МИЛЛИОНДАҒАН БЕКІРЕ ШАБАҒЫ ЖАЙЫҚҚА ЖІБЕРІЛДІ (+ФОТО)
Балықты аулап қана қою – аздық етеді, оны өсіру – одан да маңызды міндет, деп хабарлайды Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Атыраудың «тірі алтынын» көбейту бағытында 2018 жылы тамызда ауыл шаруашылығынан бөлініп шыққан Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы тарапынан тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі, кеше ғана Еркінқала елдімекенінде орналасқан «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» кәсіпорнынан 4 миллионға жуық бекіре тұқымдас балық шабағы Жайық өзеніне жол тартты…
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫНЫҢ айтуынша, науқандық шара мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында және табиғат пайдаланушылардың балық шаруашылығын дамыту жоспары бойынша іске асып отыр.
Айта кетейік, аталған зауыттың іргетасы 1998 жылы қаланған. Бүгінде республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып табылады. Мұнда барлығы 78 адам жұмыс жасайды. Арнайы хауыздар (бассейн) мен тоғандарда бағалы балық өсіріледі. Жыл сайын Жайыққа 3,5 миллион шабақ жіберіледі. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс 100 пайызға орындалып отыр. Бұл жолы да 3 млн 779 мың шабақтың салмағы мен басқа да көрсеткіштері талапқа сәйкес келеді. Мұны арнайы құрылған комиссия жіті тексеріп, көз жеткізді.
Айта кетейік, биыл бекіре шабағы осымен екінші рет Жайыққа жіберіліп отыр. Бұған дейін, осындай шара шіліңгір шілденің орта шағында өткен еді. Ол кезде өзенге Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының тоғанындағы 100 мың бекіре, атап айтқанда, сүйрік (стерляд) балығының шабағы жіберілген болатын.
*Суреттерді басқарманың баспасөз қызметі ұсынды