Міндетті автосақтандыру құнын есептеу көрсеткіштері бекітілді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын 2025 жылға арналған таргеттелетін шығын мен анықтық факторының мөлшерін бекітті.
Kaz.inform.kz таратқан мәліметке сүйенсек, биыл 29 тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын таргеттелетін шығын және анықтық факторының 2025 жылға арналған мөлшерлерін бекіту туралы» №71 басқарманың қаулысын қабылдады.
«Мәні 60-80% диапазонында болуы тиіс таргеттелетін шығын міндетті авто сақтандыру бойынша шығынның нысаналы көрсеткішін сипаттайды. 2025 жылға таргеттелетін шығын мөлшері өткен жылы анықталған деңгейде сақталды және 65% мөлшерінде белгіленді. Өз кезегінде, анықтық факторы – бұл сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқордың пайдаланылатын деректеріне сенімділік дәрежесін сипаттайтын коэффициент», — делінген агенттік хабарламасында.
Түзету коэффициенттерін есептеу жүргізілетін сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқордағы деректер сапасының жақсаруына байланысты анықтық факторы өткен жылмен салыстырғанда ұлғайтылды және 70% деңгейінде бекітілді.
«Бұл көрсеткіштер бұдан әрі міндетті авто сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін көлік құралының тіркелген аумағы бойынша түзету коэффициенттерін айқындау үшін қолданылады», — дейді ведомстводан.