Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мерейді өсірген марапат

Өңірлік коммуникациялар орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық «Атырау» газеті жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс жүлдегерлерін және «2016 жылдың үздік авторлары» номинациясына ие болғандарды марапаттау салтанаты болды.

қоғам

Аталмыш шара «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменовтың алғысөзімен ашылды.

Жоғарыда айтылған байқауға басылымның қарапайым оқырмандарынан бастап, өлкеміздің атағы республикаға мәшһүр сөз зергерлері, ғалымдар, журна-листер, студенттер мен оқушылар да атсалысқан болатын.

Белгілі ғалымдар мен сыншылардан, журналистерден тұратын ерікті әділ қазылар алқасы бәйгеге қосылған талапкерлердің прозалық-публицистикалық сипаттағы туындыларын оқып, идеясы мен тақырыбына, мазмұны мен композициялық құрылысына қойылатын талаптарды ескере отырып,  шешім қабылдады. Сонымен қатар, автордың сөз саптау мәнері, тілдік қоры мен ұсынылған материалдың тарихи-танымдық және әдеби-көркемдік деңгейі де сарапқа салынды.

Қаламының қуатын танытып, мерейі асқан жүлдегерлерді марапаттау сәті де келіп жетті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, көтермелеу сыйлықтарына  ие болған қаламгерлерге байрақтарын  облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов тапсырды. Олар –  Құрманғазы ауданынан Айнагүл Шакупова, Индер ауданынан Бейсен Аталық,   Махамбет ауданынан Махамбет Оңдағани.

Байқау жеңімпаздарының жүлдесі мен марапатын «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов тапсырды. Үшінші орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Айдар Сабыровқа, екінші орын өлкетанушы-жазушы Өтепберген Әлімгереевке бұйырды. Бірінші орынды «Сарайшықтан Астанаға дейін»  тақырыбындағы танымдық   зерттеу  мақаласы  үшін  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аққали Ахмет   иеленді.

Сондай-ақ, жыл сайын  штаттан тыс тілшілеріміз бен белсенді авторларымыз марапатталып отырады.  Облыстық «Атырау» газеті редакциясының алқасы сол игі дәстүрді жалғастыра отырып, Мешін жылын қорытындылай келіп, жылдың үздіктерін анықтады. Дәл осы кезге дейін де төл шығармашылығымен биіктен көрінген газет жанашырларына жаңа табыстар тілеп, тың есімдер жария етілді.

«2016 жылдың үздік авторлары» атағына Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі жетекшісі Боранбай Ғалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты  Шахман Нағымов, полиция полковнигі Гүлнәзира Мұхтарова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақтолқын Серікқызы ие болды.

Салтанатты шарада әншілер,  ҚР Мәдениет қайраткерлері  Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданова  өнер көрсетті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button