Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Мен өмірді әнмен жырлап келемін»

Композитор Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» атты ән кеші өтті

Өткен жексенбі күні Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» атты ән кеші өтті.

%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b4%d1%96-%d3%99%d0%bd%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d1%8b%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bf-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd

Кешті Атырау облысының  әкімі Нұрлан Ноғаев ашты. Ол театрға жиналған барша көрерменді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтады.

— Тәуелсіздік жылдарының басында, бәріңізге белгілі, халықтың әл-ауқаты нашар болды. Әйтсе де, қалың жұрт ештеңеден аянып қалмады: адал еңбек етті, ертеңіне сене білді. Сол сенім мен үміт оларды алдамады да, адастырмады. Ақырында олар өздері көрген талай қиындықтың қазір қызығын көруде. Шыны керек, ел арасында адал еңбегімен ерекшеленген еңбекқор адамдар да аз болмады. Сондай жанның бірегейі өзіңіз болатынсыз, Илья аға! Ән тарихын зерттеп, бірнеше кітап шығардыңыз. Қазақстан мен Қырғызстанның майталман өнер адамысыз. Халық сізді сыйлайды, құрметтейді. Жаныңыздағы жұбыңыз  Тиышгүл апаймен ұзақ өмір сүріңіз, екеуіңізге үлкен жетістіктер тілеймін! — деген  Нұрлан Асқарұлы мерейгерді сахна төріне шақырып, оның өңіріне ҚР Президентінің Жарлығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған медалін тақты. Бұған қоса Илья ағайдың иығына шапан жауып, зайыбына зерлі камзол кигізді.

%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b4%d1%96-%d3%99%d0%bd%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d1%8b%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bf-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd-4

Бір сәт сахна төріне Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Атырау облысының Құрметті азаматы Амангелді Селбаев, белгілі заңгер, республикалық «Әділет» газетінің басшысы Бекет Тұрғараев, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, елімізге танымал ақын Маралтай Райымбекұлы шығып, мерейгерге деген өздерінің жүрекжарды лебізін білдірді. Сөйлеушілердің қай-қайсысы да Илья ағаның сан қырына жеке-жеке тоқталып, соған лайық бағаларын берді. Олардың бірі: «Бұл кісі тек композитор ғана емес, әндерінің сөзін жазатын ақын да!» десе, екіншілері: «Бүгінгі кеш – ұлттың ұлына бас июі!» — деді.

«Ақ Жайықтың Ақшағаласы» атанған Алаштың ақын қызы  Ақұштап Бақтыгереева композитор ағасы туралы ағынан жарыла әңгімеледі. Ол өзінің алдында сөйлеген Маралтай ақынның өлеңін мысалға ала отырып, табиғатта тегін нәрсенің жоқтығы, бәрінің бір-бірімен тығыз байланыста болатыны жайлы тебірене сөйледі.

%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b4%d1%96-%d3%99%d0%bd%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d1%8b%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bf-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd-5

Ән кешінде атақты композитордың танымал әндері – «Ән болып жаралдың», «Сол бір ән», «Асыл еркем», «Кенгірдің қоңыр кештері», «Алматы кешінде», «Ақмарал», «Әсел», «Даниярдың әні», «Оралдың ерке самалы», «Теміртау түні», «Жайлаукөл кештері» шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласын тудырды. Бұл әндерді орындаған өнер шеберлері, әншілер – Ханзада Сақыпова, Назым Шаймарданова, Дастан Есентеміров, Ерлан Өмірәлі, Дария Бақытова, Сәуле Жанпейісова, Медет Қарамырза, Мақсат Базарбаев, Қайыржан Бердібаев, Жаңылсын Хасанова, астаналық «Арт-Классик» тобы, рояльда сүйемелдеуші Болат Қоқаманов –  бәріне атыраулық көрерменнен ыстық ықылас жауды.

Шара соңына қарай сексеннің сеңгіріне шығып отырған сегіз қырлы, бір сырлы композиторымыз сөз алып, өнеріне бас иіп келе жатқан жұртшылыққа көптен-көп алғыс айтты.

— Бір кездері орыстың, бүкіл Одақтың жезкөмей әншісі атанған Людмила Зыкина «Жұрт мені «Ұлы әнші» деп жатады. Ал,  мен жәй ғана ән салдым…» деген екен. Сол айтқандай, мені де бүгін жер-көкке тигізбей мақтап, мадақтап, үлкен марапат көрсетіп жатырсыздар. Осының бәрі – қолдап-қолпаштап келе жатқан өздеріңіздің арқаларыңыз. Осы жасқа келгенше менің өткен өміріме өкінішпен қараған кезім болмады. Керісінше, осынау таңғажайып өмірді әнмен жырлап келе жатқаныма шүкіршілік етемін. Ол – халық әуезі! — дей келіп, өзіне дейінгі, өзінен кейінгі композиторларды атады. Сол азаматтарды еске ала жүріп, өзінің де халыққа рухани нәр беруге тырысып жүргенін, «Еділ-Жайыққа» ескерткіш орнатылғанын, тіпті, бүкіл қазақ  елі  ескерткіштер галереясына айналып бара жатқанын айтты. Сондай-ақ, Ілекең өзінің сексен жасын осындай үлкен тойға ұластырып отырған Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, оның орынбасарлары мен қала әкіміне, мәдениет саласы басшыларына, Ақұштап пен Маралтай ақындарға, Астана опера театры әкімшілігіне, Астана, Алматы, Орал қалаларынан арнайы келген әншілерге, барша орындаушыға  ақжарма алғысын білдірді.

%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b4%d1%96-%d3%99%d0%bd%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d1%8b%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bf-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd-3

«Осындай берекелі елімізде сүттей ұйыған тыныштық болсын!» деген Илья ағайдың қорытынды тілегі әнші Қайыржан Бердібаев орындаған «Еділ-Жайық» әніне ұласты. Мерейтойға арналған шара соңында облыс әкімі атынан сүйікті композиторымызға «Ықылас гүлі» ұсынылды.

Лиза СЕЙТІМОВА. 

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button