Модернизациядан өткен «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры іске қосылды

img 3086 Жаңалықтар

Бүгін Атырау облысында реконструкциялаған және кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын іске қосу салтанаты өтті. Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми бастады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Салтанатты шараға бейнебайланыс арқылы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты. 

Сонымен бірге су құбырын іске қосу рәсімін тікелей сол өңірде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев және «Магистралды су құбыры» ЖШС ардагері Хамит Қабылов іске асырды. 

img 3087 1


«Су құбырын күрделі жөндеу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Оған тиімді жобалық шешімдер мен жоғары құрылыс қарқыны нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл жоба соңғысы емес, өңірде сумен қамтамасыз етуге байланысты басқа да ауқымды жобалар бар», — деді Әлихан Смайылов.

Мағзұм Мырзағалиев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚазМұнайГаз бүгінде Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын сумен қамтамасыз ету үшін үш ірі жобаны іске асырып жатқандығын атап өтті. 

«Биыл «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту жобасы іске қосылып жатыр. Жоба су құбырының өткізу қуатын тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін арттырады. Құбыр арқылы келген Еділ суы халықты, өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу жұмыстары су құбырының 177 шақырымына жүргізілді», – деді М.Мырзағалиев. 

img 3085

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту, I кезең» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталды. Ұзындығы 176 шақырымдай Астрахань-Маңғышлақ магистральды су құбырының екі учаскесін ауыстыру және тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары аяқталды. Құрылысқа 500-ден астам адам жұмылдырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырының өткізу қабілеті «Астрахань – Атырау» учаскесінде тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін артады.

Инфрақұрылымдық жобаны «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басшылығымен «Магистральды суағызғысы» ЖШС («ҚазТрансОйл» АҚ қатысу үлесі 100%) жүзеге асырды.
ҚМГ былтыр Маңғыстау облысының Қаражанбас кен орнында тест режимінде қабат суын тұщыту зауытын іске қосқанын атап өткен жөн. 

img 3088

Сонымен қатар ҚМГ Маңғыстау облысының Кендірлі кентінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауытын салу жобасымен айналысады. Жоба аясында су тұщыту зауытынан Жаңаөзен қаласына ұзындығы 105 шақырым болатын магистральды су құбырын тарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта зауытты жобалау жұмыстары жүргізілуде, инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық, батиметриялық іздестіру жұмыстары, зертханалық және камералық жұмыстаратқарылды. Болашақта бұл тұщыту зауыты Астрахань-Маңғышлақ су жүйесіне түсетін жүктемені азайтады деп күтілуде.

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры жайлы не білеміз?

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры – стратегиялық маңызды нысан, ол Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұтынушылары, сондай-ақ Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау облысының Маңғыстау, Қарақиян және Түпқараған аудандары үшін жалғыз орталықтандырылған су көзі болып отыр. Суды тұтынатын халық саны Маңғыстау облысы халқының 35% және Атырау облысында 28%. Жыл сайын халықтың су тұтынуы 4-5 пайызға артып келеді.

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырының су көзі Еділ өзенінің сағалық саласы – Қиғаш. Атырау облысындағы мұнай-газ өндіру және өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан мұнай-химия өндірісі жобаларының жұмысы мен дамуы Еділ суының үздіксіз жеткізілуіне байланысты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз