Жарнама
Жаңалықтар

Мұрағат – құжат сақтайтын қойма емес

22 желтоқсан – архив саласында еңбек етіп, тарихтың тереңіне үңілген мамандар үшін ерекше күн. Бұл күні мұрағат қызметкерлері өздерінің елеулі еңбектері үшін арнайы құрметке бөленді. Аталмыш шараға Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы арнайы қатысты.

– Мұрағат – тек құжат сақтайтын қойма емес, тарихымыздың айнасы, ұрпақтар арасын байланыстыратын алтын көпір. Оның қызметкерлері арқылы өз тарихымызды танимыз, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, оны келешек ұрпаққа табыстаймыз, — деп атап өтті облыс әкімі аппаратының басшысы.

Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – «Уақыт тудырған тұлғалар» және «2023 жылға арналған жеке құрам бойынша құжаттарды сақтау орны туралы анықтамалық» атты бірегей кітаптардың тұсаукесері болды.

– Бірінші кітапта тарихта елеулі із қалдырған 1920-1940 жылдардағы біздің өлкеміздің 330-ға жуық белгілі қайраткердің өмірбаяны жинақталған. Екінші кітап-анықтамалықтан 2023 жылға дейін әртүрлі ұжымдардың қызметкерлері туралы мәліметтердің орналасқан жері туралы ақпаратты таба аласыз. Анықтамалық архив ісін жүйелендіру, құжаттардың сақталуы және оларды іздеу процесін жеңілдету мақсатында дайындалған, — дейді облыстық мемлекеттік архивінің бөлім меңгерушісі Раиса Тастемірова.

Нұрлыбек Жеңісбекұлы да кітаптардың маңызын ерекше атап көрсетті. Әрбір кітап – тарихтың шежіресі, оны сақтау – ұрпаққа аманат. Бұл туынды тек архив саласы үшін ғана емес, жалпы ел тарихын, мәдениеті мен ұлттың санасын сақтау жолында маңызды қадам.

Мұрағат ісі майталмандарының еңбек-қорлығы мен кәсіби шеберлігі бұл күні өз бағасын тапты. Шара барысында саланың 20 қызметкері арнайы наградамен марапатталды. Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мұрағат саласының үздігі» құрметті атағы тәжірибелі қызметкерлер Раиса Тастемірова, Қарлығаш Декеева және Анаргүл Зинуллинаға табысталды. Ал тағы бір топ архивші Атырау облысы әкімінің, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының және Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері қазақстандық салалық кәсіподағының Алғыс хатына ие болды.

Аудандық мемлекеттік архивте ширек ғасыр жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан ардагер Қарлығаш Декеева өзі еңбек еткен кезең мен қазіргі жағдайды ой елегінен өткізе отырып, өмірлік тәжірибесін өскелең ұрпаққа үлгі етті.

– Біз жұмысқа келгенде архив ғимаратында сөре де, қолайлы жағдай да болған жоқ. Жұмысты шын мәнінде «нөлден» бастадық. Құжаттарды біртіндеп жинап, картотеканы қолмен жасадық. Сол кездегі жағдаймен салыстырғанда бүгінгі архив мекемесі озық технологиялармен жабдықталған. Ең бастысы, тарихты сақтау үшін ешқашан қиындықтан қорқып, жұмыстан қашпай, өз ісімізге адал болдық, — деді еңбек ардагері.

Шынында, Қарлығаш Тотайқызы сияқты сала ардагерлері – кәсіби маман ғана емес, ел тарихының сақшылары, келешек ұрпақтың өткенмен танысуына жол ашушылар. Мұрағат ісіне бар өмірін арнаған осындай жанашыр мамандар тарихты келер ұрпаққа аманат етіп жеткізуге зор үлес қосты.

Ал бүгінгі заман архив ісінің кәсіби мамандарының қызметі айрықша маңызға ие екенін түсініп, олардың жұмысына құрмет көрсетуді талап етеді. Өйткені бұл сала – ұлттың тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтаудың кепілі.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button