Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бизнеске не береді?

әлеумет Жаңалықтар

Мұнайлы өлкеде балабақша және көшені жарықтандыру мәселелері енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешімін таппақ. Оның үстіне, Еуропа елдерінде әуелден-ақ қолданысқа енген тиімді тәсілдің заңдылықтарына өзгеріс енгізіліп, құжаттар қарау мерзімі айтарлықтай қысқарған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен семинар барысында фронт кеңсесінің тете-президенті Айдос Көбетов толығырақ түсіндіріп берді.

әлеумет

– Елбасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әдісін дамыта түсуге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Оның маңыздылығы сол, мемлекет  тарапынан қаражат шығармай-ақ, бизнестің көмегімен көптеген жобалар жүзеге асырылады. Кейін инвестор қаражаты бірнеше жылда кері қайтарылады, сенімді басқаруға беріледі. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі болғандықтан, селекторлық режимдегі семинарға онлайн түрде барлық аудан қатысып отыр. Атырау облысында 20 балабақша құрылысы осы тәсілмен іске аспақ. Сондай-ақ, көшені жарықтандыруға қатысты кәсіпкер ұсыныс жолдады. Өткен жылы кәріз тазалау жүйесін салу бойынша кәсіпкер негізгі жұмыстарды бастады. Біз онымен шартқа отырдық,- деді жиынды ашқан аймақ басшысының  бірінші  орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.

Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бірнеше сатыдан өтеді. Алдымен, сайтқа қажет жобалар жөнінде ақпарат шығарылады. Сонан соң кәсіпкерлерден түскен ұсыныстар қаралады. Кейін ол бойынша байқау ұйымдастырылады. Күні бүгінде конкурс өткізудің төрт әдісі бар,- деген фронт кеңсесінің тете-президенті Айдос Көбетов құжаттар қарау мерзімі айтарлықтай қысқарғанын атап айтты. Мәселен, бұрын бизнес иесінен бастама түскен сәттен бастап жобаның жүзеге асу кезіне дейін 9-14 ай уақыт жұмсалса, қазір 4 айда-ақ идеяны ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік туды. Конкурс барысында да бірқатар функциялар алынып тасталған.

– Заңдылықтарға толықтырулар мен өзгерістер енгізе отырып, ең бастысы, құжаттар қарауды үш есеге дейін қысқарттық. Сонымен қатар, ведомоствоаралық жоба тобына жаңа міндеттер жүктелді. Енді кейбір сараптаманы банктер де жүргізе алады, – деді Айдос Оралханұлы. Оның  пікірінше,  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтарда 335 жоба жүзеге асқан, оның ішінде 23-і республика көлемінде қолға алынған. Былтыр Ақтөбеде – 7, Петропавлда – 3, Ақмола облысында  2 жоба іске асырылды.

Сала маманының сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы орган мен кәсіпкер арасында келісім-шартқа отыру да, оған қаражат тартудың өзі де оңай шаруа емес. Мысалы, Алматыда ауыл шаруашылығы саласында лизингке техника алуға шарт жасалған. 2015  жылмен салыстырғанда,  қызылшадан қант алу көрсеткіші екі есеге артқан.

– Әрине, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте тәуекел бар. Сондықтан,  бизнес иесі қандай ма бір жобамен жұмыс жасаған кезде оны сапалы атқаруға тырысады. Оған жергілікті екінші деңгейлі банктер де қызығушылық танытуы тиіс. Мұнайлы өңірде кәсіпкерлер палатасы, «Атырау Innovations» ЖШС, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» табысты қызмет етуде. Біздіңше, мұнда да осы тәсілмен жұмыс жасауға мүмкіндік мол. Шын мәнінде, әдіс бюджетті жеңілдетуге оң ықпалын тигізбек,-деді А.Көбетов.

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз