Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет: Жаңа жүйенің жаңашылдықтары

«Жақсы бастама жарты істің шешімі» деген сөз бар. Осы ұстаныммен Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев БАҚ және қоғам белсенділерімен өткізген кездесуде еліміздегі мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіне енгізілген жаңашылдықтарды таныстырды. Бұл өзгерістер тек мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайтуға бағытталған.


–Жаңа жүйе мемлекеттік қызметке деген сұранысты арттырып, жұмыс үрдісін тиімді әрі ашық етуде. Облыста мемлекеттік қызметкерлер саны 2995 адамды құрайды, бірақ нақты қызметкерлердің саны 2776 болып отыр. Қазіргі таңда облыста 254 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдардың саны артқаны байқалады, себебі ел дамыған сайын мемлекеттік басқару жүйесіне де жаңалықтар енгізіліп, жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған шаралар күшейтілуде, — деді Нұрлан Тәңірбердіұлы.

Жаңартылған іріктеу жүйесінің басты ерекшелігі үміткерлердің кез келген жерде, ғаламтор арқылы конкурстарға қатыса алу мүмкіндігінде екен. Барлық үдерістер толықтай автоматтандырылған. Заңнама саны 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Адами факторлар барынша азайды. «Тəуелсіз прокторинг» жүйесі енгізілді.

Іріктеу жүйесінің үш кезеңі
Бұл ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және іріктеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қабылдану бұрынғыдан да ашық, әділ және қолжетімді болатыны сөзсіз.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі үш негізгі кезеңнен тұрады:
1.Жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу. Бұл кезеңде үміткердің тұлғалық ерекшеліктері мен психологиялық бейімділігі тексеріледі. Мұнда әрбір қызметкердің жеке қасиеттеріне ерекше мән берудің маңызды екенін аңғартса керек. Әрбір мемлекеттік қызметкердің өзіне тән адами қасиеттері оның жұмысқа деген жауапкершілігін айқындайды.
2.Мәтінмен және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңде үміткердің ақпараттық дағдылары мен оны өңдеу қабілеті сыналады. Ал қазірде ақпараттық технологиялардың дамыған заманда бұл дағдылар мемлекеттік қызметкер үшін аса маңызды. Әрине білім мен ақпаратты дұрыс пайдалану кез келген мемлекеттік қызметкер үшін басты талап болып отыр.
3.Әңгімелесу (сұхбат). Үміткердің кәсіби деңгейі мен қызметке деген дайындық деңгейі осы кезеңде бағаланады. Мұнда үміткердің нақты ойлауы, шешім қабылдай алу қабілеті тексеріледі.
Бұл үш кезеңнің әрқайсысы үміткердің мемлекеттік қызметке деген дайындық деңгейін толық көрсетуге мүмкіндік береді.

Электрондық жүйе: Ашықтық пен қолжетімділік
Үміткерлердің тіркелуі мен құжаттарын тапсыруы толығымен электрондық жүйе арқылы жүзеге асуы жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі екен. Қазірде үміткерлер eqyzmet.gov.kz порталына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарын жүктейді. Бұл үрдіс мемлекеттік қызметке үміткерлер үшін барынша ыңғайлы әрі тиімді болып табылады.

Ашықтық, сенімділік пен әділдікті тек сол қызметке өтуші адам ғана емес, қоғам да сезінуі қажет. Жаңа жүйенің енгізілуімен, облыстағы 78 бос орынға 488 үміткер қатысып, 71 адам мемлекеттік қызметке тағайындалды. Бос лауазымға үміткерлердің көп келуі бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұрын бір бос орынға орташа есеппен 1-1,5 адам ғана үміттенсе, қазір бір лауазымға 6,3 үміткерден келеді. Бұл, өз кезегінде, жаңа жүйенің тиімділігін әрі оған деген қызығушылықтың артуын көрсетеді.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді аудандық және ауылдық округтердегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі енгізілді. Бұл әдіс жастарға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мүмкіндігін беріп қана қоймай, ауыл-аймақтардағы кадр тапшылығын да шешуге көмектеседі.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі өңірдің дамуында маңызды рөл атқаратын болады. Бұл жүйе, бір жағынан, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, екінші жағынан, ел азаматтарының мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады. Иә, адал еңбек пен әділ қызмет әрқашан өз бағасын алады.
Қорыта келгенде, мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сапасы тек оның қызметкерлерінің білім деңгейіне, адалдығына және қызметке деген жанашырлығына байланысты. Әрбір үміткер осы жаңартылған жүйе арқылы өз кәсіби деңгейін шыңдап, жаңа мүмкіндіктерге жол аша алады. Ал ел үшін адал қызмет ету – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты парызы.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button