«МЕН КӨРГЕН АТЫРАУ» мультимедиалық байқауының жеңімпаздары анықталды
Өткен аптада Атырауда ұйымдастырылған VII республикалық блогерлер құрылтайында ашық пікірлер айтылып, Әлішер Елікбаев, Ғалым Байтук, Мұрат Әбенов, Есен Елеукен, Алмас Тоқабаев, Сырым Әбдірахманов, Әнуар Нұрпейісов, Аршат Ораз, Маралбек Сағынғанов сынды өз ісінің кәсіби мамандары тәжірибелерімен бөліскен еді. Осы шараға орай «Атырау-Ақпарат» ЖШС «Мен көрген Атырау» мультимедиалық байқауын жариялаған болатын. Шығармашылық додаға Аршат Ораз, Алмас Тоқабаев, Данияр Алан сынды танымал блогерлер қазылық жасап, ұсынылған материалдардың өзектілігін саралады. Сонымен, байқау жеңімпаздарының есімі белгілі болды.
Үш номинация бойынша үздіктер анықталған байқауға блог-құрылтай шарасына тіркелген кез келген блогер қатысуға мүмкіндік алды. Олар Атырау қаласы туралы әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларын арнайы #bqkz хештегімен беруі тиіс болды. Бұл – барлық қатысушыларға қойылған басты талап.
Суреттер де сөйлейді
Осылайша, үздік фоторепортаж номинациясы бойынша шымкенттік блогер Асхат Шотаев топ жарды.
«Атырау – Атырау облысының әкімшілік орталығы, ол Қазақстанның батысында, Жайық өзінінің бойында орналасқан қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланған. 1920 жылы қысқа уақытқа большевиктер Гурьевті Чапаев деп атаған. 1992 жылдан бері қала атауы – Атырау. Атырау тұрғындарының айтуынша, қала Жилгородок мөлтекауданынан басталған» дейді автор. Ол, сонымен бірге, Тұрғындар қалашығында орналасқан Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының қазіргі келбетін сонау 1970 жылғы көрініспен салыстыра берген. Сондай-ақ, 1960 жылдардағы Жайық өзенінің жағалауын, «Атырау» шипажайын, теміржол вокзалын, Успен православиелік шіркеуін, «Атырау» қонақүйін де қазіргі қалпымен салыстыра көз алдымызға әкелген.
Өзінің жазбасы соңында шымкенттік блогер қаламен толық танысу үшін уақыттың аз болғандығын, жаңбырлы күннің кедергі келтіргенін айтып, қайтадан оралып, осы жазбасын әлі де толықтыратынына уәде берген.
Атырауда өткен блогерлер құрылтайының соңғы күні блог-тур ұйымдастырылып, келген қонақтар облыста индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бірқатар жобалармен танысқан болатын. «Фейсбук» желісіндегі парақшасында ешкі сүтін өңдейтін зауыттың жұмысы туралы жазба қалдырған қызылордалық Ерхан Бақбергенұлына аталмыш номинация бойынша ІІ орын бұйырды.
«Ешкі сүтін өндіретін зауыт жұмысымен таныстық. Зауыттың жалпы құны 400 млн. теңгені құраған. Ашылғанда 150 голландық ешкіні Сербиядан алып келген. Қазіргі таңда олардың саны 800-ге жеткен. Бір ешкі негізі күніне 8 литрге дейін сүт береді екен, ал, кішкентайы 2-3 литр сүт бере алады. Алынған сүттен 14 түрлі өнім жасалады (құрт, иогурт, айран, ірімшік, қаймақ, т.б). Өндірілген өнімдерге, негізінен, мектептер мен балабақшалардан көп сұраныс түседі. Зауыт Махамбет ауданында орналасқан» делінген жазбада.
Ал, түнгі Атыраудың айшықты жерлерін объективке іліндіріп, «Фейсбукте» жариялаған оралдық Әділғазы Кереев байқаудың ІІІ орын жүлдегері атанды.
— Бүгінгі мен көрген Атырау өте тамаша. Әсіресе, түнгі Атырау қаласының көркі аңыз әңгімеге бергісіз әдемі екендігі шындық! Қаланың әдемі жерлерін аралап, фотоға түсіргенім бір орындалған арман болды. Атыраудың түнгі келбеті қала қонақтарын тамсандырмай қоймасы анық, — деп өз әсерімен бөліскен екен.
Сарайшықтың терең сырлары
Әлеуметтік желілерде мұнайлы астана жөнінде үздік бейнежарияланымын ұсынған көкшетаулық Мырзабек Мырзахмет көптің ішінен дараланып, жеңімпаз атанды. Ал, Астанадан келген блогер Маралбек Сағынғановтың көне қала – хан ордалы Сарайшықтың орнынан жасаған бейнетүсірілімі де көптің көңілінен шығып, қазылар ІІ орынға лайық деп таныды.
«Бұл да – енді көрген жер. Сарайшыққа қарай жолға шыққанда тарихтың тереңіне сүңгіп, жылдардың, тіпті ғасырлардың иісі сіңген көне шаһардың құпиясын ақтарып тастайтындай сезімде болдым. Иек астындағы қырдан асып түскенде әлдебір құпия өз-өзінен маған ғана ашыла салатын сияқты… Бірақ, бүгінде біз суреттен көріп жүрген Сарайшықтан да түк қалмапты. Смартфоныма ілінгені осы ғана. Алақандай ғана жердегі үйінді. Біреу әкеліп, «мынау – Сарайшықтың орны», демесе құлаған қораның қалдығы деп өтіп кетерім анық еді. Аянышты-ақ. Бірақ, ештен кеш жақсы, Жайықтың жағасында жұмыс қызып жатыр екен. Әлгінде қоңылтақсып қалған көңіл орнына түскендей де болды. Ол сол мезетте түсірілген мына видеодан да байқалады» деп, автор бейнетүсіріліммен қоса өз әсерін де қалдырыпты.
Ал, ІІІ орын иегері – «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «вайндары» арқылы танылып жүрген «@оil_vine» бетшесін жүргізушілер. Атыраудағы көрікті жерлерден, сауда орталықтарынан, дене шынықтыру кешендерінен түрлі мазмұндағы түсірілімдер жасап, көптің көңілінен шығып жүр. Өз қызметтерін бастағандарына бес айдай уақыт өтсе де, олар өз парақшаларына 25 мыңнан астам оқырман жинап үлгерді. команда мүшесі Еркебұлан Серікқалиев блог-құрылтайға арнап бейне-постты түсіру идеясы аз ғана уақытта туындағанын айтады.
— Командамен жиналып, ерекше «вайн» жасау үшін не істеу керек екендігін талқыладық. Ең бастысы – бейне-пост есте қаларлықтай болуы тиіс. Блогерлер форумы өзімізде өтіп жатқандықтан, көп адамды қамтуға тырыстық. Сөйтіп, флеш-моб стилінде түсірілім жасау ойға келді. Екі операторымыздың көмегімен сәтті бейне түсірілді, — дейді ол.
«Инстаграмда» – мұнайлы шаһар
Байқаудың үшінші номинациясы – «Үздік инста-пост» еді. «Инстаграм» желісіндегі бетшесінде мұнайлы шаһардан алған әсерлерімен бөліскен блогер-қонақтар да байқауды ұйымдастырушылар тарапынан ескерусіз қалмады.
Бұл номинация бойынша бас жүлде қызылордалық Исабек Жұбанышқа бұйырды. Ол Жеңіс саябағын, Мәңгілік алауды объективке алып, «Ел есінде әрқашан ер есімі қалуы тиіс» деген жазба қалдырған. Сурет терең мазмұндылығымен өзіне еріксіз тартады. Ал, ІІ орынды оралдық әріптесіміз Нұрлыбек Рахманов еншіледі. Ол блогерлер құрылтайында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атыраулықтардың ерекше қасиеті туралы айтқан сөзіне орай әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Посттың мазмұнын суреттері аша түсіпті.
«Блог-құрылтайда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Атыраулықтар «бетің бар, жүзің бар» демей, ойлағанын тіке айтады. Сондықтан жұмыс жасау жеңіл» деді.
Атыраудың жігіттері тік мінезді болса, қыздары да өжет келеді. Батыр Хиуаз Доспанова мен ақын Фариза Оңғарсынованың ер мінезділігі сіңлілерінен байқалады, — делінген жазбада. Әсіресе, бүркітші қыздың бейнесі (cуретте, — автор.) «достарының» арасында жоғары бағаланды.
— Атырау – өндірісті қала. Менің ойымша, қазіргі Атыраудың Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғандағы ерекшелігі – тазалығы мен тақтайдай тегіс жолдары, қарқынды құрылыстары. Шаһарға кіріп келгеннен-ақ қаржының мол бөлінетіні сезіледі. Ғимараттарының сәулеті ерекше. Сырт көзге бірден байқалады.
Мұнда бәрі мұнайға қатысты екен. Тіпті логотиптерде де мұнайды бейнелейді. Қызмет көрсету әлдеқайда жақсы дамыған. Себебі, шетелдіктер бұл өңірге өткен ғасырда келді.
Атырау мен Оралдың арасы тым қашық болмаса да, табиғаты жағынан мүлдем бөлек. Оралда қар әлі жатыр. Мұнда қардың кеткеніне екі ай болған. Халқы да өзгеше. Өзге өңірде Атырау жайлы әңгіме еткенде мұнай, балық, маса, балшықты қоса айтады. Иә, елімізде алғаш мұнайды осы өңірде өндіре бастаған. Әлі де мұнай өндірісінің көп бөлігі – Атыраудың еншісінде. Сондай-ақ, кезінде Атырау бекіресімен, уылдырығымен даңқты болған. Бірақ, қазір олардың дәмін татып көрмеген атыраулықтар бар екені шындық. Ал, масасына келсек, олар бұл жақта жалғыз-жарым жүрмейді. Жері балшық екені көп айтылады. Бұрынғы теңіздің табаны болғандықтан, балшық болмай қайтеді?..
Ал, Атырауда ағаш жоқтығы «миф» екен. Қалада он саябақ бар. Жалпы Атырау – алғаш рет көрген кез келген адамға таңсық, қызық, өзіндік ерекшелігі бар қала, — деп, оралдық журналист, блогер Нұрлыбек Рахманов қаламыз жайлы оң пікірімен бөлісті.
Аталымның үшінші орын жүлдесін қарағандылық Мұрат Тұрсынбай иемденді. Ол да өз жазбасында Атыраудың өзге қалалардан ерекшелігі, мұндағы тұрғындардың бойына сіңген тамаша қасиеттерін жік-жікке бөліп айтқан.
«Мен көрген Атырау өзгеше болды. Мен көрген Атырау – айрандай ұйысқан, айтқан сөздері бір жерде тоғысатын жұрттың мекені. Мен көрген Атырау – Исатай мен Махамбеттің бозторғай жұмыртқалайтын жерді армандаған тыныштықтың көрінісі. Мен көрген Атырау – тарихы мен салтын, діні мен ділін көздің қарашығындай сақтайтын, қаймағы бұзылмаған елдің ортасы. Мен көрген Атырау – басшысын тыңдайтын, оңы мен солын саралап жүретін жастардың ұйымшылдығы. Мен көрген Атырау – еліне жаны ашитын, тепсе темір үзер адуынды ел ағаларының мекені. Жалпы, Атыраудан көрген, білгенім көп. Сарайшық қаласының тарихи орнын, музейін, жеті ханның сүйегі жерленген жерін көрдім. Махамбет ауданы жастарының ұйымшылдығын, қонағын құрметтеп, аталары Махамбеттей ер мінезділіктерін көрдім. Бизнеске мығым, ешкісін баптап, сүті мен қаймағын еліне берер Сарайшық сүт өнімдері зауытын көрдім.
Жайығын ойлап, бекіресін көбейтіп, жоғалып бара жатқан балығымыз браконьерлердің қолында кетпейді деген үміті бар балық өсіретін кешенді көрдім. Мұнайын өңдеп, адам өмірін бәрінен алдыңғы орынға қоятын Атырау мұнай зауытын көрдім. Еуропа мен Азияны байланыстырып отырған тамаша салынған берік те бекем көпірді, балығын аулап ас қылып отырған балықшыларды, жалпы әдемі дамып келе жатқан Атырауды көрдім. Жан-жақтан әкелінген тамаша тарихи жәдігерлері бар, көне қола дәуірінен бастап қазіргі кезге дейін Атырау тарихын шертетін Атырау орталық музейін көрдім, — деп естелігін қалдырыпты.
P.S. «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұйымдастырған байқаудың жалпы жүлде қоры 260 000 теңгені құрап отыр. Алғашқы екі номинация бойынша «Үздік фоторепортаж» және «Үздік видео» ұсынған Асхат Шотаев пен Мырзабек Мырзахмет 50 000 теңгені ұтып алса, ІІ орынды еншілеген Ерхан Бақбергенұлы мен Маралбек Сағынғанов 30 000 теңгемен марапатталды. Ал, ІІІ орынды қанжығаларына байлаған Әділғазы Кереев пен «@oil_vine» командасына 20 000 теңге бұйырып отыр. «Үздік инста-постымен» дараланған Исабек Жұбанышқа 30 000 теңге қаржылай сыйақы табысталса, Нұрлыбек Рахманов – 20 000, Мұрат Тұрсынбай 10 000 теңгені жеңіп алды. Марапат иелерін құттықтаймыз!
Айгүл Ертілеу