КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Соңғы төрт жыл көлемінде Қазақстанда бизнесті сервистік қолдау бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Оның жемісін кәсіпкерлер біртіндеп көріп те жатыр. Бұл бағдарлама бизнес-процестерді қолдау қызметтерін тегін жүргізу, кәсіпорындардың басқару жүйесін жетілдіру, түптеп келгенде бизнестің тиімділігін арттыру мақсатын көздейді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау филиалында өткен баспасөз мәслихаты осы мәселеге арналды. Оған бағдарламаның үйлестірушілері болып табылатын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының, Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері Одағының және «Консул» консалтингтік компаниясы ЖШС-нің өкілдері қатысты. 

Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері Одағының директоры Нина Темірбаеваның айтуынша, бұл негізінен бухгалтерлік және салық есептерінің енгізілуіне орай кәсіпкерлерге көмектесуге бағытталған консалтингтік, маркетингтік қызметтер болып табылады. Түрлі ақыл-кеңес беру де осы қызмет аясында тегін атқарылады.

Облыста сервистік қолдау бағдарламасы ҚР Өңірлік даму министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитетімен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы келісім бойынша биылғы жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның жергілікті жердегі үйлестірушісі – облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы болса, операторы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы. Ал, мониторлық бақылау жүргізу аймақтағы «Даму» қорына жүктелген.

Сервистік компаниялар кәсіпкерлер палатасы өткізген байқау бойынша анықталып отыр. Оған бірнеше потенциалды компаниялар қатысты. Нәтижесінде, 16 маусымнан бастап екі компаниямен келісімге қол қойылды. Олар – Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері Одағы (үш лот бойынша) және «Консул» ЖШС (төрт лот бойынша).

-Аталған компаниялар «Даму» қорының орталық ғимаратында «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, кеңес берушілер бір жерде отырады. Бұл кәсіпкерлер үшін өте қолайлы болмақ. Олар ақыл-кеңесті бірнеше бағыт бойынша ала алады. Тек бұнымен шектелмей, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағына да келіп, көмек сұрауға болады,-деді Н.Темірбаева.

«Консул» ЖШС-нің директоры Жұмажан Үмбетжановтың айтуынша, ең бірінші кезекте сұранысқа ие болып отырған құқықтық көмектер. Екінші кезекте маркетингілік мәселелер тұр. Яғни, бизнес-жоспар жасақтау, нарықты зерттеу деген сияқты. Одан кейін бухгалтерлік және салық есептері, кедендік мәселелер, мемлекеттік сатып алуға байланысты ақпараттық технологиялар жөнінде де көптеген кәсіпкерлердің сауатын ашуға тура келеді.

Күні бүгін көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары үйлестіруші компаниялармен арада келісім-шартқа қол қойып отыр. Олар негізінен штат кестесінде заңгері, маркетологы, тіпті есепшісі де жоқ жеке кәсіпкерлер екен. Мұндай келісім-шартқа отыру үшін кәсіпкерлерден талап етілетіні–кәсіпорынның барлық мәліметі көрсетілген анкета-өтініш, кәсіпорынның мөрі және оның басшысының немесе өкілетті өкілінің қолы. Қызметтер жылдың аяғына дейін тегін көрсетіледі. Кеңес берушілер сонымен қатар, өтініш бойынша аудандарға да шығады. Кәсіпкерлерге №1-лот бойынша Кель Эльза, Халисса Ихуанова, №2-лот бойынша Зухра Альбаева, Валентина Семеновна Клименко, №3-лот бойынша Вячеслав Дудкевич және Аслан Даиров көмек көрсетеді. Бұл кәсіпкерлер үшін туғызылып отырған ғажап мүмкіндік.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз