Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Мүдде ортақ болса, мәселе біртіндеп шешіледі

Григориан күнтізбесі бойынша Қоян жылы тарихқа еніп, Ұлу жылы табалдырықтан аттады. Осынау ескі мен жаңаның тоғысқан тұсында қай салада болмасын атқарылған жұмыс бағаланып, алдағы жоба-жоспарлар мен міндеттердің айқындалып, сараланатыны мәлім.

Өткен жылы Парламент Мәжілісінде де ауқымды жұмыс жүзеге асты. Бұл жайында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғановпен болған сұхбатымызда баяндалады.

– Дүйсенбай Нұрбайұлы, шынында VIII сайланған Парламент Мәжілісінің атқарған жұмысы көңілге қонымды. Оқырманға түсінікті болуы үшін былтыр жүзеге асқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өтсеңіз?

– Өткен жылды қорытындылайтын болсақ, шынында да жыл ауқымды және белсенді болды. VIII шақырылымдағы Мәжілістің жұмысы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев наурыздағы І сессияның ашылуында да, қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да Парламенттің, соның ішінде, Мәжіліс депутаттарының алдына маңызды міндеттер жүктеді. Негізгі күш-мүмкіндігіміз соларды іске асыруға жұмылдырылды.

Мәжіліс депутаты және Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде осы кезеңде әріптестеріммен бірге 5 заң жобасына бастамашылық жасадым. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға бағытталған толықтырулар, электр энергетикасы және табиғи монополиялар, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ спорттық жылқылардың қазақы тұқымын сақтау мен көбейтуге қатысты заңнамалық толықтырулар. Сонымен қатар, түрлі заң жобалары төңірегінде  бірқатар жұмыс топтарының қызметіне қатыстым.

Осы кезеңде жалпы саны 30 депутаттық сауал жолданды. Оның 9-ын өзім, 21-ін әріптестеріммен бірігіп әзірледім. Бұл сауалдарда Атырау облысы мен шаһардағы экологиялық ахуалға және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында орын алған өрт оқиғаларына байланысты тұрғындардан түскен өтініштер, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй мәселелері, Ақтөбе облысында орналасқан Көкжиде қоймасындағы жерасты су қорының көзі және Жайық өзенінің жай-күйі, «Атырау–Доссор» және «Атырау–Астрахан» көлік жолдарының жағдайы, балаларға арналған ғылыми орталықтар ашу, сауда-логистикалық хабтарды дамыту, Қостанай облысындағы Шұбаркөл көлінің экологиялық ахуалы, басқа да өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан басқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, балық шаруашылығын өркендету, өзен арнасын қалпына келтіру мәселесін қозғадық. Өз тарапымнан параспортшыларды қолдау, су мәселесін шешуге және суды үнемдеуге қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмай келемін.

Осы және өзге де салалардағы нақты жағдайға қатысты қандай шаралар алу қажеттігін бағдарлау, айқындау мақсатында жыл ішінде бірнеше мәрте өңірлерге іссапарға шықтым. Онда жоғарыда айтқанымдай, бірінші кезекте жол-көлік логистикасын, жылу-энергетика жүйесін жетілдіру, кәсіпорындардағы энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті, Атырау өлкесінің күрделі экологиялық ахуалын жеңілдету жолдарын іздестіріп, осы тұрғыда тұрғындардың ұсыныс-пікір, ойларын білуге көңіл бөлдім. Барлығы 60-тан астам азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдап, қойған сауалдарының шешімін тауып, түйінін тарқатуға септесуді алдыма мақсат етіп қойдым.

Атырау облысындағы экологиялық жағдайды қадағалау үшін бірнеше рет аудандарды араладым. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жасаған жоспар, кесте бойынша белгіленген кездесулеріміз де бар.

Қалың бұқараға жағымды жаңалықтың бірі – жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жер қойнауын пайдалану және экология туралы» Заңға қол қойды. Бұл нормативтік-құқықтық акт – аталған сала үшін аса қажетті және маңызды құжат. Айта кету керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін де геологиялық барлау жұмыстарының жоспарлы әрі жүйелі жүргізілуіне ерекше көңіл бөліп келген еді.

