Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек бар…
Atr.kz / 10 шілде, 2020 жыл. Бүгінде үйде отырып, мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Бұл қолайлы қызмет түрін кімдер пайдалана алады? Ол үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік.
АТЫРАУДА – 523 ҚЫЗМЕТ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар аталған қызметті үйде отырып пайдалана алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек. Бұдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары оларға хабарласып, үйлеріне барып, мемлекеттік қызметті көрсету күні мен уақытын белгілейді.
– Биыл бес айда елімізде «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдары тұрғындардың үйіне барып, 15 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Соның ішінде осы уақытта Атырау облысы бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына 397 өтініш түскен. Әрбір өтініш бойынша сала мамандары үйлерді аралап, барлығы 523 қызмет көрсетілді, — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
«Азаматтарға арналған ү к і м е т » м е м л е к е т т і к корпорациясының басқарма т ө р а й ы м ы Ә с е м г ү л Балташеваның айтуынша, үй-үйге барып мемлекеттік қызмет көрсету корпорация құрылған сәттен бастап пайда болды. Бұл бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.
– Азаматтардың үйлеріне барып көрсетілетін ең тан ы м а л қ ы з м е т т е р – төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру, мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін құжаттарын рәсімдеу, — деді Ә.Балташева.
ҚАУІПСІЗДІК –БАСТЫ НАЗАРДА!
Басқарма төрайымының айтуынша, бүгінде Алматы қаласы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында мобильді топтар үйлерге жиі шақырылады. Ал, Батыс Қазақстан облысының тұрғындары бірыңғай байланыс орталығына ең сирек хабарласады екен. Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайды. Бұл ретте мамандар бетперделермен және антисептиктермен толықтай жабдықталған. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері дәлізден әрі өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына баса көңіл бөлуде. Азаматтардың үйлеріне барып, мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға түсіндіру үшін ым-ишара тілін меңгерген. Сондай-ақ, бүгінде 807 мүмкіндігі шектеулі жан мемлекеттік корпорация мен оның филиалдарында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
***
Гүлнәр САҒЫМҚЫЗЫ,
Атырау қаласының тұрғыны:
Мен үйде отырып «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін көрген адамның бірімін. 1414 бірыңғай байланыс операторына қоңырау шалып, электронды цифрлы қолтаңба алу, тұрғын жердің мекен-жайына тіркелу және басқа да қажетті анықтамаларды алу керектігі жөнінде өтініш қалдырдым. Көп ұзамай аталған корпорацияның Атырау облысы бойынша филиалының маманы Әсия Меңдіханқызы хабарласып, өте сапалы қызмет көрсетті. Өтінішім бойынша жасаған жұмыстарына көңілім толды. Үйде отырып қажетті мемлекеттік қызметтердің тиімділігін көруде осындай жауапты сала қызметкерлерінің еңбегі зор.