Атырауда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына 3 көлік алынды

IMG 5809 1 Жаңалықтар

Атырауда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті. Сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысқан жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келді, деп xабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

IMG_5809

Шарада сөз алған аймақ басшысы әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін тілге тиек етті.

– Қазірде Елбасының тапсырмасымен азаматтардың әлеуметтік қорғала түсуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда ірі реформалар жүзеге асып жатыр. Әйтсе де түрлі қиын жағдайларға тап болған адамдар мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекпен қатар, айналасынан жылу іздейді. Бұл тұрғыда әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің еңбегінің маңызы зор, – деді Нұрлан Ноғаев.

IMG_5810

Жиын барысында сала зейнеткері Сұлтанғалиева Нұрбиға Халықты әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, бірқатар сала қызметкерлері Атырау облысы әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттарына ие болды. Сонымен қатар сала үздіктеріне «Әлеуметтік – еңбек саласының үздігі» төсбелгісі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің «Құрмет» грамотасы берілді. Республикалық көрмеде жеңімпаз атанған «Жүректен – жүрекке» әлеуметтік жобасының авторы Досқалиева Әйгерімге мерекелік сый табысталды.

Бүгінде облыста әлеуметтік қорғау саласында мыңнан аса қызметкер еңбек етуде. Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж 1500-ге жуық адам тіркеліп, оларға 225 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетіп отыр. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына биыл 3 автокөлік сатып алынған.

Айта кетелік, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылы бектілген, қазан айының соңғы жексенбісінде мерекеленеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз