Н. НАЗАРБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫН ЕАЭО-НЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫ ҰСЫНДЫ
«Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде орналасады және Одақтың орталығы болады деп келістік. Әрине, басқа да ұсыныстар болды. Ал Минскте Еуразиялық сот орналасады, онда біздің одақтың құқықтық мәселелері шешімін табады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап одақтың қаржы нарығын реттейтін мемлекетүсті органы орналасады», — дей келе Н. Назарбаев өз ұсынысын алға тартты.
«Мен одақтың қаржы нарығын реттеуші органның құрылуын күтпестен-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде қалыптастыра беруді ұсынамын», — деді Н. Назарбаев.
Еске сала кетейік, отырыстың кеңейтілген құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы