Жарнама
Жаңалықтар

Мұнайлы аймақтың шұрайлы мекені

 Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қызылқоға ауданында болды Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы аптаның дүйсенбі, сейсенбі күндері жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданында болды. Бұл өңірге автокөлікпен шыққан аймақ басшысы алдымен Елбасының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Мақат-Сағыз» учаскесіндегі жолдың күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілу жайымен танысты. Биыл «Атырауинжстрой» ЖШС мекемесі бас мердігер ретінде 10 шақырымдық жолды асфальттауды міндетіне алған болатын.

 Еліміздің экономикалық дамуы мен стратегиялық мақсаты үшін де маңызды көлік инфрақұрылымы болып саналатын аталмыш күре жолдың күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 2 млрд. 186,5 млн. теңге қаржы қажет. Өткен жылы осы бағытта 279 млн. теңге игерілді. Биылғы жылға қаралған 872,2 млн. теңгенің өткен бес айда игерілгені – 145,9 млн. теңге. Осы учаскедегі жұмысты толық аяқтау үшін әлі де 1 млрд. 35 млн. теңге қаражат республикадан бөлінуге тиіс. Қазір аталған учаскедегі жол құрылысына 48 арнаулы техника мен жүзден астам адам жұмысқа тартылыпты.

ӘКІМ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ

  Аймақ басшысының Қызыл-қоға ауданындағы жұмыс сапары бес жарым мың тұрғыны бар Мұқыр ауылындағы дәрігерлік емхана мен орта мектеп ғимаратын аралап көрумен жалғасты. Жазғы каникулға шыққан балалар лагеріне бас сұққан кезде сүт өнімдерінің Атырау қаласынан тасымалданатынынан хабардар болған Нұрлан Асқар-ұлы билік өкілдеріне ауданның кәсіпкерлерін жинап, мектептерді жергілікті сүт өнімдерімен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Өйткені, жаңа оқу жылынан бастап аймақтың барлық орта білім беретін мектептерінде оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілмекші.

 — Әр ауылдық округте сүт өнімдері өндіріледі, сол себепті, балалар жергілікті қымыз, шұбат, айранды толығымен тұтынуы тиіс. Дені сау ұрпақ – ел болашағы. Ендеше, бұл мәселеде немқұрайлылық танытуға болмайды, — деді облыс басшысы. Білгеніміздей, өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер баршылық. Бірақ, мектеп асханаларын сүт өнімдерімен қамту жөніндегі мемлекеттік сатып алу бойынша тендерді атыраулық компания жеңіп алыпты. Облыс әкімі Сағыз ауылдық округіндегі учаскелік аурухана мен орта мектепте де болып, жұмыстарымен танысты.

ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС – НӘТИЖЕСІЗ ЕМЕС

  Облыс әкімінің үстіміздегі жылғы 2 маусымдағы өкімімен өңірдегі шегірткеге қарсы жүргізілген жоспарлы химиялық өңдеу жұмыстарын бақылау мақсатында облыстық штаб құрылған болатын. Штабтың алғашқы отырысы Қызылқоға өңірінде өтті. Тайсойған мен Бүйректің бұйрат құмдарын, Сағыз бен Ойыл сағасын жағалай жайлаған төрт түліктің құтты қонысы болған өлкенің 1,7 млн. гектарын жайылымдық, шабындық алқап алып жатыр. Қоңырбасы мен ақтығы, бидайығы мен боз жусаны жайқала өскен кең жазық далада өткізілген облыстық штабтың алғашқы отырысына оның құрамы түгел жиналды.

   Көшпелі штаб отырысын облысы әкімі Нұрлан Ноғаев ашты.

 — Үйірлі шегірткелер жайылымдар мен шабындық жерле-рімізге залалын тигізбеу үшін осы сала мамандарының тынымсыз еңбек етіп жатқаны баршаға аян. Десек те, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұ-мысты тек қағаз жүзінде емес, штаб мүшелері өз көздерімен көруі тиіс. Жұмысты бағалау мақсатында осынау қауырт іс қызу қайнап жатқан Қызылқоға жерінде штаб мәжілісін өткізу себебіміз де сондықтан, — деді аймақ басшысы.

   Бұдан соң жауапты құзырлы мекемелердің жетекшілері сөз алып, шегірткеге қарсы күрес-тің жайынан хабардар етті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркә-сіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекция-сының басшысы Абат Жанғалиев үйірлі шегірткеге қарсы химиялық күрес жұмыстарының ұйымдастырылу жайы туралы баяндады. Жыл сайын пестицид пен қызмет көрсетушілерге республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Соңғы үш жылда зиянды, үйірлі шегірткеге қарсы айтарлықтай нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Егер 2014 жылы облыста 133 мың, былтыр 75,6 мың гектар алқап өсімдік жебірлеріне қарсы химиялық өңдеуден өткізілсе, биыл бұл көрсеткіш тағы да үш есеге төмендеп, барлығы 24,6 мың гектар алқапты құрады.

   Бүгінгі таңда облыстың қырлық өңірінде қоныс тепкен шегірткенің италиялық прус түріне қарсы 16670 гектарға пестицид шашылып, азиалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жер-үсті әдісі бойынша ультра шағын көлемді бүріккішімен ақтөбелік «ЗапКазФумигация» ЖШС Құрманғазы ауданына қарасты Қошалақ, Жалпақ, Есәлі, Насиолла учаскелеріндегі бір мың гектар аймақты және Исатай ауданының Мыңтөбе, Айбас өңіріндегі 300 гектар жерді өңдеген. Сондай-ақ, МИКРОН бүріккіш агрегаты арқылы химиялық өңдеу жұмысы да аяқталыпты. Ал, маусым айының тоғызынан бастап, Қызыл-қоға ауданы аймағында 250 гектар жерге шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы атқарылды.

   — «КазАвиа» ЖШС-нің аса жеңіл авиация дельталеті арқылы Қызылқоға ауданында шегірткеге қарсы 11,4 мың гектар жер өңделді. Облыс көлемінде азиат шегірткесінің жаппай шығуы биылғы ауа-райы құбылысына байланысты. Сонымен қатар, әдістемелік орталық мамандарының болжамы бойынша, Ресей Федерациясынан келген судың мол болуына орай шегірткенің шығуы да созылмалы сипат алып тұр. Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандарында бес рет семинар-кеңес өткізіліп, химиялық өңдеу ке-зінде жергілікті жерде техникалық қауіпсіздік және жеке гигиена талаптарының сақталуы жөнінде түсініктер берілді, -деді Абат Жанғалиев. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Атырау облыстық филиалының басшысы Хамидолла Дәулетқалиев штаб мүшелеріне өзі басқарып отырған сала жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Ол үстіміздегі жылы ерекше қауіпті зиянкестерге 2,6 млн. гектар жерге мониторингтік зерттеу жұмыстары жоспарланғандығын, морфометриялық көрсеткіштері бойынша олардың әр жылдардағы циклді өзгерістеріне болжам жасалатындығын айтты. Жалпы, облыста 2012-2014 жылдарда үйірлі шегірткелер шарықтау шегінде болған екен. Қазіргі кезде олардың азайғаны байқалуда.

 — Филиал мамандарына осындай ауқымды жұмыстарды атқару үшін барлық жағдай жасалған. Жергілікті бөлімшелер автокөліктермен қамтылған. Маусымдық жұмыстарға қо-сымша автокөліктер жалға алынып, уақытша мамандар жұмысқа тартылған. Мамандар JPS-навигаторлармен және JPS-трекерлермен қамтылған. Бұл құрылғылар зерттелген аумақтарды еш қиындықсыз табуға мүмкіндік береді. Мамандардың қауіпсіздігі мен олардың сол аймақтарда зерттеулер жүргізгендігінің дәлелі болады, — деді филиал басшысы. Мамандардың айтуынша, қазір облыс бойынша үйірлі шегірткелердің дернәсілдеріне зерттеу жұмыстары жүруде. Италиялық прусқа 451,5 мың га зерттеліп, 21,22 мың га шегіртке қоныстанған аймақ анықталды. Азиат шегірткесі бойынша 83,7 мың га зерттеліп, 4,04 мың га зиянкестер қоныстанған аймақ анықталды. Зерттеу жұмыстары маусым айының соңына дейін жалғасады. Шегіртке негізінен өсіп-жетілудің екінші және үшінші сатысында құртылып отырады. Сала мамандарының пікірінше, биыл шегірткеден келетін қауіп жоқ көрінеді. Себебі, химиялық өңдеуден өткен қауіпті аймақтарда мұндай өсімдік зиянкесінің көзі жойылған. Облыстық штаб отырысында Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов, аудандық аумақтық инспекция басшысы Жолдас Ибрашев, облыстық штабтың мүшелері – Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Әбила Қазиева, өсімдіктерді қорғау саласының ардагері Бораш Уәлиев сөз сөйлеп, өздерінің ойларын айтты, ұзақ жылғы тәжірибелерімен бөлісті. Көшпелі штаб мәжілісін қорытындылаған Нұрлан Асқарұлы облыс көлеміндегі үйірлі шегіртке тұқымдастарына қарсы биылғы атқарылып жатқан ауқымды шараларға оң бағасын берді.

  Сонымен қатар, бұл жұмыстың сапасы мен тиім-ділігін арттыру мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларына қосымша тапсырмалар жүктеді. Штаб отырысынан кейін аймақ басшысы шегірткеге қарсы күрес қызметін көрсетуші – «КазАвиа» ЖШС өкіл-дерімен пікірлесіп, жеңіл авиация – дельталеттің шабындық алқапты химиялық өңдеу жұмысымен танысты. Облыс әкімінің Қызылқоға ауданына жұмыс сапары барысында онымен бірге облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, басқарма, департамент жетекшілері болды.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Суреттерін түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button