Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Міндетті медициналық сақтандыру

Сапа кепілі ме, заман талабы ма?

Келер жылдан бастап еліміздің барлық тұрғыны баладан бастап зейнеткерге дейін, жұмыс жасайтынына немесе жұмыссыздығына қарамастан, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қажетті барлық дәрігерлік көмекті алады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Міндетті медициналық сақтандыру» туралы Заңға қол қоюы арқасында жүзеге аспақ.

Міндетті медициналық

Жаңа жүйе болғандықтан, «оны енгізудің қажеттілігі неде, тиімді тұстары қандай?» деген сан сұрақтар туындайтыны түсінікті. Біз осы мәселе бойынша бірқатар мамандардың пікірін білген едік.

 

Сапалы дәрігерлік көмек

Роза ӘБДІРАХМАНОВА, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу  комитеті  Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы:  

— Міндетті  әлеуметтік  медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Заңға сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтылған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Ал, екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауру түрлерін есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық оңалту, мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек жатады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе қатысушыларына  уақытылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсынуды қамтамасыз етеді.

 

Басты мақсат – әлеуметтік теңсіздікті жою

Зәуреш АМАНЖОЛОВА, заң жобасының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Жүйені енгізудің негізгі мақсатын бірнеше қырынан қарастыруға болады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың тұрақтылығы, тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медициналық ұйымдар бәсекелестігін құруға бағытталған жаңа экономикалық қатынастарды дамыту, нарыққа бағытталған басқару жүйесін енгізу, медициналық көмекті ұйымдастыру, жаңа медициналық технологияларды ендіру және емдеу мекемелерінің негізгі құралдарын дер кезінде жаңартып отыру үшін жағдай жасау және тағы басқалары. Ең бастысы – тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін ояту және  ірі кәсіпорындардағы, сондай-ақ, мемлекеттік ұйымдар мен ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге бағытталған. Бұл үшін бюджеттік ұйымдар медициналық қызметкерлерін бәсекеге қабілетті болатындай жалақымен қамтамасыз етулері қажет.

Алғашында мемлекетттің жүйеге төлем жасауын 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асыру көзделген еді. Кейін келер жылдың 1 қаңтарына ауысты. Мұның негізгі себебі, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі күнтізбелік жылға бірдей есептелгендігінде.

 

Дәрігерді Науқастың өзі таңдайды

Әсия НАРЫМБАЕВА, Геолог емханасының бас дәрігері:

— Бұл жүйе азаматтарға медициналық көмекті арнайы қорға жиналған қаражат есебінен ғана алуға мүмкіндік береді. Ал, сақтандыру жарналарын азаматтардың жұмыс беруші мекемелері төлейтін болады. Бұл ретте экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны мемлекет төлейтінін атап өту керек. Жұмыс жасамайтын азаматтар жұмыспен қамту орталығына тіркелген болса жеткілікті, онда  мемлекет  жарна  төлейді. Ал,  егер адам орталықта да, салық органдарында да  тіркелмеген болса, заң бойынша ең төменгі айлық көрсеткіштен өзі үшін төлем жасап отыруы керек.

Жаңа реформа кезең-кезеңмен іске асырылады. Алдымен, арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, оған жұмыс беруші мекеме өз қызметкерлері үшін ай сайын  жарна аударатын болады.

Қорда әр азаматтың жеке шоты ашылып, ол адамға электрондық төлқұжат ашылады. Ал, жинақталған қаражат науқастардың емделуі үшін емханаларға жіберіледі.

Жалпы, медициналық сақтандыру қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді жойып, саладағы жұмысты жүйелеуге жол ашады. Яғни, әрбір адам өз еміне өзі қаражат жинақтағандықтан, емдеу орны мен дәрігерді де өзі таңдайды. Нәтижесінде, медициналық қызмет сапасының артуына жол ашылмақ.

Аталмыш қорға жарна төлеуден босатылатындар да бар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 15 санат белгілеп отыр. Оның ішінде он екісі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр аналар», сонымен қатар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Соны­мен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген, тағы басқа азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған.

Айгүл Ертілеу

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button