Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру: жүйедегі өзгерістер туралы не білеміз?

200203140400666e Жаңалықтар

Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады. Сондықтан да біздің елімізде бұл қызметтің рөлі мен маңызы зор. Биылғы жылдың 1  қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. 

Азаматтарды осы өзгерістерден хабардар ету, соған байланысты олардың тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы тұрғындар үшін «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында өткізілген шараға атыраулықтар белсенділікпен қатысты. Олардың қойған сұрақтарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Айгерім Бекқалиева мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ АОФ жетекші маманы Жаннұр Шурағалиева жауап берді.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде ең төменгі жадақы мөлшерінің 70 мың теңгеге көтерілгені мәлім. Соған сәйкес, республикамызда әлеуметтік аударылымдардың ең төменгі мөлшеріне айына 2 450, ал ең жоғарысы 17 150 теңгені құрады. Нақтылай кетсек, осы кезеңде әлеуметтік төлемдердің екі түрі бойынша өзгерістер енгізіліп отыр.

Біріншісі, азаматтардың жұмысынан айырылуына байланысты төленетін төлем. Бұл жүйеге қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 ай мерзімге дейін тағайындалады. Айта кету керек, мұнда әлеуметтік төлемнің мөлшері жүйеге қатысушының немесе түрлі себептермен жұмысынан айырылып қалған азаматтың соңғы екі жылдағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысушы ретіндегі өтіліне және кірісті ауыстыру коэффицентіне қарай есептеледі. Мысалы, 2024 жылдан бастап кірісті ауыстыру коэффиценті 45 пайызға дейін артады. Сонда әлеуметтік төлем мөлшері орташа есеппен алғанда 13 пайызға өседі. Осылайша, біржолғы қайта есептеу автоматты түрде жүргізілгендіктен қазірдің өзінде облыс бойынша 3 136 алушыға төлем мөлшері осы жүйемен ұлғайтылған.

Екіншісі, бала күтіміне байланысты берілетін төлем. Жоғарыда айтылып кеткендей, әлеуметтік төлемнің бұл түрі де осы жылдың қаңтар айынан бастап сәби 1,5 жасқа толғанға дейінгі мерзімге тағайындалатын болды. Мұнда да алушыларға тиесілі төлем мерзімі мен мөлшері автоматты түрде ұзартылған. Бұлардың қатары сәйкесінше, 5 863 адамды құрап отыр.

ukeng 1

-Бұдан басқа, қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемнің екі түрі төленетін болып белгіленді. Оның алғашқысы, еңбекке қабілеттілігінен, соңғысы, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін төлем. Айта кету керек, мұның біріншісі азаматқа еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және кейін қызметін жалғастырғанына қарамастан төлене береді. Ал, екіншісі, төлем алушы тұлғанының асырауындағы адамдар 18 жасқа, яғни кәмелетке толғанға, одан әрі күндізгі нысанда жоғары оқу орнында білім алып жатқан отбасы мүшесі 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Сәйкесінше, осы санаттағы азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 8,5 пайызға көбейді. Сөйтіп, күні бүгінге еңбекке қабілеттілігігінен айырылуы себепті әлеуметтік төлем твағвйындалған 3 185 алушыға, сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 2 991 отбасына төлем көлемі ұлғайтылды. Сөйтіп, тек соңғы екі жылда жүргізілген әлеуметтік аударылымдар орташа есеппен алғанда отбасының айлық кірісінің 40 пайызын құрады, – деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің өкілі Айгерім Сағындыққызы.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай, мемдекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қатысушы азаматтардың тарапынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты туындаған сауалдарына оның өкілі Жаннұр Шурағалиева жауап қайтарып, кейбір мәселелер төңірегінде түсінік берді.

«Ашық есік» күнін қорытындылаған шараны ұйымдастырушылар құнды мәліметтерімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берген спикерлерге ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, әлі де болса азаматтардың әлеуметтік саладағы құқықтарының  қорғалуын, бұл жөнінен ақпараттандырылу деңгейін  жетілдіру қажеттігін, бұл күн тәртібінен түспейтін өте өзекті де маңызды мәселе болып қала беретінін алға тартты.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз