Министр Абаев «Қалаулым» мен «Өз ойым» бағдарламаларын жабуға қатысты пікір білдірді
Аtr.kz/25 сәуір, 2019 жыл. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Nur Otan» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау кезінде «Кел, келінім», «Қалаулым» және «Өз ойым» бағдарламалардың мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыдан бейнебайланысқа шыққан журналист Бибігүл Ысқақова аталған жобалардың жастар тәрбиесіне кері әсер етіп жатқанын жеткізді.
«Бүгінде телеарналар рейтингтің құлы болып кетті. Соның бірі — 7-ші арнадағы «Өз ойым» бағдарламасы. Оны түскі сағат 15:00-де көрсетеді. Ол кезде үйде отырған әйелдер мен апалар көреді. Балалар да көреді. Өзім көріп едім, сұмдық бағдарлама екен. Шетелде талай рет болдым, түскі уақытта ондай масқараны көрген емеспін. Мәселен, Ресейдегі «Дом-2»-ның өзін түнде көрсетеді. Ал біздегі «Өз ойым»-ды түсте көрсетіп, жыныстық қатынас туралы ашық айтады», — деді Б.Ысқақова.
Осы орайда журналист нақты мысалдарды да келтіріп, ондай бағдарламалардың жастар тәрбиесіне қаншалықты кері әсер ететінін жеткізді. Бүгінде көрермендер де жиі арызданады, ондай жобалардың мазмұнына баса назар аударуды сұрайды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз кезегінде журналистің азаматтық ұстанымын құптап, ондай сын-ескертулерді жиі айту керектігін жеткізді.
«Біріншіден, бұл жекеменшік арна. Мен министр ретінде тек терроризм немесе балаларға қарсы бір теріс контент болса ғана араласып, ондай үгіт-насиxатқа әсер ете аламыз. Әйтпесе, цензура болып кетеді. Мәселен, қазір сіздер маған «Өз ойым», «Қалаулым» сияқты бағдарламаларды неге жаппайсыз деп ұрсасыз да, ал осы жерден шыққаннан кейін мені сөз бостандығына шектеу қойды деп сынайды. Сол себепті бұл жердегі басты мәселе — көрерменнің қалауы. Себебі әрбір ата-ананың қолында, баланың қолында теледидардың пульті бар. Қандай бағдарлама көретінімізді өзіміз таңдауымыз қажет. Екіншіден, ата-аналардың жауапкершілігі де бар. Балалар қандай арнаны көріп отыр? Қандай әлеуметтік желілерде отырады? Осыны ата-аналар бақылап отыруы қажет», — деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұған дейін 7 арнаның басшылығы мен бағдарлама авторларымен келіссөздер болды. Оған сәйкес, бағдарламалардың мазмұны дұрыс болуы керек.
«Мәселен, «Қалаулымды» алайық, енді, мен өзім көрмеймін, бірақ маған айтты, қазіргі бағдарламалары күрт өзгертіп жатыр. Осы «Қалаулым» басында шыққанда қандай болды, қазіргі тақырыптары басқаша. Сол сияқты «Өз ойым» да бірте-бірте қалыпқа келеді деп ойлаймын», — деп атап көрсетті Д. Абаев.