Менингокок: одан қалай сақтанғанымыз дұрыс?
Интернет желілерінде Алматыда менингокок инфекциясының өршіп тұрғаны туралы жантүршігерлік оқиғалар жиі айтылуда. «Әйел мен оның анасы небәрі төрт сағат ішінде аталған дерттің салдарынан қайтыс болды. Мұның алдында да үш адам осы аурудан қайтты. Бір ғана күннің ішінде ауруханаға аталған бактерияны жұқтырған 47 адам келді» деген ақпараттар кім—кімді де бейжай қалдырмайды.
Бастапқыда тұмау, тонзиллит секілді аурулардай жеңіл жүретін бұл инфекцияның осыншама өршуіне не себеп? Жұқпалы вирустың өзге аймақтарда таралу деңгейі қандай? Елімізде орын алған жағдайлардан кейін осы және өзге де сауалдар бізді де елең еткізбей қоймады.
Жағдайға байланысты облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Уайсов түсінік берді. Оның айтуынша, аталған дерттің саны елімізде 2015 жылы – 425, 2016 жылы – 121, 2017 жылы 62 болған. Ал, Атырау облысында 2015 жылы балалар мен ересектер арасында аурудың тоғыз дерегі тіркелді. Бұған дейінгі жылдарда бір, екі жағдай орын алып келгенімен соңғы үш жылда аймақта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Сондықтан, біздің облыста жоспарлы түрде вакцинация жүргізілмейді. Тек қажылыққа баратын азаматтар ғана жекеменшік емханалардан ақылы түрде вакцина қабылдайды.
– Аурудың қоздырғышы әсіресе адамдар өте көп жиналған жерде болуы ықтимал. Сондықтан, қажылық сапарға шығатындарға вакцина алу міндеттелген. Бүгінде оның бір дозасының құны – 20-25 мың теңге аралығында. Атырауда дәл қазір 45 вакцина бар. Ол «Опен-Клиник» ЖШС-де салынуда, — деді Ерболат Инаматұлы.
Өзге өңірде ушығып тұрған инфекцияның таралу жайы да алаңдатпай қоймайды. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда вирус балалардың арасында жиі кездеседі. Негізінен ауру қоздырғышының екі түрі бар.
– Оның бірі – бактериялды түрі. Бұл ауа арқылы жұғады. Екіншісі, вирусты белгісі көпшілік жерде суға түскенде, лас жеміс-жидектер жегенде пайда болады, — дейді Ерболат Уайсов.
Жоғарыда айтқандай, аймақта ауруға қарсы профилактикалық вакцинация жүргізілмейді. Өйткені, оған қажеттілік жоқ. Ал, ауру тіркелген жағдайда, оны антибиотиктермен он күн бойы емдейді. Науқасты ауруханаларда оқшау ұстап, ем жүргізеді. Сондай-ақ, онымен тығыз қарым-қатынаста болғандар да толық тексеріледі. Дерт анықталып, емделіп шыққан адамда аталған аурудың белгілері қайтадан байқалмайды.
Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік пен тамақтың қызаруы, бас ауырып, құсу, бөртпелердің пайда болуы аурудың басты белгісі болып саналады. Атыраудағы №2 аурухана бас дәрігерінің орынбасары Надя Ерғалиева мұндай кезде үй жағдайында ем жасамай, міндетті түрде «жедел жәрдем» шақырып, дәрігерге қаралу қажеттігін баса ескертті.
– Алғашқыда адамда әлсіздік пен арқадағы және аяқтардағы ауырсыну байқалады. Науқас шөлдеп, тамаққа тәбеті тартпайды. Егер 6-15 сағаттан кейін бас ауруы мен құсу, бөртпелер пайда болып, дене қызуы жоғарыласа, шұғыл түрде медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жөн. Бұл ауру тұмау, тонзиллит секілді жеңіл жүруі мүмкін, — дейді Надя Ерғалиева.
Біздің облыста мұндай болжамды белгілермен ауруханаға келгендер тіркелмеді. Десек те, облыс орталығындағы №2 аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде арнайы бокстер ашылып, науқасқа ем көрсетуге дайындық жұмыстары жасалды.
Айта кету керек, бұған дейін әлеуметтік желілерде елімізде қауіпті кенелердің пайда болғаны жөнінде де жазылды. Мұның салдарынан адамдар ауруға шалдығып, соңы өлімге әкелген деректер кездесті. Алайда, мамандардың айтуынша, аталған дерттің қауіпті кенеге еш қатысы жоқ. Яғни, дерттің жәндіктер арқылы адамға жұғу көрсеткіші байқалмайды. Инфекция көзі – ауру адам мен тасымалдаушы. Бұл тек адамда ғана кездесетін ауру. Егер де тасымалдаушылардың саны артатын болса, онда эпидемия болу қаупі бар.
P.S.
Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті бактерияны күн көзі жояды. Сондықтан, адамдар өте тығыз шоғырланған жабық нысан ішінде ұзақ уақыт болудың өзі қауіпті. Вирусты тез қабылдайтын балалар үшін ата-ана бұл жағдайды естен шығармай, оларды жабық ойын алаңдарында емес, ашық аспан астында ойнатқаны да жөн шығар. Қалай десек те, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ойласақ игі!
Алтыншаш Құрмашева