Мені елге «Атырау» газеті танытты
Әр адамның өмірінде ерекше есте қалып қоятын қуанышты сәттер болады. Облыс айнасы саналатын «Атырау» газетінің менің өмірімде алатын орны ерекше. Себебі, кезінде мен кандидаттық диссертациямды қорғап келгенімде, осы газеттің тілшісі Ғайнолла Зинуллин ағамыз мен туралы мақала жазып, бүкіл облыс халқына «облысымыздағы заң ғылымдарының кандидаты атанған тұңғыш әйел заты» деп жазды. Мені білетіндер осы шағын мақала арқылы құлақтанып, жан-жақтан құттықтаулар ағылды…
Асыра мақтағанымыз емес, мерзімдік басылымның қазіргі бет-бейнесі осыдан он-жиырма жылдағы кезден түбегейлі өзгерген. Көтеріп жүрген мәселелер де ауқымды. Газет тілшілері де – ылғи жастар. Біз білетін журналистердің біразы зейнеткерлік демалысқа шығып кетсе, енді біразы бақилық болған. Айталық, қаламдарынан іздеп жүріп оқитын тамаша мақалалар туған журналистер – Мұқан Көптілеуов, Тасмағанбет Текеев, Күзембай Әміров, Кеңес Тұрышев, Арынғазы Мырзағалиев, Жұмабай Төлегенов, Елена Таңбаева, фототілшілер – Алпамыс Теміров, Қайрош Қабдешевтерді кім білмейді?!
Бүгінде өзім қызмет істеп жүрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – басқа мамандықтармен қоса, экономика және құқық саласы мамандарын даярлауда оқ бойы озық келе жатқан білім ошағы. Өйткені, заңгер мамандығы – қай кезден үлкен сұранысқа ие. Біздің түлектеріміз өңіріміздің түрлі фирмаларында заң кеңесшісі, құқық саласы заңгерлері, банк, басқа да мекеменің кадр жөніндегі мамандары міндеттерін абыроймен атқаруда. Ал олар үшін «Атырау» газетінің қосымшасы – «Әділет әлемінің» көмегі ерекше екенін баса айтқым келеді.
Оқырмандарыңыз ортаймай, көп көкейіндегі ойды дөп баса беріңіздер, «атыраулықтар»!
Жанна ШАЯХМЕТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
экономика және құқық факультетінің
қылмыстық-құқықтық пәндер және криминалистика кафедрасы меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты.