Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшалары бақыланады
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымен қоса, жариялаған жазбалары, тіпті жүктеген фото, бейнежазбаларына дейін бақылауға алынып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдан бері жүргізілуде. «Бүгінде агенттік тарапынан арнайы тапсырма берілді. Осы мәселе бойынша айналысатын мамандар бар. Және қызметшілердің әлеуметтік желілерде әдеп нормаларын сақтау мәселесін қадағалау тұрақты жүргізіліп, тоқсан сайынғы мәлімет Агенттікке жолданады. Мониторинг кезінде нақты негативті фактілер анықталған жағдайда, шаралар алынады. Мысалға, мен әлеуметтік желіде адами моральдық құндылықтарға, қоғамдық тәртіпке жат сурет жүктесем немесе кереғар бағыттағы посттар жарияласам, әрине мұндай әрекет мемлекеттік қызмет саласына деген жағымсыз пікір туғызады» деген департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, өткен жылдың қазан айында Махамбет ауданы әкімінің орынбасарына қатысты қаралған мәселені еске салды. «Әлеуметтік желілердің көмегімен аталған тұлғаның лауазымдық міндетін атқару кезінде, қызметтік этика нормасын бұзғандығы анықталды. Сәйкесінше, факт зерделеніп, мәселе Әдеп кеңесінде қаралды. Нәтижесінде лауазымды тұлға тиісті жазасын алған болатын» деп атап өтті спикер Тоқтамыс Жұмағұлов.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Фото: nifigasebe.net сайтынан.