
Мониторингтік топ Атыраудағы дағдарыс орталығындағы жағдайды бағалады
Атырауда әйелдер істері жөніндегі мониторингтік топ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталығына барды.

30 адамға арналған бұл мекемеде қазіргі уақытта 4 әйел мен 15 бала тұрып жатыр. Оларға психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Дағдарыс орталығы 30 орынға есептелген. Қазіргі уақытта мұнда 4 әйел мен 15 бала тұрып жатыр. Мекемеде олар бір айдан алты айға дейін, ал күрделі жағдайларда бір жылға дейін тұра алады.
Жүгінген адамдарға психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Әрбір азаматпен әлеуметтік қызметкер жеке әңгімелесіп, жағдайды бағалап, әрекет жоспарын жасайды, кеңес беру уақытын белгілеп, зорлық-зомбылық себептерін анықтайды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенконың айтуынша, мониторингтік топтың мақсаты – әйелдердің қауіпсіздігі мен балаларды қорғау мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістердің жүзеге асырылу барысымен танысу.

“Біз бұл жұмыстардың өңірлерде қалай жүргізіліп жатқанын тексеріп жатырмыз. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау қажет. Біздің міндетіміз – осындай жағдайларды ерте кезеңде анықтап, қайғылы оқиғаларға жол бермеу. Біз материалдық-техникалық базамен таныстық, қанша отбасы көмекке жүгінгенін және қандай қолдау көрсетілетінін білдік. Жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны байқалады – адамдар жүгінеді және жергілікті органдардан көмек алады”, – деді ол.
Сонымен қатар, мониторингтік топ №7 емхана жанындағы және Геолог ауылындағы жастар орталықтарында, сондай-ақ Отбасыны қолдау орталығында болды. Бұл мекемелерде жастардың денсаулығы мен жұмыспен қамтылуына, құқықбұзушылықтардың алдын алуға, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кеңес беру көмегін көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.
Сапар қорытындысы бойынша орталықтардың жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайтыны және олардың жұмысы өңірдегі әйелдерге, балалар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсетуге бағытталғаны атап өтілді.
Динара ҚАНБЕТОВА
Суретті түсірген автор