Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

«Мешіттің де тәрбие ошағы екенін ұмытпайық…»

Назарларыңызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан МАНСҰРОВПЕН сұхбатымызды ұсынамыз.

– Елдегі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Ислам тарихына қарайтын болсақ, П а й ғ а м б а р ы м ы з М ұ х а м м е д ( с . ғ . с ) дәуірінде, кейін сахабалар дәуірінде де дінде айтарлықтай мәселе болған жоқ. Яғни, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге өмір сүрген сахабалар дәуірінде діни ахуал қалыпты болды. Кейін үшінші халифа Османның, төртінші халифа Әлидің тұсында дін мәселесінде проблема қатты өршіді. Түрлі жат ағымдардың пайда болып, діни тұрақсыздықтың орнауы осы кезеңде басталған еді.

Тарихи жағдайларды саралай отырып, сол кезеңде сырттай мұсылман болып көрініп, дін арасында іріткі салғандардың көп кездескенін көруге болады. Кешегі 70-80-ші жылдар мен бүгінгі ХХІ ғасырдағы жағдайды салыстырғанда, біраз дүниені саралауға болады. Рас, сонау жылдары қоғамда дінді ұстануға тыйым салынды. Діндар қауым емін-еркін мектеп, медресе тұрғыза алмады. Небір сауатты ишандар, ахундар қудаланды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен сол заманнан соң еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік таңы қазақ даласына діни еркіндікті ала келді. Азаматтар намазға, имандылыққа бет бұрды. Кезіндегі құлыптаулы клуб орнына мешіттер тұрғызыла бастады.

Осындай елеңалаң тұста далаға діннің ішіндегі тармақтар проблемасы келді. Бұл 2000-шы жылдар еді. Осы аралықта орын алған проблемаларды санамалаудың өзі артық. Себебі, мұны халық жақсы біледі. Яғни, бұл жағдай бір ағын еді. Аты айтып тұрғандай, ағым су секілді ағып барады, түбінде тазалық қалып жатыр. Ерекше атап өтерлігі, дәл қазір қоғамда діни мәселе бірізділікке түсіп келеді. Неге? Себебі, тәуелсіздік таңында елімізде қайтадан діни мектеп қалыптасты. Медресе, колледждер есігін ашты. Алматыдағы Нұр-Мүбәрак университеті бірден-бір жоғары білім беретін оқу ордасына айналды. Жаңа кадрлар дайындалып, жетіліп келе жатыр.

– Жат тармақтар тақырыбы қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемде терроризм атты қауіпті проблеманы туындатып отыр. Бір ғана Таяу Шығыстағы жағдайлар терроризмнен келетін қауіптің ауқымы қандай болатынын көрсетті. Демек, ағымдармен күрес туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінде халық дұрыс бағыт пен бұрыс бағытты айыратындай деңгейге жетіп қалды. Ертеректе дінді ұстанғандарға «барлығы бірдей» деп қарайтын көзқарас қазір аса бір өршіп тұрған жоқ. Біріншіден, егер біздің уақытымыз да, біліміміз де, күш-қуатымыз бір ғана жат ағымдар мәселесіне жұмсала беретін болса, дұрыс бағыттағы жамағат қараусыз қалады. Сондықтан, жат ағым тақырыбын психологиялық тұрғыда да өршіте беруге болмайды. Керісінше, жат ағымға балама бола алатындай жастармен жұмысты күшейту керек. Екіншіден, теріс ағымдармен күресте бізге білім ғана көмекке келе алады. Әдетте, терең білім – ислам шариғатындағы ең үлкен қару. Қазіргі уақытта біз білімді, өмір сүру салты, дәстүрді дәріптеу арқылы жат ағымдардың идеологиясымен күресіп келе жатырмыз.

– Ал, мешітке келмей, өзара топтасып жүретін жаңа топтармен арада байланыс бар ма?

– Мәселен, қазір хаддадиттер деп аталатын топ бар. Мұсылмандардың құбылаға қарап намаз оқитын қасиетті орны мешіт туралы Құранда айқын айтылғанына қарамастан, олар тіпті, мешітті намаз оқитын орын ретінде қабылдамайды. Мұндай қасаң түсінік бұрын-соңды ислам тарихында кездескен емес. Осындай теріс түсінікте жүрген бұл топ үйді-үйге бөлініп, өзара сұхбат құруды әдетке айналдырып алған. Әрине біз біреудің шаңырағын бұзып кіріп, отырыстарын бұза алмаймыз. Бірақ, халықты сақтандыру – біздің міндетіміз. Қазір Қазақстанда діни білімі жоқ адамдарға бұқара арасында уағыз-насихат жүргізуге заңмен тыйым салынғанын айрықша атап өткеніміз жөн. Сондықтан, қандайма кездесу, сұхбат алаңдарында жүрсек те, біз барлық жамағатты діни мәселеде дәрісті үйден емес, мешіттен алуға, ұстаздарға жүгінуге шақырамыз.