Жалпы жыл бойы жан-жақты талқылаудан өтіп, қабылданған заң жобаларының әрқайсысында тек менің емес, Мәжілістегі әрбір депутаттың өзіндік үлесі бар екені анық. Сондықтан, елдің ертеңіне алаңдап, сайлаушылар аманаты орындалып, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етер заңдардың қабылдануында табандылық пен жоғары белсенділік көрсеткен Сенат пен Мәжілістегі әріптестерімнің барлығына «AMANAT» партиясы фракциясының атынан шексіз ризашылығым мен зор алғысымды білдіремін.

– Енді сәл шегініс жасап, әлгінде өзіңіз тоқталған «Жер қойнауын пайдалану және экология туралы» заңның маңызына назар аударсаңыз?

– Бұл өзі көптен бері көкейде жүрген өзекті мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік пен кепілдік берген құжат болды. Сауалыңызға орай айтарым, мұндағы көзделген басты мақсат – Заңның геологиялық барлау саласына инвестиция тартуға бағытталуы. Екіншіден, бұл қоры таусылған кеніштерді қайта жандандырып, ескі кен орындарының екінші тынысының ашылуына және заңды тұрғыда игерілуіне кепілдік берері даусыз. Оның үстіне өзім де мұнайлы өңірде туып-өскендіктен, мәселенің мән-жайы, қай жағына көбірек көңіл бөлу керек екендігі көрініп тұрады.

Биыл еліміздің қолданыстағы Салық кодексіне де біртіндеп өзгерістер енгізуге кірісеміз. Тоқтала кетсем, соған байланысты қоры таусылған немесе сарқылған кеніштер салықтың төрт түрінен (пайдалы қазбаларды өндіру салығы, рента салығы, үстеме пайда салығы және тарихи шығындар) олардың орнын алмастыратын «Баламалы салық» режиміне көшуі ықтимал. Бір ғана осы геологиялық барлау жұмыстарының төңірегінде бұдан өзге де бірнеше заң жобасы мақұлданып, кезең-кезеңімен қабылданатын болды.

Осылайша, бюджет, халықаралық қатынастар, энергетика, экология және экономика мәселелеріне қатысты көптеген заңдарға өзгерістер енгізу – біздің бақылауымызда. Осы жұмысты әріптестерімізбен бірге әрі қарай жалғастырамыз.

– Орайы келген сәтте әңгімеміздің басында тілге тиек еткен депутаттық сауалдардың мазмұнына талдау жасап жіберсеңіз?

– Оныңыз да жөн шығар. Өзім туып-өскен өңір болғандықтан жолданған депутаттық сауалдарымның көпшілігі Атырау облысының түйткілді мәселелеріне қатысты болды. Мысалы, облыс тұрғындары үшін балық шаруашылығы саласын дамыту және қызметкерлердің жалақысын арттыру, Атырау қаласының бюджетіне қатысты, өзенде кеме қатынасын қалпына келтіру мәселелері аса маңызды болып саналады.

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жалақысын арттыру, бөлшек салық және салық саясатын жетілдіру, су және су үнемдеу мәселесін шешу жөніндегі шаралар айрықша әсер ететінін Мәжіліс депутаттары да жақсы түсінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында әріптестермен бірге мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайы, ұлттық аспап – домбыраға, параспортшылар мен спорт мәселелері, әсіресе діни идеологияға қатысты проблемаларды да назардан тыс қалдырған жоқпыз.

Ең маңыздысы, жер саласындағы заңсыздық пен алаяқтық фактілері және Бас Прокурор тарапынан осыған қатысты тиісті шаралар қабылдау, өткен жылдары бизнес субъектілеріне адал және ашық сатып алған жер мен объектілерді заңсыз алып қою, иелерін қайта белгілеу туралы мәселелерді де біз арнайы көтеріп, оларға қатысты заңды шешімдер қабылдауды сұрап, тиісті құрылымдарға сауал жолдадық.

Ал, Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылыту қазандықтарын жөндеуге қаражат бөлу және Ақсу қаласын жылумен жабдықтау туралы, су тасқынына қарсы кешенді іс-шараларды қолдану, Астана қаласындағы Өндіріс тұрғын ауданында көпір, айналма жол салу, Атырау облысының экологиялық жағдайы, жол құрылысындағы проблемалар (инертті материалдар), Норд Каспиан Оперейтинг Компани компаниясының экологиялық нормаларын орындау қажеттілігі туралы депутаттық сауалдардың өзектілігі неғұрлым жоғары.

– Бір мезет әңгімеміздің арнасын өзіңіз депутат болып сайланған округтерде атқарылған жұмыстардың жайына бұрсақ?

