«Менің елім – Мәңгілік Ел»
Республикалық жастар акциясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды
Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған бастама бұған дейін еліміздің өзге де өңірлерінде ұйымдастырылған болатын. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстың зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен жастар қатысты.
Ауқымды акция шымылдығы аймақтың Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері баяндалған бейнекөрініспен ашылды. Бұдан кейін жастар «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын сахна төріне алып шықты.
Салтанатты кездесуде сөз алған облыс басшысы, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің бастауы болған Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне шолу жасап, елдің ертеңі – жастарға зор сенім білдірді.
«Жер жәннаты – Жетісудан бастау алған акция бүгін Атырауда да өтіп жатыр. Бұл шараға атсалысқан жастарға ризашылығымды білдіремін. Елбасы бір сөзінде тәуелсіздік алу қандай қиын болса, оны сақтап тұру соншалықты қиын екенін айтқан болатын. Тәуелсіздік жылдары еңбек етіп, тер төккен, егемендігіміздің баянды болуына атсалысқан сол кездегі жастар бүгінгі сіздердің алдыңғы буын ағаларыңыз, апаларыңыз. Сондай-ақ, қазіргі жастар да бойында азаттығы, күш-қайраты барда елінің дамуы үшін еңбектенуі, өзінің үлесін қосуы тиіс.
Тәуелсіздік алу ықылым заманнан бергі ата-бабаларымыздың ең басты арманы болды. Олар ат жалында жүріп, Отанын қорғады, ел тағдыры сынға түскен сәтте жанын да берді. Сол аталар арманын арқалаған, алдыңғы буыннан тәлім-тәрбие алған сіздерге, бүгін біз зор сенім артамыз. Жастардың мәселесі әрдайым бақылауда болды. Жастарға білім, тәрбие беру ісін Елбасы әркез назарда ұстады.
Тәуелсіздік жылдарында барлық сала қарқынды дамып, жетістіктерге жетті. Оған мысал ретінде Астана мен Алматыда өткен әлемдік деңгейдегі конференциялар мен семинарлар, жиындарды айтуға болады. Ендігі біздің мақсатымыз 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін елімізде бірлігімізді сақтай отырып, басты меже – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Сондықтан, сіздерді сол биікке бірге шығуға, сол үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Біз сіздерге әркез қолдау көрсетуге әзірміз. Мәселен, бұдан бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастар, бүгінде ел игілігі жолында жұмыс жасауда. Ал, ендігі олардың қатарын толықтыратын сіздер болғандықтан, армандарыңыздың орындалуына тілектестігімді білді-ремін!» — деді облыс басшысы.
«Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе жастар арасында насихаттау, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсетуді мақсат тұтқан бұл іс-шарада атыраулықтар үлкен белсенділік танытты.
Айта кету керек, «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы кезекті Сыр өңірінен соң біздің облысымызда ұйымдастырылуда. Тұрғындардың 26 пайызын жастар құрайтын аймақта аталған шара жоғарғы денгейде өтті. Патриоттық әндер шырқалып, аталған мәдениет үйінде қойылған арнайы тақтайшаға акцияға қатысушылар елге деген өздерінің жүрекжарды лебіздерін жазып, қалдырды. Және қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарын тамашалады.
«Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы келесі кезекте Маңғыстау облысында жалғасатындықтан атыраулықтар «Мәң-гілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын аталған облыстан келген өкілге салтанатты түрде табыс етті. Кітапта Тәуелсіздік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде оларға жасалған қамқорлықтар, сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының біріктіруші рөлін және өңірлердегі жа-стардың ел Президенті қолдауын көрсететін үндеулері жазылған.
Үндеуде республика жастары Елбасы басшылығымен қол жеткізген жетістіктер, оның шешуші факторы – бейбітшілік пен келісім болғанын жазып, Президенттің бастамаларын қашан да қолдауға дайын екендіктері ай-тылған. Атырау жастарының үндеуін «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Вероника Ли оқып берді. Онда жастар мұнайлы облыста дүниеге келгендерін мақтан тұтып, тәуелсіздік жылдары облыс көлемінде 80 жаңа мектеп, 18 мектепке дейінгі ұйым, 1 колледж, 5 мектеп интернаты және ең бастысы – 63 заманауи ден-саулық сақтау нысанының бой көтергендігін айтқан. Сондай-ақ, облыс 50-ден аса дүние-жүзі елдерімен ынтымақтастықта жұмыс жасап, 700-ден аса бірлескен және шетелдік компаниялар ашылғанын атап өткен. Үндеуде «Біз Отанымыздың өркендеуі мен нығаюы жолында күшімізді біріктіреміз. Бұл әрбір жас қазақстандықтың – парызы. Біздің жетістігіміз – бүкіл елдің жетістігі!» делінген.
Еліміздің барлық аймақтарында өтетін акция 28 қарашада Астанада қорытындыланып, өз мәресіне жетпекші.
Ұсыныс. Пікір. Ой.
Медет БАЙКЕН, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жеке кәсіпкер, тәуелсіздік құрдасы:
– Мемлекет басшысы жастарға үш тілді қатар меңгеруді тапсырған болатын. Ал, мен бірден төрт тілді меңгеріп, тапсырманы артығымен орындадым. Және мен «Болашақ» бағдарламасының түлегі болғаныма мақтанамын.
Егемен ел болған сәтімізден бастап кәсіпкерлікті дамытып, іскерлік орта құруға барлық жағдай жасалды. Сондықтан, жуық арада біздің де үздік 30 елдің қатарына қосылатынымызға сенемін.
Андрей КОТОВ, каратэден спорт шебері:
– Мен бүгін осындай тарихи сәтке куә болғаныма қуаныштымын. Барша қазақстандықты елеулі дата – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтаймын! 2014 жылы Еуропа чемпионатында Барселона қаласында өткен бәйгеде, алғаш рет елімінің туын көккке көтерген болатынмын. Сонда алған әсерім әлі күнге есімнен кетпейді. Ал, осыдан бір-екі күн бұрын Атырауда Қазақстан Республикасының кубогы үшін өткен сайыста чемпион атандым. Бұл жетістіктерімнің барлығын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаймын.
Нұрлан АЗАМАТОВ, қалалық мәслихат депутаты:
– Ұлы Абай бабамыз өзінің 18-ші қара сөзінде адам баласының бір-бірінен айырмашылығы жоқтығын, тек білім, ғылым, ар-намыс арқылы ерекшеленетінін айтқан. Сондықтан, білім мен ғылымның артықшылығын жастар ұғынуы тиіс. Тек биылдың өзінде тоғыз оқушы Үнді елінде өткен менталды арифметикадан жүлделі орын иеленіп қайтты. Республикалық, халықаралық білім бәйгелерінен жүлделі орын алғандар да көп. Мұның барлығына білімге жол ашқан мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында қол жетіп отыр.
Абат ӘБІЛХАЙЫРОВ, Атырау мұнай өңдеу зауытының маманы:
– Біз барлығымыз Елбасының еңбек адамын қалай жоғары бағалайтынын жақсы білеміз. Мен секілді жастар, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге бет бұруда. Мәселен, мен еңбек ететін зауытта барлық жағдай жа-салған. Жұмысшының еңбегі зауыттың өнім көрсеткішімен байланысты болғандықтан, ерінбей еңбек етудеміз. Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім! Біздің таңдауымыз – Мәңгілік ел!
Мәлике МӘЛІК