Мобильді аударымдарға шектеу неге қойылды?-Маман пікірі
«Мобильді аударымдарға» шектеу қойылғаннан бастап тұрғындар базарда сауда жасай алмай дел-сал болды. Өйткені, жеке кәсіпкерлер тауарға төлем жасау үшін қолма-қол ақша талап етіп отыр. Ал, кейбір дүкендер өткен жылдың соңында-ақ 1-қаңтардан бастап «онлайн аударым» жасалмайтынын хабарлап, қағаз ақшамен келуін өтінген еді.
–Үйге азық-түлік алудың өзі мұң болды. Бүгінде бәріміз «мобильді аударымға» дағдыланып алғаннан кейін «көк қағазды» қалтаға салып жүруді ұмытыппыз. Банкоматта да кезек күткен халық көп. Бәрі ақша түсіріп әлек. Себебі, дүкеннен сауда жасау үшін қолма-қол ақшамен ғана есеп айырысу қажет. Кәсіп иелері «онлайн аударым» үшін салық төлейтіндіктерін айтып, бізден қағаз талап етіп отыр,-дейді Атырау қаласының тұрғыны Ләйла Қуанбаева.
Жалпы, біз бұл мәселені газетіміздің өткен санында да көтерген болатынбыз. Өйткені, биылдан бастап кәсіпкерлердің «мобильді аударымдары» тексеріле бастады. Содан бері қоғамда екіжақты пікір қалыптасты. Бизнес иелері табыс пен кірісті тексеріп, мәлімет алу жеке тұлғаның құқығын шектеу екеніне шағымданды. Ал, салық органдарының өкілдері бұл бастаманың «көлеңкелі экономиканы» жоюға бағытталғанын ұдайы айтып келеді.
–Кейбір қазақстандықтар жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жасырады. Яғни, төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей, кәсіпкерлікпен айналысады. Осыған байланысты, елімізде азаматтардың алған мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау өлшемшарты жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әр түрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алуы болып табылады. Мәселен, бір адамға ағайын-тума, достарынан қаражат бірнеше мәрте аударылып отыруы мүмкін. Бірақ, 100 түрлі адамнан ақша түсуі ақылға қонымсыз жағдай, — деп түсіндірді Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті №2 камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Серіккерей Қуанов.
Бұл жаңалыққа қатысты кәсіп иелері тарапынан да сұрақ көп. Мәселен, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауал көп болды. Айталық, кейбіреулері «Каспий Пэй» қосымшасы арқылы төленетін салық мөлшерін білмейді екен. Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті №2 камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Серіккерей Қуановтың айтуынша, оның мөлшері салық төлеушінің салық режиміне байланысты болады. «Мысалы, біреуінде ол 1-3 пайызға дейін болуы мүмкін. Енді бірінде 4 пайыздан 10 пайызға дейін жетуі ғажап емес»,-дейді ол.
Атап айту керек, биыл жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталған еді. Оны бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Осы кезеңде Атырау облысы бойынша 87 мыңнан астам жеке тұлға декларациялануы қажет. Күні бүгінге дейін 127 адам декларациялаудың 3-кезеңін тапсырды, — дейді С.Қуанов.
Мұндай бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Сондай-ақ, жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін «мобильді аударымдарды» жасай және қабылдай алады.
–Бақылау шаралары қызметті тіркеу және кірісті төмендету бойынша камералдық бақылауды қамтиды. Жалпы камералдық бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл жерде жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды жасай және қабылдай алатынын атап өту маңызды. Ол дегеніміз — туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірге қажетті жағдайларға байланысты аударымдар. Мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені мұндай аударымдар бір жолғы болып саналады, — деп түсіндірді С. Қуанов.
Ал, төлем карточкаларын қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерге ескерту жасалынады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 194-бабына сәйкес, ел аумағында сауда қызметін жүзеге асыру кезiнде төлемдерді және аударымдарды қабылдауға мiндеттi дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның төлем карточкаларын пайдалана отырып, оларды қабылдаудан бас тартуы – ескерту жасауға алып келеді. Сондай-ақ, осы баптың бірінші бөлігінде көзделгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады»,-деп атап өтті Серіккерей Қуанов.
Айбөпе Сабырова