Халыққа құрметтің жарқын көрінісі

Жер – ата-бабадан қалған баға жетпес байлық, халықтың мәңгілік мұрасы. Сол себепті оған жеңіл-желпі қарауға әсте болмайды. Жасыратыны жоқ, елімізде жерге қатысты мәселе көтерілгеннен бері халықтың көңілі қобалжулы болды. Маған да көптеген мәселелер ой салды. Бағымызға қарай, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халық жағында екенін тағы да ісімен дәлелдеп,  Жер кодексінің кейбір нормаларының күшіне енуіне мораторий жариялады. 

Мен Елбасымыздың төрағалығымен өткен жиынды теледидардан бастан-аяқ қарап, ол кісінің әрбір сөзімен толықтай келісіп отырдым. Қай кезде де билік органдары реформаны бастар алдында қарапайым халыққа түсінік жұмыстарын жүргізіп отырғаны ләзім. Президентіміздің өзі айтқандай, осындай жұмыс кемшін қалған сияқты. Содан келіп түсінбестікке жол берілді.

Біз  –  көпті көрген адамдармыз. Халықтың не ойлайтынын айтқызбай-ақ, дөп басып біліп отырамыз.

Аталарымыз «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Алаңға шыққан жұрттың бәрінің айтқаны қате дей алмаймыз. Олардың арасында «айтаққа» ерген бірлі-жарым жан болып қалар. Дегенмен, дені туған елі мен жерінің, халқы мен ұрпағының болашағын ойлайтындар екеніне сенемін. Елбасымыздың өзі айтқандай, жұртқа жағымды, солардың мүддесін көздейтін, қорғайтын заңдар ғана қажет. Сонда ғана ешқандай реніш, негізсіз әңгіме де болмайды.

Есен  ТАСҚЫНБАЕВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз