ҮМІТ ПЕН СЕНІМ

Жұмыс мәселесі, қаржылай көмек, пәтер кезегі, әлеуметтік осал топқа көрсетілер көмек түрлері. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов аталған тақырыптар аясындағы сұрақтармен келген тұрғындардың мәселесін қарады.

Ақжар селосының Бейбіт-шілік көшесі  тұрғындарының «көшемізге асфальт жол салынса» деген тілегін айта келген Нұрсұлу Есенғалиева жауын-шашын күндерінде қатынастың қиындайтынын жеткізді.

Тұрғынның сауалына орай белгілі болғанындай, келесі жылы аталмыш көшеге төселетін жолдың жобалық-сметалық құжаттары жасақталмақ. «Тиісті құжаттар даярланып, арнайы тендер өткізілгеннен кейін жол төсеу жұмыстары қолға алынады» деген Бақтықожа Салахатдинұлы асфальт төсеу кезінде жаяу жүргіншілер үшін тротуарды салудың міндетті екендігін баса айтып өтті.

«Ақбота» балалар үйінің тәрбиеленушісі Бауыржан Ильбаев жұмысқа орналасу және пәтер кезегі мәселесімен қабылдауға келіпті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева бұл азаматтың бірнеше компанияның сұранысына сай, жұмысқа жіберілгенімен, сынақтан өтпей қалғандығын жеткізді. Арнаулы орта білімі бар Бауыржанның мамандығы – тас қалаушы. Бүгінгі күні аталған басқарманың араласуымен, «Ресурс менеджмент сервисез» мекемесіне жұмысқа орналастыру жайы қарастырылуда. Сондайақ, оған облыс әкімі «Қазіргі уақытта аумағы 41 шаршы метр болатын бір бөлмелі 240 пәтерлік жаңа үй салынып жатыр. Сондықтан, құжаттарыңды жинақтап, тізімге енгізу туралы қала әкімі Серік Айдарбековке тапсырып отырмын» деді облыс әкімі.

«Нұрсая» ықшам ауданының №25,26,27,28,29 үйлерінің алдында балалар алаңы салынбаған. Сол секілді қоғамдық көлік тоқтайтын аялдаманың да жоқтығы тұрғындар үшін өзекті мәселе болып отыр» деген Рахила Айтжанованың мәселесіне орай, аймақ басшысы келер жылдың бірінші жартыжылдығында ойын алаңы мен арнайы аялдама салу жөнінде тапсырма берді.

Туылғаннан мүгедек, жұмыскерлік Алмас Отарғалиев «Атырау бизнесқұқық колледжінде алған есепшіревизор мамандығым бойынша жұмыс табылар ма екен деген үмітпен облыс әкіміне келіп отырғандығын жеткізді. Азаматтың отырып жұмыс жасауға қабілетті екендігін ескерткен Бақтықожа Салахатдинұлы бұндай сырқатпен қандай жұмыс түрлерін жасауға болатынын анықтаған арнайы дәрігерлік сараптама нәтижесін әкелсе, жұмыспен қамту орталығы арқылы мәселесін шешуге тапсырма берді.

Екі бірдей баласы туа бітті ауруға шалдыққан Ғаріпжан Мұханғалиев жергілікті дәрігерлердің ем-домынан еш нәтиже болмай тұрғанын айта келе, көршілес Астрахандағы орталыққа емделу үшін қаржылай көмек көрсетуді сұрайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев Үкімет қаулысына сай, «ДЦП және дауна синдромы» сырқаттары шетелге емделуге жіберілмейтіндігін айтып өтті. Өз кезегінде аймақ басшысы астрахандық мамандармен байланыс орнатқан Ғ.Мұханғалиевтың қолындағы көрсетілер қызмет түріне белгіленген ақының сомасымен таныс болған соң, бұл мәселені өз бақылауына алуды қала басшысына жүктеді.

Қабылдауға келген Ольга Клинцова жеке тұрғын үйінің жоқ болуы себепті үш баласымен саяжайда тұрады. Мәселенің мәнісімен танысқан аймақ басшысы 240 пәтерлік тұрғын үйге құжаттарын жинақтауды тапсырды.

Қабылдауды қорытындылаған Бақтықожа Салахатдинұлы «мұнда келген әр адам үлкен үміт арқалап келеді. Сол себепті мәселесін мейлінше шешуге жұмыстанғанымыз жөн» деп атап өтті.

Гүлжан Тасболатқызы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз