Жаңалықтар

Мұнайлы өңірдің мерейтойы аламан бәйгемен аяқталды

Мұнайлы өңір — Мақат ауданының ғасырлық мерейтойы бәйге алаңында жалғасты.
Арқа қоздырып, алақан қыздырған аламан бәйгенің ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Мәмбетов тұрғындарды осынау топқалы тоймен құттықтап, ұлттық спорт сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік іс-шараның шымылдығы тай жарысымен ашылды. Одан әрі, құнан жарыс және аламан бәйгеге ұласты.
Нәтижесінде, тай жарыстан І орынды “Самұрық” атты тұлпармен келген маңғыстаулық Майлыбаевтар әулеті,
ІІ орынды “Патшайым” атты жүйрігімен ақтөбелік Жананбай Арайбек, ІІІ орынды ақтөбелік “Ханторы” жүйрігінің иесі Сағынтай Әзілхан иеленді.
Ал, құнан жарыстан бірінші орынды “Бұйрық” тұлпарымен маңғыстаулық Аман Жұмамұратов жеңіп алса, ІІ орынды ақтөбелік Бекбол Байжарқынов “Томирис” есімді сәйгүлігімен, ІІІ орынды Сағыз ауылынан Атырау облысы Қызылқоға ауданы) келген шабандоз Берішбай Байтанов “Ракета” атты жүйрігімен еншіледі.


Шашасына шаң жұқтырмас шын жүйріктер сынға түскен Аламанның қорытындысында жүлделі І орынды “Бақторы” атымен қарағандылық Жандос Мақсотұлы, ІІ орынды “Флот” жүйрігімен жарысқа қосылған ақтөбелік Бекбол Байжарқынов еншілесе, ІІІ жүлделі “Қымбат” атты тұяғымен жер тұлпарымен жарыс жолына шыққан жылыойлық Сейітжан Балжігітов қанжығасына байлады.

Бас жүлде мен бірінші орын иелеріне автокөліктің, екінші орынның байрағына мотоцикл және үшінші орын иегеріне үй кинотеатры тігіліп, жеңімпаздарға табысталды.

Келесі кезекте, құнан және тай жарысының жеңімпаздарына да мотоцикл мен теледидар берілді.
Одан бөлек, әр облыстан келген жауырыны жерге тимеген, боз кілем үстінде белдескен палуандар арасынан суырылып алға шыққан жігіттердің ішінен топ жарған маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, мақаттық Әділет Сапарғалиев, қызылқоғалық Сұңғат Закаряев жеңімпаздар сапынан көрінді.
Соңы қой көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт ойындарымен өрнектеліп, мерекенің көрігін қыздыра түсті.
Атап айтар жайт, жалпы мерейтой шеңберіндегі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ,,Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В» компаниясы демеуші ретінде зор септігі тиді.

Дәулетқали АРУЕВ
Мақат ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button