Жаңалықтар

МЕРЕКЕ КҮНГІ МЕРЕЙЛІ СӘТ

«Қазақстан Республикасы мұнай құбыры көлігінің дамуындағы ғылымның үлесі» тақырыбымен өткен конференция жұмысына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин, Қазақстан инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, академик Нәдір Нәдіров, Парламент депутаттары, мұнайшы ардагерлер мен Ресей, Белоруссия, Украина және Грузия мемлекеттеріндегі алпауыт мұнай компанияларының басшылары арнайы қатысты. Түрлі тақырыпта баяндама жасаған ғалымдар отандық мұнай құбыры жүйелерінің қазіргі таңдағы жағдайы мен даму перспективасын талқылады. Ғалымдар негізінен отандық магистральдық мұнай құбырларының объектілеріндегі мониторинг қорытындылары туралы әңгімелеп, салаға жаңа технологиялар, жабдықтар мен материалдар енгізудің мүмкіндіктері туралы баяндады.

Атаулы датаға орай Құрманғазы мәдениет үйінде мұнайшылардың қатысуымен мерекелік шара болып өтті. Шара барысында мұнайшыларды құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тәуелсіздік жылдарында «ҚазТрансОйл» компаниясының көптеген реформаларды сәтті жүзеге асырғандығын атап өтті. «Қазақ мұнайы – ең негізгі байлығымыз. Оны өндіру, өңдеу және тасымалдауда отандық компаниялардың орны ерекше. Соның ішінде, «ҚазТрансОйл» компаниясының бүгінде  Әзірбайжан, Ресей, Украина сынды көптеген елдермен табысты әріптестік байланыс орнатуы – үлкен жетістік» деді облыс басшысы.

Мұнайшыларды құттықтаған мәртебелі меймандардың қатарында Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин де болды. «Тәуелсіздік жылдарында еліміздің мұнай және газ экспорты үш есеге дейін артып, қаржылық көрсеткіш 125 миллиард доллардан асты. Аталған цифр құрғақ статистикалық есеп ретінде көрінгенімен, оның артында мұнайшы компаниялар қауымының уақытпен санаспай атқарған еңбегі жатыр. Әсіресе,  «ҚазТрансОйл» компаниясының орны бөлек. Өйткені, еліміздегі бірден-бір ірі оператор болып табылатын ұлттық компания ұзындығы 5,7 мың километрден астам мұнай құбырлары мен 2,1 мың километрден асатын су ағызым желілеріне иелік етіп отыр» деген ол мұның барлығын компания ұжымының ерен еңбегінің нәтижесі деп бағалады.

Одан әрі мұнайшы ардагерлер мен «ҚазТрансОйл» компаниясының бір топ қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасының құбыр көлігіне – 80 жыл» мерекелік медалі, «Мұнай-газ саласына қосқан үлесі үшін» медалі және Алғыс хаттар тапсырылды. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button