Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекеттің негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы  – еліміздің конституциялық саясатының негізгі көрінісі. Конституциялық және жай заңдар, заңға тәуелді актілер қабылданғанда, сондай-ақ құқық қолдану практикасы қалыптастырылғанда басты негіз ретінде Конституцияға жүгініледі. Ата Заң – мемлекеттің дамуын үнемі жетіліп отыратын тірек құжат.

Билік тармақтарының жаңғыруы

Құқықтық саясаттың басты бастауы – Конституция. Сондықтан оның әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет. Бұл саясатты өмірге енгізудің қозғаушы күші орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нақты ұйымдастырушылық қызметі.

Құқықтық мемлекеттің түпкі мақсаты заңдарды бұлжытпай орындауда ғана емес. Ол заңдардың мазмұны мен олардың адамдар өмірін жақсартуға бағытталуында, құқықтық табиғатына сәйкестігінде жатыр. Неміс философы Гегель айтқандай: «Жақсы заңдар елдің көркеюіне апарады. Ал жекеменшікке бостандық елдің өмір сүруіне негізгі жағдай туғызады».

Конституция бойынша Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бұл дегеніміз, адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары әлеуметтік құндылық болып табылады. Мемлекеттік органдар оларды қамтамасыз етуге және сақтауға міндетті.

Егемендігін алғаннан бастап, Қазақстан құқықтық мемлекет құруға ұмтылды. Бұл – еліміздің Ата Заңында нақты белгіленген. Алайда алғашқы кезде Қазақстанды толыққанды құқықтық мемлекет деп атауға негіз болмады. Өйткені құқықтық мемлекет – тарихи дамудың ұзақ процесі. Ол үшін ең бастысы, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігі, билікті бөлу принциптерін жүзеге асыру қажет.

Құқықтық мемлекет азаматтардың еркіндігін қорғай отырып, мемлекеттік билікті халық еркіне бағындырумен ерекшеленеді. Мұнда заңдар – халық еркін білдіреді, ал тұрғындар – заңның баршаға ортақ екендігін ұғына білуі тиіс.

1995 жылғы Конституция негізінде жаңа конституциялық құқық жүйесі қалыптасты. Президенттік басқару нысаны орнықты. 30 жыл ішінде Ата Заң бірнеше мәрте өзгеріске ұшырап, бүгінде 99 баптан тұратын өзекті әрі маңызды құжат ретінде жаңа Қазақстанның тірегі болып отыр.

Биліктің үш тармаққа бөлінуі жүзеге асты. Қос палаталы Парламент тұрақты түрде жұмыс істеуде. Атқарушы билік нығайып, жетілдірілді. Сот жүйесі құрылып, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Бүкілхалықтық референдум арқылы Конституциялық сот өз жұмысын бастады.

Азаматтық қоғам, жекеменшік, кәсіпкерлік қатынастарды реттейтін азаматтық құқық дамып келеді. Қылмыстық құқықта адамның табиғи, ажырамас құқықтарын қорғауға басымдық берілуде. Азаматтық және қылмыстық іс жүргізу заңнамалары әлемдік стандарттарға жақындап отыр. Соттар мен құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру – реформаның маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Қоғам өмірінің барлық саласында – саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық бағыттарда Конституция басшылыққа алынуы тиіс. Оның құқықтық нормалары мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізін құрайды және оны жетілдіру үздіксіз жалғасып келеді.

Құқықтық саясаттың болашағы

Қазіргі кезеңде еліміздегі құқықтық жүйе жазалау мен қуғындауға емес, құқық қорғау мен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл бағытта жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, қолданылып жатқан заңдар кезең-кезеңімен жетілдірілуде.

Қоғамда Конституцияға негізделген құқықтық жүйені дамыту қажеттігі жөніндегі түсінік орнықты. Конституция құқықтық нормалардың жиынтығы ғана емес, оның идеялары мен принциптері де маңызды. Олар елдегі демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекетті дамытуға бағытталған заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – бүкіл құқықтық  салалардың бастауы. Онда халықтың мемлекеттік еркі, демократиялық мемлекет құруға және әлемдік қауымдастыққа тең құқықты мүше болуға деген ұмтылысы көрініс тапқан.

Конституция – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның негізгі заңы. Ол құқықтың басқа қайнар көздерінен заңдарды қабылдау мен өзгерту тәртібінің ерекшелігімен де дараланады. Бұл – Конституцияның тұрақтылығын және оның қоғам өміріндегі шешуші ролін көрсетеді.

Конституциялық заңдар – мемлекеттік маңызы бар құқықтық нормаларды айқындайтын басты қайнар көз. Олар Конституцияға өзгерістер енгізбейді, тек оның нормаларын нақтылайды.

Президент бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамалары да осы бағытты қолдайды. 2021 жылғы 15 қазанда қабылданған тұжырымдамада «Конституцияның құқықтық идеялары демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет институттарын орнықтыруға бағытталуы тиіс» делінген. 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамада бұл бағыт жалғасын тапты.

Қолданыстағы Конституцияның әлеуеті әлі сарқылған жоқ. Ол еліміздің ұзақ мерзімді қажеттіліктері мен тарихи даму ерекшеліктерін ескереді. Ата Заң негізінде ұлттық заңнама қалыптасып, қоғам мен мемлекеттік институттар дамып келеді.

Конституциялық нормалардың іс жүзінде бірізді қолданылуын қамтамасыз ету басты міндет. Конституциялық бақылау органдары, соның ішінде Конституциялық сот бұл процесте маңызды роль атқарады. Олардың шешімдері заңнамалық реттеу жолдарын көрсетіп, жаңа құқықтық өлшемдерді қалыптастырады.

Қорытындылай келе, «Конституция» мен «конституциялық саясат» ұғымдары қоғам мен мемлекет санасына орнығып, жылдан-жылға нығайып келеді. Ендігі міндет – бұл ұғымдарды түсініп қана қоймай, нақты іс-қимылда басшылыққа алу. Президент бірнеше рет атап өткендей, мемлекет пен қоғам, барлық азаматтар бірлесе еңбек еткенде ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады.

Бэлла ТӘЖІҒАРИНА,

заң ғылымдарының магистрі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button