ақтолқын АХМЕТЖАНОВА,
Исатай аудандық мәслихатындағы партия фракциясының жетекшісі:
– «Нұр Отан» – саяси күш, жұртшылықтың жоғын жоқтайтын халықтық партия. Халық пен биліктің бірлігін берік ете түсетін «Нұр Отан» партиясының фракциясы қызметінің жауапкершілігін қалыптастыруда азаматтық белсенділігіміз жетекші рөл атқарады. Фракция мүшелері мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылауда, насихат жұмыстарының жүргізілуіне белсенді араласуда.
Елбасы төрағалық ететін партияның ең басты мақсаты – ұлт Тәуелсіздігінің тірегі болу, ел еркіндігін нығайта түсуге күш салу болып табылады. Өйткені, нұрлы болашаққа жол бастаған «Нұр Отан» – бүгін де халқының қамын, жұртының мұң-мұқтажын, жастардың болашағын әріден ойлаған жетекші партия. Міндет адамға жауапкершілік жүктейді. Сайлаушыларымыздың, партияның алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі тиімді жалғастыру фракцияның бүгінгі таңдағы негізгі борышы болып қала бермек.
Ең бастысы – ел сенімі
Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ,
Мақат ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы:
– Елбасы қазақстандықтарға аса маңызды міндеттерді нақтылап берді. Біздің алдымызда Президент атап көрсеткен жаңа қазақстандық арманымыз – XXI ғасырдағы көшбасшы 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр.
«Нұр Отан» партиясы Мақат аудандық филиалы мүшелерінің саны – 2196, олар 12 бастауыш партия ұйымына біріктірілген.
Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау жасауды «нұротандықтарға» тапсырды. Осы бағдарлама аясында Доссор кентінде 300 орындық О.Сарғұнанов атындағы мектеп құрылысы өткен жылы шілде айында басталған болатын, ағымдағы жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі.
«Нұр Отан» партиясы Мақат аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне былтыр 248 азамат өтініш білдірсе, биыл он айда барлығы 396 аудан тұрғынының өтініштері қабылданды.
Өрелі бастама өрісі
Мәди БЕКСЕЙІТОВ,
«Ембімұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары:
– Мен қызмет ететін «Ембімұнайгаз» компаниясында «Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымы және «Жас Отан» жастар ұйымы белсенді жұмыс жасауда. Бастауыш партия ұйымы мүшелері елдегі саяси оқиғалардан тыс қалмай, маңызды шараларға өзіндік үлестерін қосып келеді. Күнделікті қоғам тынысын қадағалап, әртүрлі бағыттағы мәселелерді үйлестіріп, оны тиімді шешудің жолдарын қарастыруда. Бастауыш партия ұйымында партиялық жобалар «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты балалық шақ», «Ұлы дала елі», «Сәтті қадам» сынды әлеуметтік маңызды жобалар ұжым мүшелерінің белсенді араласуымен жүзеге асырылуда.
Мұнай-газ саласының мәртебесін көтеретін білімді, талантты жастарға бастауыш партия ұйымы үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және тестілеуге қатыспаған мектеп түлектерін кәсіптік білім беру орындарына орналастырып, бастауыш партия ұйымы өз қамқорлығына алып отыр. Отандық мұнай өнеркәсібін білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатындағы бұл бастама өзінің оң нәтижесін берері сөзсіз.
«Нұр Отан» партиясымен бірлесе нәтижесін тапқан игі шаралар – табысты еңбектің көрінісі. Бұл игі шараларда бастауыш партия ұйымдары белсенділік танытса ғана біз, Отанымыздың одан әрі гүлденуіне, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына сенімді боламыз.
«Сәтті қадам» – біз үшін!
Әйгерім СӘУЛЕН,
Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің жас маманы:
– «Сәтті қадам» жобасы – жас мамандар үшін әлеуметтік саты. Өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген бұл бағдарлама осымен төртінші жыл қатарынан жемісті жүзеге асырылуда. Биыл жобаға толықтырулар енгізілді. Соған орай, енді екі бағытта жұмыс істейтін боламыз. Өткен айда жоғары оқу орындары мен колледж түлектері арасындағы жетім балаларды жұмысқа орналастыру бағыты бойынша жұмыстар қолға алынды. Соның аясында бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде филиалдары бар ірі компаниялар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың келісім-шарт жасасу жөніндегі жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қазір еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасу өте қиын. Өйткені, жұмыс берушілер бірінші кезекте оның тәжірибесіне қарайды. «Сәтті қадам» сияқты жобалар оқу орнын енді ғана бітірген студенттерге алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мол мүмкіндік береді.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Айгүл Ертілеу