Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Міндетті медициналық сақтандыру қоры: Жаңа жүйенің тиімділігі неде?

Келесі жылдан бастап елімізде Міндетті медициналық сақ-тандыру қоры құрылады. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. Ақпарат таратылуда. Яғни, жұмысшы азаматтардың өздері айлық жалақыларынан жарнаны медициналық сақтандыруға аударуға міндеттеледі. Алғашқы жылы 3 пайызы, кейін 5, 7 пайызы аударылады. Жұмыссыздар мен зейнеткерлер үшін қаржы Үкімет тарапынан төленеді. Жалпы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты (әлеуметтің әлжуаз топтары) босатылады.

Жұмыс беруші мен жұмысшының бірлесе сатып алатын медициналық сақтандыру полисі Батыс Еуропа елдерінің моделінде жасалған. Шет елдерде әлдеқашан дамып кеткен аталмыш қор біздің елде қалай жүзеге асады?

Алмагүл САУДАБАЕВА,

«NСРOC» компаниясының тікұшақ бөлімінің  үйлестірушісі:

«Дәрігерге қаралуды міндеттейді»

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры еліміз үшін өте тиімді болады деп есептеймін. Өйткені, қазіргідей нарық заманында кез-келгеніміз денсаулығымызды тексертіп, ауырғанда маманға жүгінуге салғырт қараймыз. Дәрігерге қаралар кезде қалтамызда қаражат та болмай қалады.

Ал, сақтандыру қорына жинаған ақшаң  кез келген уақытта қолжетімді. Қалаған уақытыңда жоғары сапалы медициналық қызметті пайдалана аласың. Өзім он жылдан бері шетелдік компанияның қызметкерімін. Компания жұмысшыларына арналған медициналық сақтандыру қоры бар. Өте тиімді. Бұған дейін «Интертич» орталығының қызметін пайдаланып келсек, қазір «Самал Медикал» медициналық орталығына тіркелгенбіз. Дәрігерге алдын ала жазылу арқылы келесің. Қызмет көрсету  сапасы жоғары. Ешқандай кезек жоқ.

Серік КЕНЖЕЕВ,

қала тұрғыны:

«Халықтың көңілінде күдік бар»

– Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан кеңестік денсаулық сақтау жүйесінен бас тартты. Бүгінгі мәселе болып отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі – сол кезде денсаулық сақтау саласындағы тың жаңалық болған еді. Кезінде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, аталмыш қорға директоры да тағайындалған. Алайда, ол басшының екі жылдан кейін шетелге қашып кеткені туралы ақпарат тарады.

Шекара асқан шенеунікпен бірге, міндетті медициналық сақтандыру қорындағы 150 миллион теңге де құмға сіңген судай жоқ болды. Бұл іске қатысты арнайы тергеу жұмыстары жүргізіліп, экс-директор «қомақты қаржыны ұрлағаны үшін» айыпталды. Сөйтіп, ел Үкіметі сәтсіз аяқталған қордан да, жүйеден де бас тартты. Сондықтан, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, қорға сенім білдіре алмаймыз. Өйткені, ол қорға кезінде мен де ақша жинаған болатынмын.

Гүлдана АЙТБАЕВА,

мұғалім:

«Екіжақты қараған дұрыс»

– Жаңа жүйенің жаңалығы болады. Бірден тиімсіз деп, кесіп айтуға да болмас. Екіжақты қараған дұрыс. Емханадағы кезек мәселесінің бір жолға қойылуы, дәрігердің тұрғындармен сөйлесу әдебінің дұрысталуы үшін қордың тиімді жағы бар. Қалай дегенде де, ақылы қызмет сапалы болады. Жүйе жергілікті жерде дұрыс жұмыс істесе, қарапайым тұрғындар үшін пайдасы көп болады деп ойлаймын.

Бір түсініксізі, қорға жинақталған ақша қайтарылмайтын болып отыр. Жинақтап келіп, ертеңгі күні шетелге көшіп кетсең, қордағы ақшаң сол елде қалып қояды. Өзіңмен бірге алып кете алмайды екенсің. Сондай-ақ, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, дүниеден өткен адамның қорға жинақтаған ақысы жақындарына берілмейді екен.

Маман пікірі

Балкенже БАРСАЕВА,

Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің

Атырау облысы бойынша департаментінің  басшысы:

«Басты үш мәселе бар»

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры туралы әңгіме қозғалғанда, денсаулық сақтау саласындағы негізгі үш мәселені атар едім.