– Бүкіл әлемді алақанға сыйғызып жіберген интернеттің мүмкіндігін қалай пайдаланып отырсыздар?

 – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында интернет желісімен жұмыс істейтін үлкен бөлім бар. Аталған бөлім ақпараттық, насихаттық, сонымен бірге, діни ағарту жұмыстарын мүфтият мешіттеріне қарасты сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларда үйлестіріп отыр. Мәселен, мүфтияттан ай сайын облыстарға екі тақырыптан беріліп отырады. Тақырып аясында имамдар уағыз айтады. Уағыз Youtube каналына жүктеледі. Кейін ол видео уағыздар ықшамдалып, инстаграм желісіндегі ресми парақшаларда таратылады. Осылайша, бір айда 40-қа жуық уағыз ғаламторға жүктеледі екен. Біздіңше, бұл жаман көрсеткіш емес.

– 2000-шы жылдардағы жағдайдың дін мәселесінде қоғамды алатайдай бүлдіруінің бір себебі – сол кезде діни кадрлардың болмауы немесе жетіспеуі еді. Қазір Атырауда діни маман мәселесі толық шешілді деп айтуға бола ма? Жалпы, кадрмен қамтудың жайы қалай?

 – Тәуелсіздік елең-алаңында Атырауда маман мәселесі өте өткір тұрды. Қазір бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бар. Әріге бармай-ақ, осыдан алты жыл бұрынғы жағдайды алып қарайық. Ол кезде 35 кадр болды. Бұл өте аз көрсеткіш еді. Бүгінде білікті имамдар саны 90-ға жуықтады. Бұдан бөлек, қазір Нұр-Мүбәрак университетінде және діни колледждерде Атыраудан көптеген мамандар оқып жатыр. Және атыраулық студенттермен арада жасалған келісім-шарттың барын да атап өткен дұрыс. Бүгінде студенттердің оқу ақысы, жатақхана ақысы және шәкіртақысы мешіт тарапынан төленіп жатыр. Диплом алған соң жас мамандар Атырауда қызмет ететін болады. Осылайша, білікті ұстаздардан ілім алып жатқан жастарға қолдау жасау арқылы дәстүрлі бағыттағы жамағат санын ұлғайтудамыз.

– Б і р к е з д е р і м е ш і т т е р д е г і жамағаттың өзара бөлінуінің салдарынан имамдар намазды тоқтатуға мәжбүр болып жүрді. Мешіт ішінде жамағаттың өзара бөліну мәселесі әлі де бар ма?

– Дінге бөліну – өте қауіпті құбылыс. Алла Тағала Құранда «Алланың жібіне жармасыңдар да, әсте бөлінбеңдер» деп өсиет еткен. Мейлі, рулық, діни тұрғыдан болсын, бөліну соңында берекетсіздік әкеледі. Сондықтан, мұндай мәселеде абай болуымыз керек. Бүгінде мешіт ішінде жамағат арасындағы қатынас бөлінушілікке емес, бірігушілікке келе жатыр. Қазір мешіттерде ынтымақ, бірлік тақырыптарында уағыздар жиі айтылады. Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде бесін және құптан намаздарынан бұрын бес минут хадис оқимыз. Діни басқарма бекіткен тақырып аясында күнделікті уағыз жүреді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жамағат бір-біріне құрметпен, мейіріммен қарай бастады.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ…

– Жоғарыдағы мешіт мәселесінен шығады, барлығымыз мұсылман баласымыз десек те, Атырауда мешіт салу үрдісі бәсеңдеп қалды. Біз мешіттің үлкен тәрбие ошағы екенін ұмыт қалдырдық. Оның да себебі бар. 2000 жылдары елге кірген жат ағым өкілдері мешітті қорқынышты етіп көрсетіп қойды. Соның салдарынан «Балам мешітке барады» деген жаңалықты үреймен қабылдайтын жағдайға жеттік. Себебі, үлкендердің жүрегінде «балам қай бағытта жүр?» деген сұрақ тұрады. Асылында, мешіт – Алланың үйі. Тәрбие ошағы. Мешітке барған адам и м а н д ы л ы ғ ы м е н , и б а л ы л ы ғ ы м е н ерекшеленіп тұруы тиіс. Яғни, біз мешітке барған адамның көркем қасиеттерін көбірек дәріптеуіміз керек.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button