Мерейді өсірген марапат
Мақат ауданында Тәуелсіздік мерекесіне арналып өткен форум «Тәуелсіз ел мұраты» деп аталды. Әнұранның әуенімен рухтанған жұртшылықты ең алдымен осы шараға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің атынан Астанадан арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева құттықтады.
— Қазақ мұнайының қарашаңырағы – Мақат ауданы еңбеккерлерінің еліміз тәуелсіздігінің тұғырлы болуына қосқан үлесі зор, — деді Лариса Жасталапқызы. – Егемендіктің елең-алаңында экономикамызды көтерген де, еңсемізді тіктеген де – мұнай өнеркәсібі. Сондықтан да, баршаңызды осы ұлық мерекемен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Бұдан әрі ол бір топ еңбек озаттарын «Тәуелсіздікке – 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева да еңбекте ерекше көзге түскендерге облыс әкімі атынан Алғыс хаттар табыстады. «Тәуелсіздік – біздің баға жетпес құндылығымыз. Оны мәңгілік баянды ету жолындағы әрбір жарқын қадамдарыңызға сәттілік тілеймін» деді Әсия Баянқызы тебірене.
Мұнайлы мекеннің тарихын таразылап, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстары сараланған деректі фильм көрсе-тілді. Бұдан соң Елбасы Жарлығымен көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілері табысталды. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің еселеніп, мәдени-рухани жетістіктеріне үлес қосып жүрген бір топ азаматтар түрлі марапаттармен ұлығыланды.
Мақат аудандық мәслихатының шешімімен ауданның әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, саналы ғұмырында елдің игілігі үшін іс-тәжірибесін арнаған аға буын өкілдеріне «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағын беру де осы жиынға орайластырылды. Оны аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев салтанатты түрде тапсырды. Мұндай құрметке ие болғандардың қатарында ау-данның төл тумасы, облысымыздың баспасөз саласындағы еңбегі ерен азамат, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Өтеген Нәукиев те бар.
Біз де әріптесіміз Өтеген Аманшаұлын «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағымен шын жүректен құттықтаймыз.
Лена НҰРБАЕВА,
Мақат ауданы.