Мешіт қызметкерлері 100 балаға оқу құралдарын тапсырды (ФОТО)
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының жүз баласына оқу-құралдарын табыстады.
Сабақ құралдары салынған сөмкелер Атырау қаласына қарасты Атырау елдімекеніндегі мешітте тапсырылды.
Атырау селолық мешітінің бас имамы Санат Өскенбаевтың айтуынша, аз қамтылған отбасылардың ішінде бір шаңырақта бес, жеті, тоғыз балаға дейін тәрбиелеп отырған жанұялар да бар. Қайырымдылық мешіт жамағаты есебінен түскен садақалар, жекелеген демеушілер арқылы жасалып отыр.
Айта кетелік, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан қамқорлықты қажет ететін отбасыларды қолдау үрдісі облысымыздың басқа да мешіттерінде жалғасады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.