Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының сақталуына қатысты талдау қорытындысы
Atr.kz/10 желтоқсан, 2019 жыл. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 32 бабында көзделген мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының сақталуына қатысты талдау жүргізді.
Мемлекеттік қызметшілердің икемді жұмыс уақытын пайдалануы бойынша:
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңына сәйкес, Атырау қаласы әкімі аппаратының (бұдан әрі — Аппарат) мәліметіне сәйкес, Аппарат және дербес бөлімдер бойынша 8 (сегіз) қызметкер өздерінің жұмыс атқару бағытына қарай және жанұялық жағдайларына байланысты, икемді жұмыс уақыты режимін пайдалануда.
Сонымен қатар, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыс уақытын икемді және тиімді пайдалану мақсатында басқарманың 1 (бір) мемлекеттік қызметшісі тарапынан икемді жұмыс уақытына негіздемеге сәйкес өтініш түсіп, икемді жұмыс уақыты бекітілген.
Бұл ретте, қызметкерлердің икемді жұмыс уақыты режимін пайдалануы олардың жеке тұрмыстық жағдайларына оң әсерін тигізгендігін жеткізді.
Сонымен қатар, Департаментпен Атырау облысындағы жергілікті және орталық атқарушы органдарда икемді жұмыс уақытын енгізу мәселесін қарастыру бойынша сауалнама жүргізілген болатын.
Аталған сауалнамаға 2504 мемлекеттік қызметші қатысып, оның ішінде 57% пайызы қолданыстағы жұмыс регламентіне қарсы еместігін білдірген.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі – Департамент) мәліметіне сәйкес, жұмыс уақытын тиімді пайдалану және Департаменттің моральдық ахуалына жақсы әсер ететін жұмыстың нақты нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында Департамент қызметкерлерінің пікірін ескере отырып, жұмыс уақытының регламенті өзгертілген.
Жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшілерге демалыс күндері (сағаттары) берілуі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленуі бойынша
Атырау облысы бойынша ағымдағы жылдың қазан, қараша айларына жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшілерге жалпы 712 578 тг. (жергілікті атқарушы органдар: 434 782 тг., орталық атқарушы органдар: 277 796 тг.) өтемақы төленіп, 1564 сағат (жергілікті атқарушы органдар: 1156 сағ. Орталық атқарушы органдар: 408 сағ.) берілгені анықталды.
Бұл ретте, ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 32 бабында көрсетілген талаптар Атырау облысының мемлекеттік органдардың тарапынан тиісті деңгейде атқарылып келетіндігі белгілі болды.
Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдар саны бойынша
Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарда ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 1733 бірлік, ал нақты саны – 1596, бос лауазымдар саны – 137.
Талдау көрсеткендей, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ақпараты бойынша өңірлік бөліністе ең жоғары номиналды еңбекақы Атырау облысында — 325,0 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,7 есе артық болып отыр.
Яғни, Атырау облысындағы ірі өндірістік мекемелердің орналасуы, қызметкерлерді жоғары әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге (тұрғын үймен қамту, үй жағдайына байланысты бір жолғы әлеуметтік көтерме ақша, санаторий – курорттық жолдама т.б) жағдайлар жасалуы, мемлекеттік органдарға қызметке келуге қызығушылықты азайтып, Атырау облысындағы мемлекеттік органдардағы бос лауазымдар санының көбеюіне әкелуде.
Осылайша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметте кадрлық тұрақтылық сақталуына кері әсер етеді.
Дегенмен, Департаментпен жастарды мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ашық есік күні өткізіліп, жоғары оқу орындарының студенттеріне мемлекеттік қызмет туралы ақпараттар кеңінен берілуде.
Сонымен қатар, аудан аймақтарында мемлекеттік органдарда бос лауазымдарды толықтыру мақсатында «Мен мемлекеттік қызметті таңдаймын» тақырыбында бос орындар жәрмеңкісі өткізіліп тұрады.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметке тарту бағытында облыстық газеттерде тиісті мақалалар жарияланып, Атырау облысы бойынша ашық деректер интернет-порталына орналастыру үшін әкімдіктің бос орындары туралы мәліметтер жолданып отырады.
Қорытындылай келе, Департаментпен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының сақталуына қатысты зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да тиісті түрде жалғасатын болады.