– Біздің депутаттық жұмысымыз тек қана кабинеттік жұмыстан және депутаттық сауалдардан тұрмайды. Сонымен қатар, біз әр түрлі деңгейдегі жұмыс топтарының, комитеттің отырыстары аясында өңірлерді аралап, жағдайды өз көзімізбен көреміз. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, мәселені жедел шешуге тырысамыз.

Мысалы «Атырау–Астрахан» автожолының құрылысын бақылау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының және мердігер мекемелердің өкілдерімен бірлесіп проблемалық мәселелерді талқыладық. Жергілікті тұрғындармен кездестік.

Ал, Екібастұз қаласындағы жағдайға байланысты арнайы барып, өңірдегі жылу энергетикасы мәселелеріне көңіл бөлдік. Мәселенің маңыздылығын ескеріп, салалық министрліктер, әкімдіктер мен энергетикалық компаниялар басшыларының қатысуымен жылу энергетикасы мәселелеріне арналған Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысын Екібастұзда өткіздік. Онда жылу энергетикасының проблемалық мәселелері көтерілді.

Сонымен бірге, Теміртау қаласында «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамында экологиялық, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері қаралды. Қоршаған орта жай-күйінің онлайн мониторингі бойынша деректерді сақтау үшін республика Экология және табиғи ресурстар министрлігінің базасында сервер орнатуды, №2 жылу-электр орталығының №7 қазандығын пайдалануға беру кестесін әзірлеуді, технологиялық параметрлерге сәйкес келетін көмір сатып алу мәселесін шешуді ұсындым.

Өңірлерде жоспарланған көшпелі жұмыстар аясында Астана қаласындағы проблемалық нысандарға бардық. Салынып жатқан нысандарда (мектептер, спорт кешені, ЖЭО) белгіленген шаралардың барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен, құрылыс компаниялары және басқа да мүдделі тұлғалармен кездесулер өтті. Өрт сөндіру қызметкерлерін қолдау аясында А.Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болдық.

Атырау облысындағы жылу-энергетика кешеніндегі компаниялардың жұмысын да назардан тыс қалдырған емеспін. Аққыстау ауылында салынып жатқан амбулаториялық-фельдшерлік пунктімен де таныстық.

Атап өткен жөн, осы сапардың нәтижесімен «Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Бұл мәжіліске Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғалары, Атырау облысының басшылығы, облыстық мәслихаттың депутаттары, экологтар, сарапшылар, ірі мұнай өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарының басшылары қатысты. Бейнебайланыс арқылы Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері де қосылды. Атырау облысының экологиялық мәселелері қаралған осы мәжілістің хаттамасы дайындалып, орындау үшін мемлекеттік органдарға жолданды.

Негізгі мамандығым энергетика саласы болғанмен депутат ретінде түйгенім, тек қоғамда кең талқыланып жатқан мәселе емес, әр өңірдегі күрделі түйіндерді де көре білу керек. Жасыратыны жоқ, еліміздің қай өңіріне барсаңыз да қордаланған проблемалар бар. Бірақ оның барлығын бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан кез келген проблеманы шешу үшін оның себептері мен тигізетін әсерлерін саралай отырып, әрекет еткен жөн деп ойлаймын.

Қазір Қазақстандағы халықтың тұрмысы бірқалыпты. Жекелеген түйіндерді көріп, бүкіл елдегі ахуал осындай деген қате тұжырым жасауға болмайды. Әрине, әр өңірдің даму қарқыны әр түрлі. Мысалы, Атырау, Маңғыстау өңірі мен солтүстік немесе шығыстағы облыстарды салыстырудың жөні жоқ. Сол сияқты әр проблеманың шешілу жолдары мен әдіс-тәсілдері бар. Сондай ерекшеліктер ескеріліп, тек қазіргі жағдайымыз емес, келешек ұрпағымыздың тұрмысын ойлап тірлік етсек шешілмейтін мәселе жоқ деп есептеймін.

Мемлекет басшысының қазіргі ұстанымы да осы мақсатты көздейді. Сондықтан осы жолда мүддеміз ортақ болса, мәселелер біртіндеп шешіледі деп сенемін. Ал, біздің депутаттық корпусымыз бұл жұмысқа белсене атсалысады.

– Дүйсенбай Нұрбайұлы, әңгімеңізге рахмет. Заң шығару саласындағы күрделі де тынымсыз ісіңізге әрқашан сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button