Монополия субъектісіне айыппұл салынды
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-на инвестииялық бағдарламаны орындамағаны үшін 12,6 млн. теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов хабарлады.
Оның айтуынша, тиісті заңдылыққа сәйкес, табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестииялық бағдарламаны орындауға міндетті. Алайда жоғарыда көрсетілген талапты бұза отырып, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 2023-2024 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламасының орындалуын талдау қорытындылары оғпн енгізілген бірқатар іс-шаралардың орындалмағанын көрсеткен.
Атап айтқанда, суды таратушы желілер және магистралдық құбырлар арқылы беру (реттеліп көрсетілетін) қызметтері бойынша 60 млн. теңгеден астам; сарқынды суларды бұру және тазарту қызметтеріне 22,5 млн. теңге қаражат тиісті жұмыс жасалмағандықтан игерілмеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша базалық мөлшерлемесін ескере отырып, негізсіз алынған кірістің жалпы сомасы төмендегі соманы құрады:
–суды таратушы желілер және магистралдық құбырлар арқылы беру қызметтерінен — 69,2 млн. теңге шамасында;
–сарқынды суларды бұру және тазарту қызметтерінен — 26 млн. теңгеге жуық.
Сонымен қатар кәсіпорын Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке шақырылып, 12,6 млн. теңге айыппұл тартты. Оның тең жартысын заң талабына сай жеті күн ішінде өтеді, — деп қорытты сөзін ведомоство басшысы.
Дәулетқали АРУЕВ