Біріншісі – денсаулықты сақтауда азаматтар мен жұмыс берушілердің ынтымақтығының жоқтығы. Бұл ретте денсаулықты сақтау ауыртпалығы мемлекетке ғана түседі. Азаматтардың салауатты өмір салтына деген көзқарасы төмен, өздігінен дәрігерге қаралмайды. Денсаулығына деген жауапкершілікті сезінбейді.

Екіншісі – дамыған елдерде денсаулық сақтау саласына үкімет тарапынан бөлінетін қаржының 65 пайызы алғашқы медициналық көмекке беріледі. Бұл өте дұрыс. Ал, біздің елде керісінше, бұл көрсеткіш қымбат стационарлық бөлімдегі емделушілерге қарастырылған. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан бөлінген қаражаттың толық көлемде қамтылмау себебінен, ҚР азаматтары кейбір медициналық көмек түрлерін ақылы түрде –  өз қаржысы есебінен төлеп қол жеткізіп отыр. Бұл  көрсеткіш 35 пайызды құрайды. Алдағы уақытта қор құру арқылы тұрғындарға  ақылы түрде көрсетілетін медициналық көмек деңгейін  азайтуды (17 пайызға — авт.) көздеп отырмыз.

Үшіншісі – мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа жариялылық керек. Әртүрлі медициналық қызмет берушілермен өзара қарым-қатынас анық, айқын тарифтік, келісім-шарттық саясат МӘМС жүйесінің тиімді қызметінің негізі болады. Бұл дегеніңіз, медициналық қызмет көрсетушілер арасындағы бәсекелестіктің әрмен қарай жетілдірілгенін көрсетеді. Қызмет сапасының жақсаруының да кепілі.

Екі «пакетті» біліп алыңыз!

Біріншісі – негізгі (базалық) пакет – мемлекет қамтамасыз ететін медициналық көмек көлемі. Бұл қызметтер пакетін Қазақстанның барлық азаматтары тегін пайдалана алады. Оның құрамына жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметтері, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді.

Екінші пакетті ел азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ болса да, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, сондай-ақ,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі болған тұлғалар ала алады.

Қаражат қайда жинақталады?

Ай сайынғы міндетті салымдарды жинақтап, медициналық қызметтерді сатып алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Медициналық қызметтер ақысын төлеу комитетінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» құрылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болады.

Жарна төлеуден кімдер босатылды?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар: балалар, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан тұлғалар. Сонымен бірге, бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер,  үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері, құқық қорғау органдарының жұмыскерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарна төлеуден босатылады.

МӘМС жүйесінің негізгі қағидалары:

  1. Тұрғындардың барлығы қатысуы тиіс (жалпыға бірдей қамту);
  2. Әрқайсысы жарна төлеуі тиіс ( не болмаса ол үшін мемлекет төлейді).
  • Әлеуметтік әділдік:
  1. Экономикалық белсенді халықтың жарналары төлем қабілеттілігіне, яғни табысына байланысты.
  2. Экономикалық белсенді емес адамдар үшін мемлекет жалпы салықтан төлейді.
  • Ынтымақтастық:
  1. Әрбір сақтандырылған адамның төлеген жарнасының сомасына қарамастан МӘМС төлейтін медициналық көмекті алуға құқы бар.
  2. Р.S.
  3. Әлем елдерінің көпшілігі денсаулықты сақтандыруда міндетті медициналық жүйеге жүгінген. Мәселен, Литва елі бұл жүйеге 1997 жылы көшіпті. Содан бері аса үлкен өзгеріске ұшырамаған. Азаматтар өз кірісінің тоғыз пайызын сақтандыру қорына аударады екен. Алғашында бұл елдің халқы да сенімсіздік танытыпты. Өйткені, жүйені неміс мамандары дайындаған. Мамандар сақтандыру қоры кірісінің аралас түрін жасаған көрінеді. Яғни, бір бөлігін азаматтар өз қалтасынан төлесе, екінші бөлігі мемлекет қазынасынан толықтырылады. Бұл біздің еліміздегі енгізілгелі отырған жүйенің ережелеріне өте ұқсас. Демек, қазақстандық міндетті медициналық сақтандыру қорының да тиімді жақтары молынан болатынына сенейік.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button