
«Минибостар» мектебі
Atr.kz/16 қазан, 2019 жыл. Әлемге әйгілі «Минибосс» бизнес мектебі Атырауда да ашылды. Бұл – 6 мен 14 жас аралығындағы балаларға кәсіпкерлік негіздерін үйрететін білім беру орталығы.
Франшиза өзге елге тиесілі болғанымен, жаңа жобаны жүзеге асырып отырған – атыраулық кәсіпкер Лилиана Хегай.
– Біз балалар мен жасөспірімдерді халықаралық мектеп үлгісінде оқытамыз. Оқушылар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінеді. Күні кеше ғана бір топ шәкіртіміз Болгарияда өткен бизнес-байқаудан үшінші орын иеленіп келді. Бұл – бір жыл бұрын ғана ашылған мектеп үшін зор жетістік, — дейді ол.
Жалпы, балаға ақша санауды үйрету оңай шаруа емес. Осы орайда, экономика сабағы мұнда ойын форматында өткізіледі екен. Оқу ұзақтығы – сегіз жыл. Бір ерекшелігі, орталықтағы оқуды тәмамдаған оқушылар кейін шетелдік белгілі оқу орындарына түсе алады.