Жарнама
Жаңалықтар

Менің мамандығым – менің таңдауым

Иә, адам баласы өмірге келіп, саналы ғұмыр кешкеннен бастап болашақ мамандығын таңдайды. Бірі ата-анасының кеңесіне құлақ асса, енді бірі жүрек қалауын тыңдайды. Ал, менің теміржол саласын, оның ішінде өртке қарсы қызметті таңдауымның өз тарихы бар. Әрине, бұл біреуге қызық, енді біреуге таңсық болуы мүмкін. Бірақ, мен «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, әкемнің де, анамның да еңбек жолын жалғап келе жатқан жайым бар.

Ең әдемі естелік

…Теміржолшылар отбасы мүшесінің қай-қайсы да түрлі түсті сымдар, жүк вагоны, жолаушылар тасымалы деген тіркестердің анықтамасын жақсы біледі. Өйткені, кешкі астың үстінде бұл саланың көпшілік біле, түсіне бермейтін қыр-сырлары жиі қозғалатын. Менің әкем де саналы ғұмырын теміржолға арналаған кәсіби маман болғандықтан, біздің жанұяда осындай әңгімелер үстел басында көбірек айтылатын.

Балалық шағымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, ойыншық, кішкентай қыздарға арналған әшекей бұйымдардың «көзі» аз болатын. Бос уақытта баратын ойын-сауық орындары мүлде жоқтың қасы. Демалыстағы бар ермегіміз – әке-анамыздың жұмыс орнына еріп барып, солармен бірге өткізу болды.

Әкемнің әңгімесіне қызыққаным ба, әлде балалығымның әсері ме, бірде қоярда қоймай жұмысына еріп барғаным есімде қалыпты. С. Датов көшесі бойындағы ғимаратта Атырау мен Алматы арасына қатынап жатқан пойыздың қай тұста кетіп бара жатқандығын бақылап отырғандығын көріп таңырқағаным бар. Оның үстіне, әкеммен жұмыстас ағаның қызмет бабында артылып қалған түрлі түсті сымдардан маған ең әдемі сақина жасап бергені  сол бір балалық шағымның ең қызықты сәттері болып жадымда жатталып қалыпты. Сол әшекей менің еш алаңсыз өткізген бақытты күндерімнің куәгері іспеттес. Бәлкім, менің осы салаға деген қызығушылығым да осы кезеңдерден басталса керек.

Мамандар шеберханасы

«Алтын ұямызды» тәмамдап, білімнің кірпішін қалаған мектебімізден түлеп ұшқан жасөспірім шақта мені геодезия мамандығы қызықтыра бастады. Оның үстіне, география пәнін оқушы кезімде ерекше ынтамен оқитынмын. Алайда, отбасы жағдайыма байланысты картография және геодезия мамандығымен жұмыс істеу бұйырмады. Дегенмен, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінен алған жоғары білімім мен дипломымды кәдеге жаратып, төтенше жағдай қызметінде («өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» қызметінің өрт сөндіру бөлімінің технигі-авт.) еңбек жолымды бастадым. Менің бұл салаға келуім де кездейсоқ емес. Анам өмірінің соңғы жылдарына дейін өрт сөндіру саласында қызмет етіп, майор шеніне дейін көтерілген болатын.

Осылайша, мен балалық шағымнан құлағымда жатталып өскен қос мамандықпен таныстым. Төтенше жағдай қызметі мен теміржол саласының арналары бөлек болғанмен, қос мамандықты тоғыстыратын бір бұлақтың бастауы бар екенін ұқтым: ол – жауапкершілік. Ал, жауапкершілік жүгі – ауыр. Қайткен күнде де, осы салаларды таңдаған маманның бойында ең алдымен осы қасиет болуы тиіс. Жауапкершілігі мол маман теміржол қозғалысына аса қажет қауіпсіздік жайын бе  саусақтай білері хақ.

Асылында, тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің ұрпақтан-ұрпаққа берілуі болса, мамандыққа деген адалдық, қызметке жауапкершілік осы әкем мен анамнан дарыса керек.

Шындығында, өрт сөндіру қызметінде азды-көпті тәжірибем маған теміржол саласына сіңісіп кетуге оң септігін тигізді. Оның үстіне, бөлімшедегі аға-апалардың қамқорлығы мен жұмысқа шынықтыруы маған үлкен мектеп болды. Әсіресе, сол кездегі қызмет басшысы М. Мырзабаев мені осы салаға баулыды. Осы шақтан-ақ теміржол саласында «кадрлар мектебі» қалыптасқанын ұқтым. Қызметімнен қол үзбей-ақ жыл сайын білімімді жетілдіруім, оны кәдеге жаратуымның барлығы осы басшылардың қолдауымен жүзеге асқанын қалай ұмытайын?

Менің осы салаға деген сүйіспеншілігімді бағалаған бөлімше басшылығы «Алғыс хат» табыс етті. Бұл, әрине, менің жұмысқа деген ынтамды арттыруға үлес қосып, қанат бітіргені сөзсіз. Бүгінде ағалар салған сара жолмен жүрпіп келе жатырмыз. Қазақтың маңдайына біткен қаламгер қартайған шағында жастарға қарап: «Мен базарға барып келе жатырмын, сіздер енді бара жатсыздар. Сондықтан, болашақ сіздердің қолдарыңызда» деген екен.  Сол секілді біз де теміржол саласының ертеңіне теңіздей құйған тамшыдай болса да үлесімізді қоссақ деген ниетіміз бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, өртке қарсы қызметте басты қажеттілік- жауапкершілік болса, теміржолдағы өртке қарсы қызметтің жүгі екі есе ауыр. Себебі, бұл сала қатаң тәртіпті талап етеді. Басшымыз айтқандай, біздің тәулік бойы байланыста болуымыз – тәртіптің бастау бұлағы екені даусыз. Әрине, бес саусақтың барлығы бірдей болмайтыны секілді әлі алда атқарылар іс жеткілікті. Айталық, өрт сөндіру жабдықтары мен техникалардың заман талабына сай еместігі көңілге қаяу түсіреді. Сынаптай сырғыған уақытта тоқталыс жоқ қой. Бетін әрмен қылсын, бірақ, төтенше жағдай бола қалған жағдайда құрал-сайман сақадай сай болуы тиіс.

Рас, біздің түпкі ойымыз — жүрек қалауымен таңдаған мамандықпен тоғысу жолын баяндау.  Десек те, шешімін күткен күрмеулі мәселелерді басшылық назарына ұсынып, жеткізу – маманның өз ісіне адалдығын аңғартса керек. Мамандығым – мақтанышым!

Арайлым ХАМИТОВА,

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы»Акционерлік қоғамының Атырау мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің инспекторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button