Үмітті үкілеген «Бейбарыс»
Арада екі апталық үзілістен соң шайбалы хоккейден ел біріншілігінің ойындары жалғасуда. Қазақстанның үш дүркін чемпионы Атыраудың «Бейбарыс» хоккей клубы Өскеменде жергілікті «Алтай-Торпедо» командасымен кездесті.
Қаңтар айында Италияда өткен Құрлықаралық Кубок жолындағы бәсекеден күміс жүлдемен оралған Александр Истоминнің шәкірттеріне өскемендік хоккейшілер кездесудің алғашқы кезеңінде тегеурінді қарсылық көрсетті. Ойынның екінші және үшінші кезеңдерінде жерлестеріміз Малюшин, Зубков және Степановтар бір-бір шайба соғып, жеңіс сыйлады. Сөйтіп, 41 кездесуден соң 92 ұпай жинаған «Бейбарыс» бұрынғысынша турнир кестесінің екінші сатысында келеді. Біріншілік көшін 102 ұпаймен Көкшетаудың «Арланы» бастауда.
Кеше кешкісін жерлестеріміз «Алтай-Торпедомен» екінші кездесуін өткізді. «Бейбарыс» бұдан соң 10-11 ақпанда оңтүстік астанада «Алматы» командасымен кездеседі.
Бақытжан Жұмат