«Менің Фаризам» жалғаса береді»
Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА:
«Менің Фаризам» жалғаса береді»
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Алаштың Ақұштабы» атанған әйгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева Атырауға арнайы ат басын бұрыпты. Жәй келмепті. Тірлігінде домбыраның егіз шегіндей болған жан досы, өлең өлкесінің падишасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне тағзым етуге келіпті.
Осы сәтті пайдаланып, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақынмен тілдесудің орайы келген еді.
— Ақұштап апа, Атырауға келген бүгінгі сапарыңыздың сыры өзгерек пе деп қалдық…
— Иә, біздер де кезінде мына жастар сияқты армандағанбыз, студент болып, таңды-таңға ұрып кітаптан бас алмай жатушы едік. Міне, сол балауса шағымда мен қазақтың аяулы ақыны, өршіл үнімен, дауылпаз жырымен өзін поэзия әлеміне мойындатқан Фаризамен кездескем. Екеуміз арамыздан қыл өтпес дос болдық. Атыраудың, сол кездегі Гурьевтің балшық көшелерін бірге кешіп, асқақ арманға қол создық. Кейіннен арман қуып ару шаһар Алматыға да бірге аттандық. Бірақ, «бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ»,-дегендей, бізді де өмір жолы екіге айырды. Мен тұрмыс құрдым. Күйеуім мен үш баламды махаббатыммен аяладым. Отбасымның қамымен кеттім. Ол болса өлеңді таңдады. Мені Фаризадай, Фаризаны мендей түсінген адам болды ма екен жалғанда?! Бұл сапарымның мақсаты — Фаризаның тас мүсінімен тілдесіп, гүл шоғын қою.
— Сіздің «Қазақ әдебиетінде» апта сайын жарық көріп жатқан «Менің Фаризам» атты эссеңізді оқыдық. Бұл естелікте ақын Фаризаның оқырман білмейтін қырлары да ашылған. Ол да Сіздің досыңызға деген құрметтен туған ой шығар…
— «Менің Фаризам» естелік-эссемді елдің ең беделді әдеби газетіне жұма сайын жариялап келемін. Оны жазудағы мақсатым мен білетін Фаризаның образын сомдағым келді. Халықтың жадында өлең болып қалған үлкен тұлғамен өте жақын болғандықтан, оның менен, менің одан жасырын ешнәрсем болмайтын. Соны жеткізгім келді. Басымыздан кешкен тарихты да оқырман білуі тиіс. Біраз нәрсені әлі айтамын, айтқым келеді. Өйткені, мен онымен «Мазасыз шақты» бірге шығарған адаммын. Әлі де жазам. «Менің Фаризам» жалғаса береді.
— Соңыңыздан ерген ақындарға айтарыңыз…
— Мөлдіреп тұрған өрімдей жастар сияқты жап-жас шағымда жыр әлемінде Фаризадай дос таптым. Иә, біз өлең жаздық. Фариза сол өлеңге бүкіл ғұмырын арнады. Маған да оңай болған жоқ. «Ақындық» деген жеңіл-желпі сөз емес. Қазір өлең жазып жүрген қыздар көп. Бірақ, олар ақындықтың, сөздің киесін түсінуі тиіс деп ойлаймын. Ақын – ұлттың ұстазы. Оған сай болу өте қиын. Сондықтан, өлең жазуға жауапкершілікпен қараған абзал.
— Әңгімеңізге рахмет.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.