Мерзімді баспасөз дамудың жаңа жолына түсті
Заман көшінен қалыс қалмай, көзі қарақты оқырманның талабынан шыға білу — мерзімді баспасөздің басты мақсаты. Бүгінде дәстүрлі медианың халі көңіл көншітпейтіні жасырын емес.
Бүгін «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ысқақ Егембердиев, облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев пен Нәсіп Шалабаева Мақат ауданына іссапармен келді.
Аудан активімен өткен кездесуде аудан басшысы Ш.Кейкин бүгінгі мерзімді баспасөзге жазылу жайына тоқталды. Медиа серіктестік басшысы Ы.Егембердиев серіктестікке қарасты басылымдардың жаңа форматына тоқталды.
«Д3 форматы оқуға өте ыңғайлы, тартымды. Бұған көпшілік оң бағасын беріп те үлгерген. Жаңарған басылымдардың кескін келбеті өзгеріп ғана қоймай, сын-мақалаларды көтеру жайына егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Сонымен қатар жаңадан жүзеге асқалы жатқан басылымға балама түрінде жазылушылары үшін нендей артықшылықтары күтілетін атап өтті. Мәселен, бұған дейін 3000 теңгеге жазылып жүрген оқырман жазылудың бұл түрі арқылы 2000 теңгеге жазылып, қаржысын үнемдей алады.
Сондай-ақ, кеш барысында облыстық қос газеттің бас редакторлары Н.Қосшиев және Н.Шалабаева да оқырмандарға ой салар ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, баспасөзге жазылу науқанында белсенді болуға шақырды.
Өз кезегінде сөз алған ауданның құрметті азаматы Орақ Деңгелбаев мұнайшы зейнеткер ретінде әр жазылу науқанында мекеме тарапынан он мың теңге қаражат бөлінетінін жеткізді. Бұл қаражатты кейбір зейнеткерлер мақсатына сай орындап газетке жазылса, кейбірі керегіне жаратып үлгереді. Сондықтан бұны жіті қадағалауды қажет екенін айтып, пікір білдірді.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов ауданда пошта қызметкерлері жедел жұмыс атқарып отырғанын айтып, басылымдардың уақтылы қолға тиетінін тілге тиек етті.
Кездесу соңында аудан әкімі Шәкір Кейкин баспасөзге жазылу науқаны ауданда толыққанды орындалатынын жеткізіп, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.
А.САДЫҚОВ,
суреттер автордікі