Мемлекеттік басқару академиясы модульдік бағдарламалар бойынша оқуға қабылдау жариялайды
1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға қабылдау науқанын бастады. Бұл туралы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде хабарлады.
Еркебұлан Серікұлының айтуынша, модульдік оқыту жүйесі қызметінен қол үзбей, кәсіби құзыреттерін арттырғысы келетін азаматтарға тиімді. Оқу 6 модульден тұрады және әр модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары ұсынылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын ыңғайлы кесте бойынша игеруге мүмкіндік береді.
«Конкурсқа мемлекеттік қызметшілер, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары және мәслихат депутаттары қатыса алады»,-деді Еркебұлан Ғабдығапаров. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс орнынан басшы қол қойған жолдама және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QRT немесе ҚАЗТЕСТ сертификатының болуы міндетті екенін атап өтті.
Еркебұлан Ғабдығапаровтың айтуынша, биыл модульдік бағдарламалар бойынша магистратураға түсушілер үшін оқуға қабылдау ережелеріне бірнеше өзгеріс енгізілген. Мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс беруші жұмыс кестесін Академияның академиялық күнтізбесіне сәйкестендіріп, жолдама беруі тиіс. Сонымен қатар, жұмыс берушінің офлайн сабақтарға қатысу үшін мемлекеттік қызметшіні жіберу міндеттемесі көрсетілген үшжақты келісімшарт қарастырылған. Оқудың құрылымы да өзгеріске ұшырап, модульдер саны 4-тен 6-ға дейін артты, бұл білім алушының Академияға офлайн оқуға келуін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Үміткерлер 1 жылдық екі бағдарлама бойынша білім ала алады:
- Executive MPA – Мемлекеттік басқару: басшылық лауазымда кемінде 2 жыл жұмыс өтілі бар азаматтарға арналған.
- Өңірлік даму – Master of Regional Development: жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл болуы тиіс.
Модульдік бағдарламалар бойынша қабылдау ережелері және қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпарат Академияның ресми сайтында https://www.apa.kz/ орналастырылған.
Кәсіби құзыреттіліктеріңізді жетілдіруге арналған мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!