Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе? – Президент жауабы

gengegne Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында қаңтарда митингке шыққандар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар қасіретіне» келейік. Жыл басындағы қанды оқиға, өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе? Негізі, адамдар басында бейбіт шеруге шықты емес пе?», – деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.

«Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингке қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі», – деп жауап берді Қ. Тоқаев.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар трагедиясы кезінде бейбіт митингіні тәртіпсіздікке ұластырғандардың қайдан пайда болғанын айтты.

«Мен осы сұраққа бірнеше рет жауап бердім. Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, арандауға ерген бейбіт шерушілерді лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек.

«Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді. Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын», – деді Президент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз