Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мен – ақсұңқар құстың сойы едім…

Аtr.kz/28 мамыр, 2019 жыл. Қараойға барып қайттық. Қараойдың қара жазығы әдетінше алабөтен сарынға елтіп тұр екен… Байырғы сарын… Таң азаннан сәл тыныстап, түске таман ашуына мінетін тентек, қырсық мінезінен әлі танбапты.

Жаз басталмай жатып, күн қағып сарғая бастаған селеуі мен жусаны әлдебір зар күйін шертіп тұрғандай. Дендердің қыраты мен ойы дамылсыз алмасып, діңкеңді қатыратын қара жолымен осылай қарай сапар шеккенде, кеудеңді алапат сағыныш, әлде толғаныс билейді. Сол мазасыз хәлің айдалада дулығадай шаншылған батыр мазарын көргенде тіпті үдейді. Т.Әлімқұловтың әңгімесінде «Баяғыда Батый хан қалың әскерімен қарт Дендердің үстінен жостырып өткенде, осы Қараойдағы елді көрмей қалыпты» дегенге ұқсас жолдар бар. Рас шығар. Қыр үстіндегі адамға Қараой оңайлықпен байқатпайды. Бұл жердің жан баспаған шөбі де біразға дейін жасыл бояуын жоғалтпай, көкорай боп тұрғаны. Әйтпесе, қыр сарғайып кеткелі қашан…

Т ы л с ы м д ү н и е н і ң заңдылығына сенсек, қасиетті Жер-ана арада қанша заман өтсе де, уақыттың табын сақтайды екен. Сол мекенде аққан қан да, төккен жас та, шыңғырған үн де Жер-ананың көзінде, құлағында қалып қояды деседі. Рас шығар… Қараой осыдан жүз жетпіс үш жыл бұрынғы қанды қылмыстың ауыр салмағын әлі арқалап тұрғандай көрінеді. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Бұл далаға сөйлеу үшін емес, тыңдау үшін келу керек екен» деген сөз бар еді. Шынында, үнемі мазасыз жел тілінде сөйлеп тұрған мынау Қараой «Мен көрдім, бәрін көрдім, бәріне көндім» деп бебеу қағады. Махамбет!.. Махамбет!.. Білмеймін, жел ме, сел ме?.. Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме?..

Ә д і л е т с і з д ү н и е н і ң қабырғасын Махамбетше сөгер жан кездесер ме? — деп Фариза жырлағандай, ақынның өзі батыр, батырының өзі ақын біздің топырақтың арманда кеткен ерлерінің рухы әлі сөйлеп тұрғандай. Батыр мазарының басында Махамбет поэзиясы күндері сонау 1983 жылдан бері өтіп келеді. Осынау отыз бес жылға жуық уақыт ішінде қазақтың қасіретті киесі сіңген қастерлі мекенге кімдер ат басын бұрмады десеңізші… Көгөрім жастан сұңғыла кеуде абызына дейін қазақтың жақсысы мен жайсаңының тірлігінде азаптан өзге татпаған тәкаппар ақынның басына тәу етпегені жоқ.

IMG 4710

Лирикалық шегініс Махамбет туралы қаншама жыр-дастандар жазылды. Фильмдер түсірілді. Солардың ішінде шоқтығы биігі қазақтың Нұрғисасының «Махамбет» поэмасы еді. Қазақтың сойы бөлек тентек дарыны Нұрғиса Тілендиев – өз кезеңінде Махамбетпен «ауырған» адуын таланттардың бірі де бірегейі. «Махамбет» күйін тыңдағанда осынау жауырыны жалпақ даланың бүкіл өткені мен кеткені көз алдыңнан құйындатып өтпей ме?.. Өкініштен өртеніп кеткен өңшең ер көз алдыңда өзгеше тұлғамен өре түрегелмей ме?.. Анау қырдың артынан әлдебір қуатты сарын әне-міне таптап кетердей көтерілмей ме?.. Осыншама құдіретті туғызған Нұрғиса күйші 1986 жылы сәуір айында өзінің төл перзенті «Отырар сазы» оркестрін алып кеп, «Махамбетті» ойнаған екен. Сол кезде қайран дарынның көзінен жас парлап тұрды деседі. Сол сарын ұлы даланың рухын оятты. Бұл – аңыз емес, ақиқат, оны көрген дендерліктер әлі күнге дейін жыр ғып айтады.

Биыл да сол үрдіс өз жалғасын тапты. Қайран ерге тоқсан күннен астам мекен болған жазыққа ақ шаңқан үй тігілді. Ел ағылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалы және Индер ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Махамбет поэзиясы күніне алысжақыннан руханият өкілдері қатынасты. Олардың қатарында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаев, ақын, ҚР Жазушылар Одағы
басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, жазушы Марат Мәжитов, күйшікомпозитор Шәміл Әбілтаевтар болды. Биылғы Махамбет поэзиясы күндерінің бір ерекшелігі екі бірдей академиялық өнер ұжымының Қараой жазығын дүбірге бөлеуі еді.

IMG 4712
IMG 4728 1

Аруақты батырдың атын иеленген Махамбет атындағы академиялық драма театр актерлері дайындаған композициялық қойылымның(қойылым авторы Қ.Жылқышиев, режиссері Ж.Телтаев) өзегінде замананың ащы зары жатты. Махамбет саңқылдады. Исатай кәрленді. Жәңгір айбат шекті. Кәсіби актерлердің қуатты үнмен оқыған Махамбет жырларының екпіні Қараойдың қара дауылына үн қосып қоя берді. Аспан мен жердің арасында, фәни мен бақидың арасында әлдебір құдіретті симфония ойнап жатқандай алмағайып күй кештік. Қойылымнан соң Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлтаспаптар оркестрі Махамбеттің күйлерін орындады. Белгілі әнші, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Ықыластың ұрпағы, кәсіби қобызшы Ақнар Шәріпбаевалардың өнеріне жиылған жұрт дүркірей қол соқты.

«Махамбет – ұлттық тұлға, оның батырлығын, ақындығын, күйшілігін, азаттық жолындағы күрескерлігін болашақтың санасына сіңетіндей кеңірек дәріптеу керек!» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөздері батырдың ЮНЕСКО көлемінде тойланған 200 жылдық мерейтойында руханият өкілдеріне, барша қазаққа үлкен міндет жүктеген еді. Махамбет поэзиясы күндерін ашқан аудан әкімі Мейірім Қалауи өз сөзін «Махамбет жырлары – батырлық поэзиясының тұтас галереясы. Өзінен бұрын өткен бабалардың күрескерлік жалынын алаулатқан, қастерлі де қасиетті есім. Кешегі кеңестік кезеңде Исатай-Махамбет көтерілісі тек саясат үшін ғана қолданылып, оның шығармашылығын зерттеу, зерделеу жұмыстары кенже қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айрықша қолға алынды» деп сабақтады. Махамбет есімін мәңгілендіру, келер ұрпаққа туын жықпай аманат ету бүгінгінің парызы екендігіне тоқталып өтті.

IMG 4722

Сондай-ақ, Махамбет поэзиясы күндері аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген, үш күнге созылған «Елдік пен ерліктің өшпес рухы – Махамбет» атты облыстық суретшілер симпозиумы Қараой жазығында қорытындыланды. Махамбет пен Малайсарының бейнесін сан әдіспен, алуан бояумен кескіндеген суретшілердің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Махамбеттің өзі жырлаған «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бүйткен бұл іске» деген жолдар бар еді ғой… Сол айтпақшы, арыстандай аһ ұрып өткен қайран ерлердің арманын жалғайтын, азаттығын ардақ тұтатын жасампаз ұрпақ керек біздің елге. Сол келешегіңнің кеудесіндегі отын өшірмейтін жалғыз қуат – бабалардың ерлік дастаны. Жыл сайын Қараой жазығында өтетін Махамбет поэзиясы күндерінің маңызы да сонда жатыр. Махамбет жырлары сонымен өміршең… Жалғыз Отан – Қазақстан. Жалғыз қымбатың – Тәуелсіздігің. Болашағың осы киелерге тәу етсе, Исатайлар мен Махамбеттердің ұлы арманының орындалғаны да…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, Махамбет сыйлығының лауреаты.

Суреттерді түсірген:

Мұратбек ЖАҢАБАЙ.

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары:

– Махамбет поэзиясын оқыған кезде, әрбір өлеңі шедевр, әрбір өлеңінен ерекше әсер аласыз. Махамбеттің данышпандығы, ұлылығы сонда – оның бір өлеңін уақыт сала қайыра оқысаңыз, отты жырлары басқаша бір ой береді, басқаша түрленеді, басқа сезімге жетектейді, үлкен парасатбиіктерге ұмсындырады. Кереметтей рух береді.

IMG 4715
IMG 4735

Марат МӘЖИТОВ, жазушы:

– Махамбет жыры адамға рух береді, адамға күш береді. Адамның мақсаты мен мұратын болжауына, ер намысын таптамай қанжығасына байлауына күш береді. Махамбет Алла Тағаланың әдейі аспаннан жіберген дүлдүлі іспеттес. Жаратылысты, өткен-кеткенді шолып, тебіреніп отырған ұлы Мұхтар: «жаугершілік заманда XV-XVIII-ші ғасырларда Махамбет жырларынан озық, Махамбет үнінен, кескінінен озық жыр таба алмайсың. Бұл – Жаратушының бізге берген сыйы» деген сөз айтып еді. Шынында да, ол – исі қазақтың шаршап-шалдыққанда, көңілі ортайғанда оқып күш-жігер алатын рухы.

IMG 4728

Өтеген ОРАЛБАЙ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

− Қазіргі кезде, тәуелсіздік тағдырында Махамбет бізге аса қажет. Өйткені, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген кезеңде өзімізді өзіміз тану үшін, өзгеге сес көрсету үшін, өзгеге өзіміздің кім екенімізді айту үшін біз Махамбетті алға қоямыз. Махамбетті жеңістің жалауы іспетті алдымызға ұстаймыз. Оның ақындығы мен күйшілігі, батырлығы мен сазгерлігі, ақылмандығы және шешендік қара сөздерге келгенде қамшы салдырмайтындығы, осының барлығы Махамбетті берген Атырау топырағының қасиетінен деп есептейміз.

IMG 4717

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button