Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекеттік тілді меңгерген жас сарбаздың өнегесі

Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір жастың азаматтық парызы. Әскер қатарында қызмет ету – тек шынығу мен тәртіп мектебі ғана емес, рухани тұрғыда да үлкен сабақ. Соның жарқын дәлелі – Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Руслан Логвин.

Орал қаласының тумасы, ұлты – орыс. Алайда Русланның жүрегіне жастайынан жақын болған қазақ тілі бүгінде оның күнделікті қарым-қатынасының негізгі құралына айналған. Әскери ортадағы сенімді достық пен бауырластық қарым-қатынас оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне жол ашқан.

– «Әскерге келген соң қазақ тілінде сөйлеуден жасқанбайтын болдым. Жолдастарым әрқашан қолдау көрсетіп, тілдік қорымды толықтыруға ықпал етті. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе әрі мақтаныш», – дейді Р.Логвин.

Әскер қатарындағы тәрбие – сарбазды тек шымыр да төзімді етіп қана қоймайды. Ол мәдениет пен тілге деген құрметті де қалыптастырады. Руслан бүгінде мемлекеттік тілді үйрету сабақтарына тұрақты қатысып, өз білімін одан әрі жетілдіруде.

Жас жауынгердің алдағы арман-мақсаты да айқын. Ол Ұлттық ұлан сапында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауына қатысып, бағын сынауды көздейді.

Әскердегі достық пен ынтымақ – көпұлтты Қазақстанның бірлігінің айнасы. Руслан Логвиннің қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы – мемлекеттік тілге деген құрметтің, қазақстандық патриотизмнің жарқын көрінісі.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button