«МЕНІҢ ТОЙЫМ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында алғашқы сандары жарық көрген «Менің тойым» журналының тұсаукесері өтті. Оған атыраулық оқырмандар жиналды.
Алғашқы сөзді ел анасы атанған Ділдә Матайқызы алды: – Журнал алғашқы сандарынан-ақ жақсылықтың жаршысы болып үлгерді. Қазір, құдайға шүкір, баршылық, тоқшылық заман. Жағымды жаңалықтар мен түйткілді мәселелерді басылым бетінен оқып риза болдым. Жарияланымдарда мақалалар отбасы тәрбиесінде кетіп жатқан олқылықтар мен ұлтымызға жат дүниелерден арылуға көмектеседі. Журналдың жастарға берері мол, әр бетінде еш бүкпесіз қазақ өмірі көрініс табады. Осындай үгіт-насихат кейде жастардың құлағына жетпей де жатады…
Журналист Әбілхан Төлеуішев: «Бұқаралық ақпарат құралдарын халық төртінші билікке теңейді. Газеттің өзі бір күндік болса, сөзі мың күндік. Көптеген газет-жуналдар нарықтың жүгін көтере алмай, өз жұмысын тоқтатқаны белгілі. Ал, «Менің тойым» журналы нарық пен тарихтың арасын тоғыстырып, ұлт пен ұлыстар мәдениетін жақындастыра білсе игі. Отандық журналдың осыған дейінгі үш саны сәтті шықты деуге болады. Биыл республикалық журнал ресми құжатталып, тіркеуден өтті. Мұнда кәсіби журналистер жоқ, тілшілер қатарын оқырмандардың өздері құрайды. Бұл – ойланарлық жайт. Бірақ журналдың айтар ойы салмақты, пікірі пайымды. Сөзсіз, жаһандану да еліміз үшін қажет, бірақ діні, ділі, тілі жоғалған ұлттың болашағы да жоқтығын ұмытпауымыз керек. Міне, журналдың меңзегені де осы болады ғой деп ойлаймын» деді.
«Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев журнал ұжымына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.
Журналдың бас редакторы Едіге Күнжарықов алдағы сандар жаңа айдарлармен толығып, үстіміздегі жылдың мамыр айында кең ауқымды кино түсірілетінін жеткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз